«Архив-2025» жобасын жүзеге асыру барысында ҚР Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының тарихшылардан құрылған арнайы тобы Ресей Федерациясының архив, кітапханаларына барып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Басты мақсат – мемлекеттің ұлттық архив қорын толтыру. Жобаны іске асыру үшін Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD докторы Ж.Болдықов пен орталықтың ғылыми қызметкерлері К.Пәрімбекова, Г.Бисенова, З.Дүкенбаева, Г.Өтепова, Н.Әбілдинов сақталған маңызды құжаттарды зерттеп-зерделеу жұмысына жірісті.
Зерттеушілер еліміздің тарихына қатысты жазба мұралар мен құнды құжаттар тапқан.
Атап айтқанда, Ресей мемлекеттік кітапханасының «Қолжазбалар қорында» араб, парсы тілінде жазылған ортағасырлық әдебиеттер анықталды. Картография бөлімінде де маңызды айтарлықтай материалдар бар. Кітапхананың Шығыс әдебиеті орталығында ел тарихына қатысты 47 мыңға жуық әдебиет сақталған. Ресей мемлекеттік тарихи-көпшілік кітапханасынан ХVII-ХХ-ғасырға тиесілі литографиялық және типографияда басылған көне кітаптар анықталды. Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінің қорын зерттеу барысында жер мәселесіне қатысты құжаттар, карталар мен бұйрықтар, басқа да маңызды құжаттар табылды. Ал Ресей Империясының Сыртқы саясат архивінде XVII-XIX ғасырда жазылған қазақ хандарының хаттары, жарлықтар, есептер, т.б әртүрлі құжаттар сақталған.
Анықталған деректер «Архив – 2025» бағдарламасы шеңберінде де, зерттеушілер үшін де аса құнды. Алдағы уақытта сол деректерді елімізге әкеліп, ғылыми айналымға енгізу жолдары қарастырылады.