Құрмет пен мәртебе

Құрмет пен мәртебе

Облыс әкiмi Ермек Маржықпаев өңiрiмiздiң бiр топ азаматтарына Қазақстан Республикасының Президентi Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берiлген мемлекет-тiк наградаларды тапсырды.

– Қазiр әлемдiк қауымдастықтың алдында маңызды мiндет тұр, ол — коронавирус пандемиясын ауыздықтау. Осындай қиын уақытта қауiптi iндетпен күресiп жүрген медицина саласы мен БАҚ өкiлдерiнiң еңбегi өлшеусiз. Әсiресе, медицина қызметкерлерi күн сайын тұрғындардың денсаулығын сақтауда алдыңғы шептен көрiнуде. Өз кезегiнде мемлекетiмiз де сiздерге қолдау көрсетiп отырғанын жеткiзгiм келедi, — деген өңiр басшысы Ермек Маржықпаев Тұңғыш Президентiмiз Н.Назарбаевтың Астананы көшiру туралы бiрегей шешiмi аса маңызды тарихи оқиға болғанын атап өттi.

Облыс басшысы Қазақстан Президентiнiң Жарлығымен бiздiң өңiрiмiзден 15 медицина қызметкерi мен ақпарат саласының қызметкерлерiне берiлген жоғары марапаттары үшiн үлкен алғыс бiлдiрдi. Оған қоса, барша ақмолалықтарға амандық-саулық тiлеп, елiмiздiң асқақтығы мен жасампаздығының нышаны болған Астана күнiмен құттықтады, қасиеттi арқа төрiндегi нұрлы қаламыздың абыройы биiк, мерейi үстем, дамуы қарышты бола берсiн деген тiлегiн бiлдiрдi.

Одан әрi өңiр басшысы Қазақстан Республикасының Президентi Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапаттау туралы 2020 жылғы 20 маусымдағы №355 Жарлығына сәйкес, бiр топ жерлестерiмiздi салтанатты түрде марапаттады. Олардың iшiнде: «Парасат» орденiмен марапатталған Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансердiң бас дәрiгерi Қасымжан Тәшметов, «Құрмет» орденiмен Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Көкше» оңалту орталығының бас дәрiгерi Жұмабек Мақашев және «Бурабай» облыстық балаларды оңалту орталығының бас дәрiгерi Қалел Рахматуллин бар. «Ерен еңбегi үшiн» медалiмен Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерiнiң дәрiгерi Лилия Высоцкая, «Шапағат» медалiмен облыстық көпбейiндi аурухананың қызмет басшысы Саржан Қалмұратов, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен облыстық туберкулезге қарсы диспансерiнiң медбикесi Әйгерiм Баймағамбетова және диспансердiң бас медбикесi Бақытжан Кенжеболатова, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Алғыс хатымен облыстық «Көкше» телеарнасы директорының орынбасары Берiк Әбдiлманов пен осы телеарнаның шеф редакторы Мәдина Смағұлова, «Ақпарат саласының үздiгi» төсбелгiсiмен «Көкшетау» газетiнiң бас редакторы Серiк Жетпiсқалиев марапатталды.

Салтанатты шара барысында «Парасат» орденiмен марапатталған Қасымжан Тәшметов сөз алып, бүгiнгi қауiптi дерттiң белең алуына байланысты облыстық диспансер қызметкерлерiнiң жанқиярлық еңбегiнiң арқасында өңiрiмiзде 262 адам сауығып шықса, 130 адам ем алып жатқанын, 12 сәби дүниеге келiп, он екi әйелдiң ана болғанын жеткiздi. «Ақпарат саласының үздiгi» төсбелгiсiнiң иегерi Серiк Сапарұлы да журналистер атынан ризашылығын бiлдiрiп, жуырда жарық көрген кiтабын табыс еттi.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тiлшiсi.
Суреттi түсiрген Берiк ЕСКЕНОВ.