GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Әкім аппараты
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Әкім аппараты
Все материалы
Әлеуметтік қорғау
22 октября 2026
Бурабай ауданының Успеноюрьевка ауылында жаңа әкімшілік ғимарат ашылды

Республика күні қарсаңында Бурабай ауданының Успеноюрьевка ауылында бес мекемені біріктірген жаңа әкімшілік ғимарат ашылды. Мұнда ауылдық әкімдік, медициналық және ветеринариялық пункттер, полиция пункті мен өрт сөндіру қызметі орналасқан. Ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Енді ауыл тұрғындары қажетті қызметтерді бір жерден алып, әртүрлі мекемелерге баруға уақыт жұмсамайды. Жаңа ғимараттың ашылуы, әсіресе, медициналық пункт үшін маңызды. Бұған дейін науқастар тиісті талаптарға сай келмейтін бейімделген ғимаратта қабылданатын. Енді медицина қызметкерлері тұрғындарды қабылдауға және оларға көмек көрсетуге қолайлы жағдайға ие болды.

«Ең бастысы – адамдарға қолайлы жағдай жасау. Енді тұрғындар бір ғимараттан барлық қажетті көмекті алып, бір жерден екінші жерге баруға уақыт жоғалтпайды. Мұндай жағдай жасау – ең алдымен, халыққа және оның өмір сүру сапасына деген қамқорлық», – деді Марат Ахметжанов. Сондай-ақ облыс әкімі полиция пунктіне арналған екі автокөліктің кілтін табыстады.

Ауыл тұрғындары да жаңа ғимараттың қолайлылығын атап өтті. Енді медициналық көмек көрсетуден бастап, қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне дейінгі күнделікті қажетті қызметтер бір шаңырақ астында шоғырланған.

Жұмыс сапары аясында Марат Ахметжанов Щучинск қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына да барды. Өңір басшысы ардагерлерді келе жатқан мерекемен құттықтап, орталыққа келушілермен әңгімелесті. Сонымен қатар аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстануына, қабілеттерін дамытуына және ортақ қызығушылықтары бар жандармен араласуына мүмкіндік беретін шығармашылық және бос уақытты ұйымдастыру үйірмелерінің жұмысымен танысты.

Әлеуметтік қорғау
22 октября 2026
Щучинск қаласында 35 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды

Республика күні қарсаңында Щучинск қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 35 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Салтанатты рәсімге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Бес қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы 2025 жылдың қазан айында басталған. Үйде барлығы 130 пәтер қарастырылған, оның 75-ін әкімдік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін сатып алған. Жыл соңына дейін халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кезекте тұрған азаматтардың барлығына пәтерлерді беру жоспарланып отыр.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы тұрғын үй құрылысының қарқыны жағынан еліміздің солтүстік және орталық өңірлері арасында көшбасшылардың қатарынан көрінді. Өңірде 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, шамамен жеті мың отбасы баспаналы болды. Жыл басынан бері Көкшетау, Қосшы қалаларының, Аршалы, Бурабай, Бұланды, Егіндікөл, Зеренді және Сандықтау аудандарының тұрғындары жаңа пәтерлердің кілтін алды. Бүгін бұл игі дәстүр Щучинск қаласында жалғасын табуда.

Мұндай нәтижелерге Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі түрде іске асырудың арқасында қол жеткізілді. Азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Әсет пен Әсел Оразалиндер отбасы үшін бұл күн ерекше қуанышты әрі көптен күткен сәтке айналды. Ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отыр, олардың бірі – ерекше қажеттіліктері бар бала. Отбасы тұрғын үй кезегінде жеті жыл тұрған. Енді олардың өз баспанасы бар.

«Қуанышымызда шек жоқ, кешеден бері шаттығымыз қойнымызға сыймай жүр. Пәтер кең, жөндеу жұмыстары жақсы жасалған, бірден көшіп келіп тұруға болады. Аудан әкімдігі тоңазытқыш сыйлады. Көрсетілген көңіл мен қамқорлық үшін алғысымыз шексіз. Балаларымыз осы үйде бақытты, дені сау әрі аман-есен өсіп, ер жетеді деп сенеміз», – деп қуаныштарымен бөлісті жаңа пәтер иелері.

