Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткіші ашылды

Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткіші ашылды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында даңқты балуан, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткіші салтанатты түрде ашылды.

Ескерткіш Қабанбай батыр даңғылы мен Керей, Жәнібек хандар көшесінің қиылысында, боз кілем шеберінің аты берілген жекпе-жек сарайының алдында орналасқан.

Салтанатты іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, даңқты балуанның замандастары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Іс-шарада сөз алған Ақтоты Райымқұлова Жақсылық Үшкемпіровтің есімі қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылғанын айтты.

«Жақсылық ағамыздың өмірі баршамызға үлгі-өнеге. Ағамыз тек қана адал еңбек пен маңдай тердің арқасында талай белестерді бағындырып, артынан өшпес із қалдырды. Халықтың зор құрметі мен ыстық ықыласына бөленді.

Даңқты балуан ағамыздың ортамыздан ерте кеткені бәріміздің қабырғамызды қайыстырғаны анық. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызға айналған ағамыздың артынан ерген, ізін қуған жастардың бары көңілге сенім ұялатады»,-деді.

Сонымен қатар министр Жақсылық Үшкемпіровтің күрес әлеміндегі толағай табыстары қазіргі жастарға үлгі болып қала беретінін атап өтті.

«Қазақ есімін бүкіл әлемге паш еткен ардақты да, абзал ағамыздың ел спортының дамуына қосқан үлесі орасан зор. Ағамыздың есімі мен жарқын бейнесі ел тарихында, әрқайсысымыздың жүрегімізде мәңгіге сақталады. Ұрпағы мақтанышпен еске алатын ағамыздың құрметіне басымызды иеміз»-деді.  

Айта кетейік, 2019 жылы ашылған Жекпе-жек сарайына былтыр желтоқсанда Жақсылық Үшкемпіровтың есімі берілді.