Ақтоты Райымқұлова «Архившілер күні» кәсіби мерекесімен құттықтады

Ақтоты Райымқұлова «Архившілер күні» кәсіби мерекесімен құттықтады

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова архив саласының қызметкерлерін «Архившілер күні» кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Құрметті әріптестер!

Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығында тұңғыш рет атап өтілетін «Архившілер күні» кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!

Қазақстанның қалыптасуының және үдемелі серпінді дамуының тарихи жолы, республиканың өркениетті мемлекеттер қатарына кіруі, елдің Тәуелсіздік кезеңіндегі экономика, ғылым, мәдениет, спорт салаларындағы және басқа да салалардағы жетістіктері тарихи-мәдени мұра- мемлекеттік архивтер қорларында жинақталды.
Бүгінгі таңда бұл құжаттар Қазақстан мен шет елдердің ғылыми қоғамдастығы мен өкілдері тарапынан кеңінен сұранысқа ие.

Мемлекеттік архивтердің ақпараттық әлеуетін пайдалану- Тәуелсіз Қазақстанның даму индикаторларының бірі.
Сіздердің тікелей қатысуларыңызбен архивтік құжаттардың кейінгі ұрпақ үшін сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ Ұлттық архив қорын Қазақстан тарихының жаңа құжаттарымен үнемі толықтыру жүзеге асырылады.
Соңғы жылдары архив қорларының құжаттық көздеріне қолжетімділікті ұйымдастыру, оларды цифрлық форматқа көшіру және құжаттарды ғылыми, саяси мақсаттарда пайдалануға қашықтан қол жеткізуді ұсыну, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында кешенді шаралар өткізілді.

Қазіргі кезеңнің үрдістерін ескерсек, архившілер – экономика, әлеуметтік салалар бағыттарының функционалдық міндеттері бойынша білікті және интеллектуалды мамандар. Бүгінде архивист сарапшы-құжаттанушы, зерттеуші, IT-маман, реставратор.

Архив қызметкерлерінің баға жетпес үлесі мен еңбегі лайықты бағасын алуға тиіс. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына байланысты тұңғыш рет архив қызметкерлері «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Архив саласының 140-тан астам қызметкері мен ардагері «Архив саласының үздігі» ведомстволық төсбелгісімен марапатталды.
Бұдан басқа, мемлекет архив саласының қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында т.б. игі шаралар қабылдауда.

Құрметті архившілер, архив ісін дамытуға және Ұлттық архив қорын толықтыруға, құжаттық дереккөздерді танымал етуге және ғылыми айналымға енгізуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын.

Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еліміздің архив ісін жетілдіру жөніндегі жаңа бастамашыл жобаларды жүзеге асыруда сарқылмас күш-жігер тілеймін!»,-деп жазылған министрдің құттықтауында.