
Алматы қаласындағы «Ғылым Ордасында» ҚР Орталық мемлекеттік архиві, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Ғылым Ордасы» РММ бірлесе отырып көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, автономиялы Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы, Кеңес дәуіріндегі қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан бірегей тұлға, қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтіру жолында және кеңестік билік органдарын жергіліктендіру жолында, 1921-1922 жылдардағы аштыққа қарсы күресті ұйымдастыруға, қазақ ағарту және ғылым салаларының негізін қалауға ерен еңбек сіңірген қайраткер Сейітқали Меңдешевтің 140 жылдық мерейтойына арналған «Сейітқали Меңдешев. Құжаттары мен материалдар жинағы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімін офлайн және онлайн түрінде аралас өткізді.
Іс-шараның мақсаты – Қазақ республикасының құрылуы мен қалыптасуына ерен еңбек сіңірген Сейітқали Меңдешевтің тарихи тұлғасы, оның қазақ халқына сіңірген қызметі арқылы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу, отандық тарихи тұлғатану ғылымына үлес қосу, өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеу, Алаш қайраткерлерін еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш ету.
С. Меңдешевтің 140 жылдық мерейтойына тамаша тарту болған жинақ ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, идея авторы С. Шілдебайдың ғылыми жетекшілігімен құрастырылған.
Іс-шара Тарих және этнология институты директорының орынбасары Ш. Тілеубаевтың кіріспе сөзімен ашылып, құрастырушы-автор С. Шілдебайдың кітап туралы баяндамасымен жалғасты.
Осы жинақ арқылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының архивтерінен анықталған С. Меңдешевтің құжаттары мен сөйлеген сөздері, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалары тұңғыш рет жиналып, ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Құрастырушы-автор С. Шілдебайдың ұзақ жылдарғы еңбегінің нәтижесі болған бұл жинаққа 93 тарихи құжат, С. Меңдешевтің 44 мақаласы мен 22 фотосы енгізіліп, фотодағы көптеген қайраткерлердің кім екендігі тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан анықталған. Ресей мен Қазақстан архивтерінен жиналған тарихи фотолардың 10-нан астамы бұрын-соңды белгісіз болып келген суреттер.
Алқалы жиынға Zoom арқылы қатысқан Ресей ғылым академиясын Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Д. Аманжолова жарық көрген кітаптың тарихи құндылығы өте жоғары деген баға берді.
Zoom платформасы арқылы Германиядан арнайы қатысқан белгілі тарихшы, Берлин еркін университеті Шығыс Еуропа институтының профессоры, PhD доктор Роберт Киндлер С.Шілдебайдың бұл еңбегі 20-30 жылдардағы тарихи процестер мен құбылыстарды тереңірек түсінуге игі ықпал ететінін жеткізді.
Сонымен қатар, кітапқа қатысты пікір білдірген «Арыс» қорының президенті, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Ғ. Әнес, ҚР ҰҒА академигі, белгілі Алаштанушы ғалым, профессор М. Қойгелдиев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Х. Тұрсұн, тарих ғылымдарының докторлары С. Смағұлова мен А. Ысқақ, тархшы-ғалым З. Төленовалар авторға шығармашылық табыс тіледі.
Сол сияқты С.Меңдешевтің аталас-туысы М. Мәмбетов пен тікелей ұрпағы А.Меңдешевтер де сөз сөйлеп, осы іс-шараны ұйымдастырушылар мен кітаптың құрастырушы-авторына өз алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, кітаптың тұсаукесеріне отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар, студенттер, магистранттар, докторанттар және БАҚ өкілдері, C.Меңдешевтің туыстары мен жерлестері, сондай-ақ, осы тақырыпқа қызығушылық танытқан азаматтар қатысты.