
Кеше облыс әкiмi Ермек Маржықпаев азаматтарға жеке мәселелерi бойынша онлайн режимде қоғамдық қабылдау жүргiздi.
Онлайн қабылдауда болған Целиноград ауданы Ақмол ауылындағы «ПФК Табыс» серiктестiгiнiң директоры Евгений Самусевич облыс әкiмiне аталған ауданда салып жатқан көкөнiс сақтау қоймасының құрылысы жөнiнде баяндады. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары жақсы қарқынмен жүрiп жатыр. Ендiгi жерде көкөнiс қоймасына электр желiлерiн, су құбырын тарту және жол салу мәселелерiн шешу керек. Облыс әкiмi Ермек Маржықпаев жағдайға қаныға келе, кәсiпкерге жол және электрмен жабдықтау жағынан көмектесуге әзiр екенiн жеткiздi.
–Талапкер селолық округiнiң аумағында жүзеге асырылып жатқан, құны 700 миллион теңге болатын «Көкөнiс сақтау қоймасының құрылысы» жобасы Целиноград ауданының аумағын дамытудың 2016-2020 бағдарламасына енгiзiлген. Бұл аудан үшiн өте үлкен инвестиция болмақ. Сол себептi, бiздiң тарапымыздан барлық қолдау шараларын көрсетуге әзiрмiз. Тек, су құбырын тарту мәселесiн әлi ойластыру қажет, — дедi Ермек Маржықпаев.
Бұл күнi онлайн қабылдау барысында әкiм Көкшетау қаласының тұрғыны
Татьяна Липскаяның да өтiнiшiн тыңдады. Екi мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ана отбасына уақытша баспана берудi сұрады. Жалғызбасты әйел балаларына өзi қарайтындықтан, жұмысқа да шыға алмай отырғанын айтты. Пәтерге кезекте 3045-iншi болып тұр. Мемлекеттен төленетiн жәрдемақы пәтерақысынан, дәрi-дәрмектен қалмайтын көрiнедi. Айтуынша, мүмкiндiгi шектеулi балаларының денсаулықтары да сыр беруде. Оларды жақын арада елордадағы емханаға апарып, дәрiгерлерге қарату қажет екен. Облыс әкiмi Татьяна Липскаяның өтiнiшiн тыңдай келе, Көкшетау қаласы әкiмiне жағдайды өз бақылауына алып, жалғызбасты әйелге жатақханадан екi бөлме берудi және облыстық денсаулық сақтау басқармасына мүгедек балаларды осында тексерiстен өткiзудi тапсырды.
Көкшетау қаласының темiржол сыртындағы «Шанхай» деп аталып кеткен мөлтек ауданында қоқыстың уақытылы шығарылмайтынына, Ақан серi-Станиславск көшелерiнiң қиылысында жаяу жүргiншiлер белгiсiнiң жоқтығына уәжiн айтқан Көкшетау қаласының тұрғыны Жеңiс Жанатаевтың мәселесiн де Ермек Маржықпаев қала әкiмiне жiтi бақылауға алуды тапсырды.
Онлайн қабылдауға облыс қалалары мен аудандарынан ғана емес, өзге де өңiрлерден кәсiпкерлер байланысқа шықты. Мәселен, павлодарлық кәсiпкер Гүлнәр Қайдарова көп жылдан берi ақмолалық шаруа қожалықтарына дизель отынының кепiлдендiрiлген көлемiн жеткiзумен айналысатынын айтып, биылғы күзгi орақ науқанында осы жұмыстар қалай болатынын анықтап берудi өтiндi. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының айтуынша, кәсiпкер Гүлнәр Қайдарова басқаратын «ҚазШер» фирмасына жетi мың тоннаға жуық дизель отынының кепiлдендiрiлген көлемiн жеткiзу бөлiнiп отыр. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында тұратын кәсiпкер Игiбай Шалов облыс әкiмiнен «Кластер Ақмола» жобасын iске асыруда қолдау көрсетудi сұрады.
Облыс әкiмi онлайн қабылдауда болған кейбiр азаматтардың өтiнiшiн сол арада шешсе, кейбiреуi бойынша жақын арада тиiстi шешiмдер қабылданатынын жеткiздi.
«Арқа ажарының» өз тiлшiсi.
Суреттi түсiрген Берiк ЕСКЕНОВ.