Халықаралық медициналық мейіргерлер күнімен құттықтауы

Халықаралық медициналық мейіргерлер күнімен құттықтауы

Бүгiн, 12 мамыр күнi Халықаралық медициналық мейiргерлер күнi аталып өтуде.

Осы бiр ауыр да қауырт күндерi мейiргерлер дәрiгерлермен қатар коронавирус инфекциясымен күресуде алдыңғы қатарда тұр.

Олар медицина қызметкерлерi санатының ең көп санын құрайды. Бұл мамандық денсаулық сақтау жүйесiнiң маңызды да, ажырамас бөлiгiне айналды. Медициналық қызмет көрсетудiң тиiмдiлiгi мен сапасы, көп жағдайда мейiргерлердiң ұтымды қызметiне байланысты.

Сiздер таңдап алған мамандық — парасаттылықтың нышаны, гуманизмнiң шынайы белгiсi. Сiздердi шын мәнiсiнде мейiрiмдiлiктiң елшiсi деп атайды.

Ақмола облысында тегiн медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiн 47 медициналық ұйым көрсетедi, оларда 4729 медициналық мейiргерлер жұмыс iстеуде. Олардың ота жасау бөлiмшесiндегi үйлесiмдi жұмысы, «жедел жәрдем» бригадасының құрамында адам өмiрiн сақтап қалу, босандыру бөлiмшесiнде ана мен сәбиге деген қамқорлық, стационарда ауруларға күтiм көрсету сияқты күнделiктi еңбегiне баға жетпес.

Қай уақытта болмасын осы мамандықтың өкiлдерi өздерiнiң қарапайымдылықтарымен ерекшелендi. Қазiр, пандемия iндетiмен күресуде алдыңғы қатарда жүрсiздер.

Осы бiр атаулы күнi шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар. Сiздерге және сiздердiң жақын туыстарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, отбасылық береке тiлеймiн.