
Бүгiн, Ақмола облысының әкiмдiгiнде аппараттық кеңесте астық жинау науқанының барысы, жылу беру маусымына дайындық мәселелерi, нысаналы көрсеткiштерге қол жеткiзу бойынша өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы бойынша мiндеттер қаралды.
30 тамыздан берi өңiрдiң басым көпшiлiк бөлiгiнде қалың жаңбыр жауды және жауын-шашынның екi айлық нормасы түстi. Ауа райының жағдайы астық жинау жұмысына кедергi келтiрдi. Облыс әкiмi Ермек Маржықпаев аудандардың әкiмдерiне ауыл шаруашылығы басқармасымен бiрлесiп, астық жинау қарқынын тездету және ЖЖМ қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолдануды тапсырды. «Бiздiң мiндетiмiз — алқаптардан астықты уақытында жинап алу және оны қоймаларға жеткiзу. Барынша жұмылдырылуымыз, ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлермен ұтымды жұмыс iстеуiмiз керек. 26-на дейiн құрғақ ауа райы күтiлуде», — дедi өңiр басшысы.
Бүгiнгi таңда, жылу беру маусымына дайындық 99% құрайды. Жылу берудi қосу, кестелерге және ауа райының жағдайына қарай жоспарлануда. Ең алдымен, жылумен қамтамасыз етуге әлеуметтiк сала объектiлерi қосылатын болады.
Бюджеттiң кiрiс және шығыс бөлiктерiнiң орындалуы, құрылыс жұмыстарының көлемi, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарын, «Ауыл — ел бесiгi» арнайы жоспарын iске асыру туралы облыс әкiмiнiң орынбасарлары Қанат Ыдырысов және Асқар Мұратұлы баяндап бердi. Облыс әкiмi 9 айдың қорытындысы бойынша ӘЭД көрсеткiштерiнiң орындалуын қамтамасыз етудi тапсырды.