МАРЖЫҚПАЕВТЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРІНЕ ҮНДЕУІ

МАРЖЫҚПАЕВТЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРІНЕ ҮНДЕУІ

Құрметтi ақмолалықтар!

Барша әлемдi жайлаған коронавирус пандемиясы әлi де басылар емес. Бұл халқымыздың денсаулығына зиян тигiзген iндет. Сол себептi, бiз оны бүкiл ел болып күресiп, әр адам осыған өз үлесiн қосып, бар күш-жiгерiмiздi бiрiктiргенде ғана жеңе аламыз.

Құрметтi ақмолалықтар, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары!

Коронавирус пандемиясы бүгiнгi таңда да үлкен проблема болып қалып отыр. Iндетпен күреске барлық материалдық және адам ресурстары жұмылдырылып, аурудың одан әрi таралуына жол бермеу үшiн қажет шаралардың бәрi қолданылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәлiмдемесiмен елiмiзде төтенше жағдай режимi 11 мамырға дейiн ұзартылды. Карантиндiк шектеу шараларын кезең-кезеңiмен жұмсартудың жаңа қадамдары баяндалды. Тұтастай алғанда, барлық шаралар халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Бiздiң облыс елiмiздiң ең iрi аграрлық аймақтарының бiрi болып табылады. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев егiс науқанының өз мерзiмiнде өтуiне үлкен көңiл бөлуде. Бiздiң басты парызымыз да көктемгi дала жұмыстарын сапалы ұйымдастыру болып табылады. Халық «көктемнiң бiр күнi жылға азық» деп текке айтпаған. Биыл көктем ерте келiп, диқан қауымын асықтырып отыр. Осыған байланысты кондициялық тұқым қоры, техника жағынан болсын, жауапты науқанға дайындық жоғары деңгейде.

Топырақта ылғал қоры да жеткiлiктi. Биыл қардың көп түскенi болашақ өнiмнiң берiк негiзiн қалауға мол ықпалын тигiзуде. Облысымызда жаздық дақылдар алқабы 5 миллион гектарды құрайды. Оның негiзгi бөлiгi дәндi дақылдар. Бүгiнгi таңда ауыл еңбеккерлерiнiң көбi көктемгi егiске дайындық кезеңiне толық көлемде кiрiсiп кеттi. Тұқым себу кезiнде егiс алқаптарында 14 мыңнан астам трактор, 16 мыңнан астам астық сеялкасы, соның iшiнде көптеген егiс кешендерi жұмыс iстейтiн болады. Ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 4,7 миллиард теңгеден астам қаржыға жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көктемгi дала жұмыстарын сапалы өткiзу мақсатында облысқа 70 мың тоннаға жуық дизельдi жанар май бөлiндi. «Аграрлық кредит корпорациясы» және кредит серiктестiктерi жүйесi арқылы ең көп дегенде 5 пайыздық жылдық өсiммен несие беру мәселесi шешiлдi. Бұл бiздiң ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне үлкен көмек. Бүгiнгi таңда осы мақсатта ақмолалық шаруаларға 20 миллиард теңге көлемiнде несие берiлдi. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы шағын шаруашылық субъектiлерiне бөлiнетiн 6 миллион теңгеге дейiнгi несие және бiр айтарлықтай көмек болып отыр.

Бұл — тұтастай алғанда 2,5 миллиард теңге. «Азық-түлiк корпорациясы» Ұлттық компаниясы» мен екiншi деңгейдегi банктердiң, «Есiл» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясының кепiлдiктерi немесе сатуға жарамды мүлiктi кепiлдiкке қою арқылы астық сатып алу мәселесi де шешiлдi. Бұл ұйым тұқымдық ссуда да бергелi отыр. Ол күзде тауарлық астықпен қайтарылады. Бүгiнгi күнге дейiн бiздiң облыстан 1500 тонна тұқымдық астыққа өтiнiм түстi.

Карантин режимiне байланысты фермерлер мен шаруа қожалықтарынан облыс бойынша жүрiп-тұруға өте көп өтiнiштер түскен болатын. Бұл мәселе де шешiлдi.

Облыстық әкiмдiк облыс аумағындағы блок бекеттер арқылы кедергiсiз өтудiң қажеттi алгоритмiн әзiрледi. Сөйтiп, кәсiпорындар да аграршыларды қосалқы бөлшектермен ешқандай бөгетсiз қамтамасыз ететiн болды. Бүгiнгi күнгi тағы бiр маңызды фактiге назар аударғым келедi. Облыс еттiң барлық түрлерi, сүт, жұмыртқа, бидай ұны және басқа да ауыл шаруашылығы өнiмдерi бойынша өзiнiң iшкi қажеттiлiгiн толық қамтамасыз етiп отыр. Бiздiң астанамыздың да азық-түлiкпен қамтамасыз етiлуiне ақмолалық ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерi лайықты үлесiн қосуда. Сол үшiн мен Сiздердiң баршаңызға шынайы алғысымды жеткiзгiм келедi. Сiздердiң әрқайсыларыңыз бiздiң елiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету iсiне баға жеткiзгiсiз үлестерiңiздi қосып келесiздер.

Коронавирус пандемиясы және соған байланысты енгiзiлген карантиндiк шектеулерге орай, эпидемиологиялық күрделi жағдайлар барысында барлық шаралар онлайн режимiнде өткiзiлуде. Сондықтан, көктемгi дала жұмыстарына дайындық жөнiндегi жылдағы дәстүрлi кеңестiң орнына мен сiздерге бейне көрiнiс үлгiсiндегi осы үндеуiмдi жолдауымды жөн көрдiм. Сол себептi, көктемгi дала жұмыстарын сапалы өткiзу үшiн мемлекет тарапынан қажет болатын барлық шаралардың қабылданғанын тағы бiр атап өткiм келедi. Осы бiр күрделi кезеңде бәрiмiзге тыныштық, ұйымшылдық пен орындаушылық тәртiп және азаматтық жауапкершiлiк танытудың маңызы зор. Ауыл еңбеккерi әрқашан осы қасиеттерiмен ерекшеленiп келгенi белгiлi.

Осы бiр жауапты сәтте менiң басты сөзiм басшыларға арналады. Көп нәрсе сiздердiң өз ұжымдарыңызда барлық санитарлық нормалар мен қауiпсiздiк талаптарын сақтай бiлулерiңiзге байланысты. Сiздердiң әрбiр қызметкерлерiңiз өзiнiң қорғалғанын iштей сезiне бiлуi, осыған сенiмдi болуы тиiс.

Бiздер осы бiр ауыр кезеңнен бәрiмiз бiрге өтiп, әрдайым сабыр сақтап, облыс ауыл шаруашылығы саласының одан әрi дамуы үшiн бар күш-жiгерiмiздi салатынымызға өз тарапымнан кәмiл сенiмдiмiн. Сонымен бiрге, осы бiр сәттi пайдалана отырып, сiздердi мамыр айында аталып өтетiн барлық мерекелермен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға қажымас қайрат, мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке тiлеймiн! Бiз бiргемiз!