
Зерендi ауданынан келген зейнеткер Дмитрий Куликов тұрғын үйлерiн өртеп жiбергеннен кейiн баспанасыз қалғанын айтып проблемаларымен бөлiстi. Сонымен қатар, ол денсаулығы нашарлағанын және туған ауылының инфрақұрылымы нашар дамығанын жеткiздi. Ермек Маржықпаев осымен бiрнеше рет кездесiп отырған Дмитрий Семеновичтi мұқият тыңдап, жауапты қызметтерге тұрғын үй мәселесiн шешуге қолдау көрсетудi тапсырды. Аудандық ТҮКШ-да Д.Куликовтiң кезегi 25-iншi және жаңа үйден пәтер алуға барлық мүмкiндiктерi бар, объектiнi тапсыру мерзiмi — келесi жылы.
Жақсы аудандық мәслихатының депутаты, «Белағаш» ЖШС директоры Виктор Гертнер скайп-байланысы арқылы Чапаев ауылында жыл сайын тасқын сумен бөгет қирайтынын, ол өз кезегiнде ауыл тұрғындарының бiрден-бiр ауыз су көзi екенiн айтты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөгеттi күрделi жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама әзiрлеген, ол мемлекеттiк сараптамадан өткен. Жұмыстарының құны аз емес — 148 млн теңге. Ермек Маржықпаев құрылыстың орындылығын қарастыруды және проблеманы шешудi тапсырды.
Есiлдiктердiң тұрғын үй проблемасы толғандырған Есiл аудандық мәслихатының депутаты Анатолий Господарь да облыс әкiмiне өз сұрағын бейнебайланыс арқылы жолдады. Ауданда тұрғын үй алу кезегiнде 584 адам тұр, солардың iшiнде көп балалы отбасылар, жетiм балалар, апатты үйлерде тұрып жатқан отбасылар да бар. Ермек Маржықпаев келесi көктемде Есiл қаласында 45 пәтерлi үйдiң құрылысы басталатынын жеткiздi. Оған ЖСҚ дайындалған және ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы бар.