Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен төтенше жағдайға байланысты құрылған өңірлік жедел штабтың отырысы болып өтті

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен төтенше жағдайға байланысты құрылған өңірлік жедел штабтың отырысы болып өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның отырысы өткiзiлгенiн және онда халықты әлеуметтiк қолдау, коронавирус iндетi мен дағдарысқа қарсы күрес шаралары талқыланғанын айта келiп, облыс әкiмi Ермек Маржықпаев тәртiптi күшейту қажеттiгiн атап өттi.

«Қазiргi қалыптасып отырған жағдайға байланысты мемлекетiмiздiң, оның iшiнде өңiрiмiздiң экономикалық дамуы бәсеңдейтiнi белгiлi. Осыған орай, Президентiмiз алға бiрнеше маңызды мiндеттер қойды. Әсiресе, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, электрондық сауда, металлургия, машина жасау, қайта өңдеу секторы, көлiк, тұрғын үй-құрылыс инфрақұрылымы, медициналық қызмет көрсету секiлдi салаларды жiтi назарда ұстауымыз керек», — дей келе, Ермек Маржықпаев коронавирус пандемиясының таралуын тоқтатуға байланысты шараларды күшейту туралы тиiстi ведомство басшыларына нақты тапсырмалар бердi.

Қазiргi таңда елiмiзде коронавирус ауруын жұқтырғандардың әр бесiншiсi дәрiгерлер екенi алаңдатарлық жайт. Бүгiнде 120 ақ халаттыда осы қауiптi iндет лабораториялық зерттеулер арқылы расталған екен. Осы ретте, облыс әкiмi медициналық қызметкерлердiң коронавирус жұқтырып алмауы үшiн тиiстi шаралар қолдану қажеттiгiн айтты.

«Медициналық ұйымдарды дәрi-дәрмекпен, залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз ету күнбе-күн қадағаланып отыруы керек. Облыста 3583 адам тiркеуге алынды. Тағы 1096 адам бақылауда. Коронавирус жұқпасы расталғандардың саны 61 адам. Осы iндет салдарынан 3 адам көз жұмды. Коронавирус жұқтырғандардың басым көпшiлiгi астананың айналасындағы елдi мекендердiң тұрғындары», — деген облыс әкiмi.

Жуырда Целиноград ауданындағы «Шапағат» қарттар үйiнде тұратын 38 адамда осы қауiптi iндет анықталғанын, аталмыш медициналық-әлеуметтiк мекеме түгелдей карантинге жабылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргiзiлiп жатқанын айтты. Барлық науқастар провизорлық, жұқпалы аурулар және карантиндiк нысандарға жеткiзiлген. «Шапағат» қарттар үйi орналасқан Аққайың ауылында да карантин режимi енгiзiлген.

Ермек Маржықпаев коронавирус жұқпасы расталған науқастармен байланыста болған тұлғаларды тездетiп анықтап, бақылауға алуды қатаң ескертiп, облыста сәуiрдiң 13-iнде карантин тәртiбi күшейтiле түсетiнiн айтты.

Облысымызда коронавирус жұқтырған науқастарды емдеумен айналысып жатқан медицина қызметкерлерiн уақытша тұратын баспанамен қамтамасыз ету мәселесi қарастырылуда. Бұл тiзiмге жедел жәрдем қызметкерлерi де енгiзiлуi тиiс.

Штаб отырысында қаралған тағы бiр мәселе, коронавирус iндетiнiң таралуына байланысты жұмысынан айырылған, әлеуметтiк аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары. Облыс әкiмi ақшалай көмек шын мәнiсiнде көмекке мұқтаж азаматтарға берiлуi керек екенiн айта келе, қазiргiдей жағдайда азық-түлiктiң қымбаттауына жол бермеудi тапсырды. Ет, жұмыртқа, ұн өзiмiзде өндiрiлетiндiктен, бұл өнiмдер қымбаттамауы тиiс. Себебi, жыл сайын мемлекет тарапынан бизнес саласына қомақты сомада субсидия бөлiнiп келедi. Өнеркәсiп орындарының басшылары осы жақсылықтарды түсiнiп, қазiргiдей қиын-қыстау кезеңде мемлекетке демеу болулары керек.

Сонымен қатар, штаб отырысында облыс әкiмi осы аптада болған қатты желдiң зардаптарына да оралып, 964 миллион теңгенiң шығыны келтiрiлгенiн атап өттi. Әр аудан бойынша жол картасы әзiрленiп, төтенше жағдай салдарынан қираған әлеуметтiк, бiлiм нысандарының бәрi қалпына келтiрiлуi тиiс.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тiлшiсi.