Архив саласының қызметкерлеріне біліктілік сертфикаты табысталды

Архив саласының қызметкерлеріне біліктілік сертфикаты табысталды

Бүгін, 9 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің базасында негізі қаланған біліктілікті арттыру орталығының алғашқы түлектеріне сертификат табыстау шарасы өтті.

Оқу курсы барысында тыңдаушыларға архив ісінің негізгі бағыттары бойынша видеопрезентация көрсетілді. Заманауи әдістер мен тәсілдерді қолдана отырып, жан-жақты оқыту жүргізілді.

Түлектерге сертификат тапсыру рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш арнайы қатысып, іс - шара соңында архив қызметкерлеріне біліктілік куәліктерін табыстады.

"Жаңадан ашылған біліктілікті арттыру орталығын жуырда ғана ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ашқан болатын. Содан бері, міне, алғашқы қарлығаштары болып, өздеріңіз алғашқы сертификатын алып отырсыздар. Шынын айтқан кезде бұл Тәуелсіздік жылдарында архив саласын дамыту бойынша ашылған алғашқы орталық деп айтуға болады. Болашақта бұл орталық үлкен оқу ордасына, үлкен академияға айналуы да мүмкін. Өйткені оны уақыт талап етіп отыр. Архив саласы жылдан жылға дамып, автоматизацияға бағыт алып бара жатыр", - деп атап өтті Қуат Қаһарманұлы.

Өз кезегінде курсқа қатысушылар да басшылыққа, дәріскерлерге алғысын айтып, қолға алған маңызды қызметтеріне сәттілік тіледі.

"Біліктілік арттыру курсының алғашқы легін өте сәтті аяқтадық. Барлық қатысушылар бұрыннан архив саласында қызмет етіп келе жатқан білікті мамандар. Сондықтан курс барысында пікірталастар да болды, тәжірибе алмасу да болды, архив ісін дамытуда қандай ұсыныстары бар, барлығын жаздық. Кейін бәрін жүйелеп, министрлікке ұсынатын боламыз", - деді ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Есімсейітқызы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, «Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді жоспардың шеңберінде 2021 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық архив базасында мемлекеттік және ведомстволық архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығы ашылған болатын.

Ең алғашқы дәрісті белгілі мемлекет қайраткері, құжаттанушы Мирболат Жақыпов оқыды. Содан бері архив саласының майталман мамандары орталық арқылы өз тәжірибелерімен бөлісіп, дәріс оқып, сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға үлес қосып келеді.
Оқу курстарының бағдарламасында құжатайналымы сұрақтары, ұлттық архив қорын толықтыру, сақтау және пайдалану мәселелері бойынша дәрістер оқумен қатар, практикалық, өзіндік жұмыстар және іскерлік ойындар өткізу көзделген. Курстар қазіргі заманның талабына сай жаңа тәсілдер мен әдістерді қолдана отырып, жаңа форматта өтеді.