Соңғы үш жылда Бурабай ауданында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 500-ден астам отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін тағы 52 пәтер сатып алу жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы
21 октября 2026
Ақмола облысында австриялық мал шаруашылығы өкілдерімен 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын салу жобасы талқыланды

Ақмола облысында мал шаруашылығын дамыту перспективалары және Біржан сал ауданында «Saryarka Agro Group» ЖШС қатысуымен «Қойтас» ет-сүт агрокластерін құру жөніндегі бірлескен инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды. Кездесуде асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа және заманауи селекциялық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды.

«Қойтас» жобасы өңірдің мал шаруашылығы әлеуетін нығайтуға және ет-сүт өнімдерінің өндірісін арттыруға бағытталған. «Saryarka Agro Group» ЖШС симментал тұқымды 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын, тәулігіне 100 тонна сүт өңдейтін зауытты және ауысымына 100 бас мал өңдеуге қауқарлы ет комбинатын салуға инвестиция салады. Австриялық серіктестердің қолдауы асыл тұқымды мал шаруашылығын ұйымдастыруда, заманауи технологияларды енгізуде және өндіріс тиімділігін арттыруда озық тәжірибені пайдалануға мүмкіндік береді.

«Қорғалжын, Ерейментау және Біржан сал аудандарының ет кластерін дамытуға, заманауи бордақылау алаңдары мен қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға әлеуеті зор. Өңіріміздің қолайлы географиялық орналасуы және Астана агломерациясының құрамына енуі инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасайды. Біз инвесторларға жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуге, туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесуге және қажетті жағдай жасауға дайынбыз», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

«AAC» компаниясының бас директоры Герман Визер австриялық технологиялар мен консалтингтік қызметтер ауыл шаруашылығының тиімділігі мен экологиялық тұрақтылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Цифрландыру тыңайтқыштарды пайдалануды оңтайландыруға, өнімділікті арттыруға және өндірістік процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Ал мал шаруашылығындағы заманауи шешімдер жануарлардың жағдайын тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді. Австриялық аграрийлер осы бағыттағы тәжірибелерімен және әзірлемелерімен ақмолалық әріптестерімен бөлісуге дайын.

Кездесу қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты мемлекеттік органдарға жобаның іске асырылуын ерекше бақылауға алуды және инвестормен бірлесіп, барлық мәселені одан әрі пысықтауды тапсырды.

Өнеркәсіп және бизнес
20 октября 2026
Өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешені: Ақмола және Ленинград облыстары ынтымақтастықты дамытады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Ресей Федерациясының Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко өңіраралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат іскерлік байланыстарды дамытуға, тәжірибе алмасуға және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика мен басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған. Құжатқа Астана қаласында екі өңір өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел аясында қол қойылды.

Кездесу барысында тараптар сауда байланыстарын кеңейту, өндірістік кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Әсіресе агроөнеркәсіп кешеніне, машина жасау саласына және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық берілді.

Марат Ахметжанов Ақмола облысының Ленинград облысымен әріптестікті нығайтуға және кәсіпорындар арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – өңірлеріміздің кәсіпорындарына сенімді серіктестер табуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беретін нақты жобаларды жүзеге асыру. Агроөнеркәсіп кешенінде бұл – астық пен майлы дақылдарды терең өңдеу, ұн және құрама жем өндіру. Ал өнеркәсіп саласында машина жасау бағытындағы кооперацияны дамыту, қосалқы бөлшектер жеткізу, технологиялар алмасу және өндірісті оқшаулау маңызды. Келісімдеріміз нақты жобаларға ұласып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуі керек», – деді облыс әкімі.

Александр Дрозденко екі өңірдің де агроөнеркәсіп кешені жақсы дамығанын және өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге әлеуеті зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық экономиканың түрлі салаларын қамтып, іскерлік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

«Ақмола және Ленинград облыстарының ортақ тұстары көп. Екі өңір де агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп және экономиканың басқа да салаларында елеулі әлеуетке ие. Тәжірибе алмасу, іскерлік байланыстарды дамыту және перспективалы бастамаларды бірлесіп пысықтау әріптестігімізді нығайтып, екі өңірдің кәсіпорындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін», – деді губернатор.
Дөңгелек үстелге қатысушылар білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ жастар алмасуын дамыту перспективаларын да талқылады.

Қол қойылған меморандум өзара тиімді байланыстарды дамытуға, іскер топтар мен мүдделі ұйымдар арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесуге, бірлескен іс-шаралар өткізуге және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындау және екі өңір арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды пысықтау жұмыстарын жалғастырады.

