
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Ақмола облыстық соты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiмен бiрлесiп, «Абай-би, Абай-заңгер» тақырыбына республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференциясын өткiздi. Алқалы жиында Абай Құнанбайұлының би (сот төрешi), заңгерлiк қызметi зерттелiп, Абай жазған «Қарамола ережесi» талқыланып, оның мәдени және құқықтық рөлiмен тарихи орны зерделендi.
Конференцияға елiмiздiң белгiлi ғалымдары, тарихшы ғалымдар, абайтанушылар, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҮЕҰ, БАҚ, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкiлдерi, облыстық құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер мен судьялар, университеттiң оқытушылары мен студенттер қатысты.
Конференцияның жұмысы 2 бөлiммен өттi. Бiрiншi бөлiмiнде ғалымдар, тарихшылар, абайтанушылар өз баяндамаларын талқыға салса, екiншi бөлiмiнде судьялар, сот қызметкерлерi, университеттiң оқытушылары, студенттерi «Абай оқулары» байқауына қатысты.
Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының шығармашылығы, көркем, ғылыми еңбегi мен өмiрбаяны жөнiнде Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми әмбебап кiтапханысының ұйымдастыруымен «Абайдың мәңгiлiк, ұлылық мұрасы» тақырыбымен кiтаптар сөресiнен көрме ұйымдастырылды.
Iс-шараның құрметтi қонақтары болып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының кеңесшiсi Нұрлан Қалқа, Ақмола облысының Әкiмi Ермек Маржықпаев, «Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымының» төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмiрзақ Озғанбаев, Семей қаласының Шәкәрiм атындағы мемлекеттiк университетiнiң профессоры Назигүл Ғазизова құттықтау сөздерi мен баяндамаларын оқыды.
Сонымен қатар, алқалы отырыста Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттiк университетiнiң ректоры Марат Сырлыбаев, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» басылымдарының директоры Жабал Ерғалиев, филология ғылымдарының кандидаты, Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжiнiң директоры Нұртас Ахат, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ оқытушылары: заң ғылымының магистрi Берiк Нукиев, доцент, тарих ғылымының магистрi Ғалымтай Төлепбергенов, заң ғылымының магистрi Ерлан Мырзаханов, Ақмола облысының судьялары Сәуле Қияшева, Замира Смағұлова, Торқалы Бектұрсынов пен Әлiбек Оразов баяндамалар жасады.
Алқалы басқосуда Абайдың құқықтық көзқарасы сараланып, асыл мұрасы терең зерделендi. Баяндамашылар, Абай мұрасы және мемлекет мүддесi, Абай мұрасындағы рух категориясы, Абай Құнанбайұлы заңдарындағы отбасы мәселесiндегi әйел құқықтары мен әлеуметтегi алатын орны, дәстүрлi билiк жүйесi және Абайдың құқықтық көзқарастары, Абай және XXI ғасырдағы жер дауларын шешу мәселелерi, Абайдың құқыққа деген философиялық көзқарасы, Абай ережесiндегi қылмыстық жауапкершiлiктер және жазалар түрлерi, Абай заманындағы қазақ қоғамының саяси-құқықтық статусының тарихи жағдайлары, мүлiктiк қылмыстар және жаза түрлерi тақырыптарына өз ойлары мен зерттеулерiмен бөлiстi.
Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмiров конференция жұмысын аша отырып, Мемлекет басшысының Қазақстан халыққа Жолдауында ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерiн халық арасында дәрiптеуiмiз керектiгiне назар аударды.
«Бiз көбiнесе Абай Құнанбайұлын қазақ жазба әдебиетiнiң негiзiн қалаушы, ағартушы, композитор, классик ақын, заманының әдiл биi, ел басқарудың жүгiн қайыспай көтерген нар тұлғалы қоғам қайраткерi деп бiлiп келсек, бүгiн абайтанушы ғалымдардың арқасында Абай Құнанбайұлын заңгер ретiнде жаңа қырынан танып отырмыз.» — дедi Әмiров.
Сонымен қатар, төраға Ақмола облысы соттары мен сот қызметкерлерi арасында өткiзiлген Абайдың даналық сөздерiн оқу бойынша «Әр сөзiнен ұғындырған ұлылық» эстафета-челлендждiң қорытындысын шығарып, оған қатысқан сот ардагерлерi мен төрағаларына, барлық судьялар мен сот қызметкерлерiне алғысын бiлдiрдi.
«Абайдың Қарамола ережесi қылмыстық iстерге қатысты құқықтық құжат болғанымен, кейбiр баптары бiздiң қолданыстағы Азаматтық құқық және азаматтық iс жүргiзу нормаларына ұқсас келедi және қазiргi күнi де маңызы үлкен. Сондықтан да Абайдың ұлағатты идеялары мен асыл сөздерiн бүгiнгi мемлекеттiк билiк жүргiзу, ел басқару, ел саясаты және құқықтық реформа жүргiзуде тиiмдi пайдалану — өткен тарихтан сабақ алудың және үйренудiң айқын үлгiсi болып табылады.» — деп түйiндедi Ақмола облыстық сотының төрағасы.
Конференцияның қонағы Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшiсi Нұрлан Қалқа Жоғарғы Сот Төрағасының құттықтау хатын оқыды. Жақып Қажыманұлының құттықтау хатында «Абай жазған Қарамола ережесi ұлттық заң жүйесiн жасаудағы алғашқы қадам болуымен құнды» — деп көрсеттi.
Ұлағатты ұстаз, басқосудың құрметтi қонағы профессор Өмiрзақ Озғанбаев өз сөзiнде Абайдың генетикалық фонды туралы айтып, Абайдың рухымен талай ұрпақ тәрбиеленедi деп сенiмiн бiлдiрдi.
Конференцияға қатысушылар өткiзiлiп жатқан iс-шараға оң баға берiп, сот Абайдың еңбегiн дәрiптеп, насихаттау жүргiзiп жатқаны — бұл халыққа жақындағаны мен халықпен бой түзегенi деп өй-пiкiрлерiн жеткiздi.
Сонымен қатар, Семей қаласының Шәкәрiм атындағы мемлекеттiк университетiнiң профессоры Назигүл Ғазизова өз баяндамасында Абайды жазған Қарамола ережесi толық зертелмегенiн айтып, оған комментарий жазып, талдау жасаса ма деген ұсыныс айтты.
Алқалы жиынды қорытындылай келе, Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмiров, Мемлекет басшысының «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан «Абайдың даналығын, рухани асыл-мұрасын насихаттау, келешек ұрпақты көркем сөйлеуге, еңбекқорлыққа, шығармашылық жұмыс жасауға талпындыру — Сiздермен бен Бiздердiң мiндеттерiмiз» — деген сөзiн келтiрдi.