
Көкшетауда Ақмола облысының әкімдігі мен «Казцинк» серіктестігі және Алтыналмас АК акционерлік қоғамы компаниялары арасында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және өңірдің маңызды мәселелерін шешу шеңберінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды Құнды құжат аясында «Казцинк» серіктестігі Қопа көлі жағалауы бойында жол салу, Қылшақты өзенінің арнасын тазарту, сондай-ақ Целиноград ауданындағы Қоянды ауылының айналасында және ішінде су бұру арналарының желісін орнату сияқты жобаларды жүзеге асырады. Нысандардың құрылысына металлургиялық компания 6,3 миллиард теңгеден астам қаржы бөліп отыр.
Ал, «Алтыналмас АК» АҚ Степногорск қаласында 5,6 миллиард теңге сомасына жаңа стадион салу жобасын қолға алуды жоспарлауда. Жоба аясында қолданыстағы стадионды бұзып, орнына жаңа заманауи стандарттарға сай жүгіру жолдары бар футбол алаңының жабындарын ауыстыра отырып жаңа стадион салу жоспарланған. Стадион 2000 орындық трибуналы жеңіл атлетикалық манежбен, электрондық табло және бейне экрандармен және тағы басқа қажетті спорттық жабдықтардың барлығымен қамтамасыз етіледі.Сондай-ақ, арнайы спорт алаңдары мен жолдарды абаттандыру мәселелері де жүзеге асырылады
Іс-шара барысында тараптар ынтымақтастық негізінде құрылған жоспарларды талқылады. Өңір басшысы өз сөзінде оқиғаның маңыздылығына тоқталып, компания басшыларына жылы лебізін білдірді.
«Біздің ұсынысымызды құп алып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облысымызға көптеген қаржылық жобалармен көмектесетін «Казцинк» ЖШС, «Алтыналмас АК» АҚ басшылығына алғысымды білдіремін Облыс тұрғындары сіздердің әлеуметтік салаға және аймақтың дамуына қосқан үлестеріңізді жоғары бағалайды», деп атап өтті М.Ахметжанов.