Әлеуметтік қорғау
20 октября 2026
Ақмола облысындағы № 7 мекемеде сотталғандарды еңбекпен қамту мүмкіндіктері кеңейтілуде

Өндірістік алаңдарды дамыту және сотталғандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің № 7 мекемесіне жасаған жұмыс сапарының негізгі тақырыптарына айналды. Сапар барысында еңбек жағдайларына, жаңа өндірістерді іске қосу перспективаларына және медициналық көмектің қолжетімділігіне ерекше назар аударылды.

Бүгінде мекемеде 878 адам жазасын өтеп жатыр, олардың 247-сі өндірістік жұмыстарға тартылған. Мұнда сұранысқа ие өнімдер шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.

Атап айтқанда, «Аламад-Сервис» ЖШС бөлмеаралық есіктер, «Кажибаев» ЖШС корпус жиһаздарын, «Атека» ЖК ағаштан жасалған тұғырлар мен ағаш өңдеу өнімдерін өндіреді. «Новопэк» ЖШС филиалы мен «Асыл-Арман» ЖШС сусымалы өнімдерге арналған қаптар шығарса, «Ботай» ЖК геологиялық барлау жұмыстарына арналған керн жәшіктері мен қаптар өндіреді.

Сонымен қатар мекемеде екі тігін желісі, пішу цехы және аяқ киім цехы жұмыс істейді. Олардың базасында тігін өндірісі, былғарыдан бұйымдар, автокөлік орындықтарына арналған қаптар және басқа да өнімдер шығаратын цехтар қызмет атқарады.

Бос өндірістік алаңдар қолданыстағы кәсіпорындардың жұмысын кеңейтуге және жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл өнім көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Сотталғандар үшін еңбекпен қамтылу – табыс табуға, кәсіби дағдыларды меңгеруге және қоғамға қайта бейімделуге дайындалуға мүмкіндік.

Мекеменің медициналық бөлімінде профилактикалық тексерулер мен міндетті скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда қосымша тексерулер ұйымдастырылып, науқастардың денсаулық жағдайына тұрақты бақылау жасалады.

Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Med365 аппараттық-бағдарламалық кешені қолданылады. Оның көмегімен медициналық мекемелерге бармай-ақ, сол жерде жедел тексеруден өтуге, денсаулықтың негізгі көрсеткіштерін өлшеуге және нәтижелерді мамандардың қашықтан кеңес беруі үшін жіберуге болады. Сонымен қатар мекемеде стоматологиялық кабинет пен күндізгі стационар жұмыс істейді.

Медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында қазіргі уақытта жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысын салуға арналған жобалық құжаттама әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Спорт және туризм
20 октября 2026
Ақмола облысында халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі басталды

Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі өтуде. Ұлттық саятшылық өнерді дәріптейтін додаға 50 қатысушы жиналды. Турнир 22 қазанға дейін жалғасады.

Жарысқа Қазақстанның тоғыз өңірінен, сондай-ақ Түркия, Ресей және Моңғолиядан келген құсбегілер қатысуда. Атап айтқанда, Жетісу, Алматы, Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола және Жамбыл облыстарының, Шымкент пен Астана қалаларының өкілдері бақ сынауда.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысқа 49 бүркіт, 15 ителгі және 10 қаршыға қатыстырылған. Бүгін бүркіттер арасындағы сайыс өтсе, ертең ителгі мен қаршыға бағыттары бойынша жарыстар ұйымдастырылады.

Турнирдің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды сақтау, қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнерін дамыту және оны халықаралық деңгейде насихаттау. Қатысушылар қыран құстарды баптау шеберлігін көрсетіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

Жарысқа Ресейдің Алтай өңірінен келген қазақ жігіті де қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оның ата-бабалары құсбегілік өнерімен айналысқан. Бұл ұлттық дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын көрсетеді.

Биылғы турнир Мәсіп Батырханұлының есімін ұлықтауға арналған. Сонымен қатар Айдарлы ауылының таңдалуы да ерекше мәнге ие. Өңір тарихы саятшылық өнерімен танылған Дүйсен би Есенберліұлының есімімен байланысты. Ел жадында сақталған Дүйсен би мен оның Алабас атты бүркіті туралы аңыздар қазақ халқының қыран құстарға деген құрметін айқындайды.

Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі ұлттық мұраны дәріптеп, құсбегілік өнердің бай тәжірибесін бөлісуге және дәстүрлі саятшылықтың маңызын кеңінен танытуға бағытталған.

Өнеркәсіп және бизнес
19 октября 2026
Ақмола облысында балық азығын өндіретін зауыт салынады

Целиноград ауданында балыққа арналған экструдталған жем өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Инвестициялық жобаның құны 7 млрд теңгеден асады. Кәсіпорын жылына 25 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады. Өндірісті 2027 жылы іске қосу көзделген. Жаңа кәсіпорында 75 жұмыс орны ашылады.

Жобаны өңірде заманауи балық өсіру шаруашылығын дамытып отырған «Poseydon» ЖШС жүзеге асырады. Аумағы 10 гектарды құрайтын аквафермада кемпірқосақ бақтақ өсіріледі. Кәсіпорынның жылдық тауарлық балық өндіру қуаты – 70 тонна.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов кәсіпорынға барып, балықтың тұқы және албырт тұқымдас түрлеріне арналған экструдталған жем өндіретін зауыт салу жоспарымен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары бұл бастама Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келетінін атап өтті. Өңір өз кезегінде жобаны іске асыруға қажетті қолдау көрсетіп, мемлекеттік қолдау шараларын алу кезеңдерінде сүйемелдеуге дайын.

Зауыттың іске қосылуы балық шаруашылығы саласының импорттық жемге тәуелділігін азайтып, отандық жем өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.

«Біз өңірде балық шаруашылығын дамытуға мүдделіміз және жинақтаған тәжірибемізбен бөлісуге, су айдындарын балықтандыру үшін шабақтар мен жем жеткізуге, сондай-ақ мамандарды оқытуға дайынбыз. Өз өндірісіміздің болуы балық шаруашылықтарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, тауарлық балық өсіру көлемін арттыруға жол ашады», – деді «Poseydon» ЖШС бас директоры Ербол Сүлейманов.

Қолданыстағы акваферма суды айналымда пайдалану технологиясы бойынша жұмыс істейді. Бұл сыртқы климаттық жағдайларға қарамастан, жыл бойы балық өсіруге мүмкіндік береді. Пайдаланылатын судың 95%-ына дейінгі бөлігі көпсатылы тазартудан өтіп, өндірістік айналымға қайта жіберіледі.

Бақтақ өсірумен қатар, кәсіпорында балық өнімдері де өңделеді. Мұнда порциялық балық, стейктер, тұздалған өнімдер, сондай-ақ ыстық және суық ысталған балық өндіріледі. Дайын өнім Астана қаласындағы мейрамханалар мен ірі сауда желілеріне, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлеріне жеткізіледі.

Спорт және туризм
19 октября 2026
Ақмола облысында Республика күні қарсаңында ішкі туризмді дамытуға бағытталған жаңа экопарк ашылды

Өңірде Астана агломерациясының тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс орындарын көбейту және туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда.

Целиноград ауданының Аққайың ауылында Dara Resort экопаркі ашылды. Жаңа нысан табиғат аясында демалуды және отбасылық уақыт өткізуді ұнататындар үшін тартымды орынға айналмақ. Ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысты.

Техникалық ашылуынан бері экопаркке шамамен 1,5 мың адам келген. Бұл елорда маңындағы табиғат аясында демалуға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Экопарк аумағында демалыс орындары, күркелер мен шолу алаңдары жабдықталған. Жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер бағыттары салынған. Сонымен қатар 200 ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта мұнда арқанды саябақ ұйымдастыру және жаяу жүргіншілер бағыттарын ұзарту жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Экопарктер құру жөніндегі жобалар табиғат аясында демалу мүмкіндіктерін кеңейтуге, соның ішінде Астана агломерациясының тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Адамдардың отбасымен бірге уақыт өткізіп, қала қарбаласынан тынығуына арналған қолжетімді әрі абаттандырылған орындар көп болуы маңызды», – деді Ернар Жаркешов.

Dara Resort – өңірде экологиялық туризмді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Жалпы, Ақмола облысында жеті экопарк құру жоспарланған. 2026 жылдың басында Зерендіде осындай нысан ашылды. Сонымен қатар Ақкөл қаласында Wyndham резиденциясының аумағында тағы бір ірі экопарк құрылып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін өңірде үш экопарк жұмыс істейтін болады.

2027 жылы Аршалы және Целиноград аудандарында тағы екі экопарк ашу жоспарланған. Ал 2028 жылы облыс орталығында тағы бір экопарк пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

Әлеуметтік қорғау
17 октября 2026
Марат Ахметжанов Көкшетауда қос ақсақалды мерейтойларымен құттықтады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қорабай Шамғанов пен Зұлқарнай Нұғымановтың шаңырағына барып, оларды 90 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Өңір басшысы ақсақалдарға көп жылғы еңбегі мен облыстың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Кездесу барысында Марат Ахметжанов аға буынның қоғам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен даналығы жастарға үлгі болып, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және ұлттық құндылықтарды кейінгі буынға жеткізуге ықпал етеді.

Қорабай Шамғанов № 57 механикаландырылған колоннада 35 жыл еңбек етіп, бас инженерден басшының орынбасарына дейінгі еңбек жолынан өтті. Ол энергетика саласының дамуына елеулі үлес қосты. Еңбегі мен жетістіктері үшін «Тың және тыңайған жерлерді игеруге 50 жыл», «Жеңіске 80 жыл» медальдарымен және Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған медальмен марапатталған.

Қазіргі уақытта да Қорабай Шамғанов қоғамдық өмірге белсенді араласып келеді. Ол жастарға патриоттық тәрбие беруге атсалысады, шахмат ойнауды ұнатады. Сондай-ақ ардагерлер арасындағы өңірлік турнирлерде Көкшетау қаласының намысын қорғап, қалалық жарыстарда бас төреші болған. Жұбайы Рауза Қозайдарқызымен бірге алты бала тәрбиелеп өсірген.

Зұлқарнай Нұғыманов та саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған. Еңбек жолында механизатор, тракторшы, бригадир және кеңшар басқарушысы қызметтерін атқарып, аграрлық саланың дамуына үлес қосты. Еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен және бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Аға буын өкілдерімен мұндай кездесулер — өңірдің дамуына үлес қосқан, өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болатын азаматтарға құрмет көрсету мүмкіндігі. Олардың өнегелі жолын насихаттау және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Көркейту және ТҮКШ
17 октября 2026
Көкшетауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Бірлік» саябағы ашылды

Республика күні қарсаңында Ақмола облысында тұрғындардың демалысына арналған жаңа қоғамдық кеңістік – «Бірлік» саябағы ашылды. Жоба өңірді көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру және қолайлы қалалық ортаны дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды. Саябақтың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Іс-шарада сөз сөйлеген өңір басшысы табиғатты сақтау мен қоршаған ортаға қамқорлық таныту әр адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, экологиялық мәдениет ағаш отырғызу, тазалықты сақтау және туған өлкенің табиғатына ұқыпты қарау сияқты нақты істерден басталады.

«Таза Қазақстан» қағидаты жасампаз дүниетанымды қалыптастырып, азаматтарды ортақ мақсат төңірегінде біріктіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл акция экологиялық мәдениетті дамытуға және әр азаматтың қоршаған ортаның жай-күйіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ақмола облысының қалалары мен аудандарында тұрақты түрде экологиялық акциялар, сенбіліктер, экологиялық марафондар, аумақтарды көгалдандыру және санитарлық тазарту шаралары, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», – деді Марат Ахметжанов.

2026 жылдың басынан бері өңірде 1 000-нан астам экологиялық іс-шара өткізіліп, оларға 17 мыңнан астам адам қатысты. Бұл жұмыстар қалалар мен ауылдық елді мекендерді қамтып, тұрғындарды аумақтарды абаттандыруға және туған өлкенің табиғи байлығын сақтауға жұмылдырып келеді.

Көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 2,8 мың гектар аумаққа шамамен 16 млн көшет отырғызылды. Ал 2021–2025 жылдар аралығында 11 мың гектар жерге орман екпелері отырғызылып, барлығы 74 млн ағаш егілді.

Сонымен қатар өңірде тұрғындардың жайлы демалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жалғасуда. Олардың қатарында Көкшетаудағы «Көк шалғын» және «Жаңа жағалау» саябақтары, сондай-ақ Щучье қаласындағы «Ұмай ана» саябағы бар. Жаңа «Бірлік» саябағы да осы бастамалардың жалғасы ретінде тұрғындардың серуендеуіне, отбасымен демалуына және өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін тағы бір орынға айналмақ.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы