Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті отырысы өтті

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті отырысы өтті

Отырыста Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтудің барысы туралы мәселе қаралды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова бүгінгі таңда 160-тан астам негізгі жобалар мен іс-шаралар енгізілген тақырыптық іс-шаралардың 2021 жылға арналған жоспары әзірленіп, бекітілгенін баяндады. Жыл басынан бері облыс бойынша 10000-ға жуық түрлі форматтағы іс-шаралар іске асырылды. Оның ішінде, халықаралық деңгейде - 12, республикалық деңгейде - 30, облыстық деңгейде - 1 700, аудандық және қалалық деңгейде - 8 мыңнан астам іс-шара. Халықты іс-шаралармен жалпы қамту 400 мыңнан астам адамды құрады. 

Басқарма басшысы «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан ғылымы. Жетістіктері мен даму перспективалары» атты республикалық фестиваль, «Рухани қазына – 2021» мәдениет ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалі, Тәуелсіздік құрдастары мен этномәдени ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Тәуелсіздік жастары» аллеясы мен Достық арбатының ашылуы, «Тәуелсіздік тарландары» жобасы аясында жастардың «Еңбек ері» атағының иегерлерімен кездесуі сияқты өткізілген зәкірлі іс-шараларды атап өтті.

Өңір басшысы орынбасарларға белгіленген мерзімдерге сәйкес өнеркәсіп және әлеуметтік объектілердің пайдалануға берілуі мен ашылуын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Аудандардың, Көкшетау, Қосшы және Степногорск қалаларының әкімдіктеріне Тәуелсіздіктің қалыптасуына зор қосқан азаматтардың барлық санаттарына құрмет көрсетуді қарастыру, сондай-ақ іс-шараларды өткізу кезінде санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды. 

Екінші мәселені талқылау барысында 2021-2022 жылдардың қыс маусымына дайындық шаралары қаралды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ақмола облысы ТЖД бастығы, полковник Нұрлан Атығаев баяндады.

«Жыл сайын облыс аумағында қыс маусымы қауырт режимде өтеді. Алдын ала болжам бойынша, алдағы қыс өткен жылмен салыстырғанда жауын-шашынның көбеюіне әкеледі, боран қатты болады деп күтілуде.

Тәжірибе көрсеткендей, қыс маусымында апатты жағдайлардың басым бөлігі ауа райына байланысты трассаларда орын алады», - деп түсіндірді Н. Атығаев.

Нұрлан Атығаевтың айтуынша, қар басатын учаскелерге жақын маңда 268 жылыту және 193 тамақтану пункттері белгіленді.

Облыстық азаматтық қорғау қызметтерін қыс маусымына дайындау облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жүргізіледі, сондай-ақ тиісті жоспар бекітілді.

Ермек Маржықпаев елді мекендерді қардан уақытылы тазалау мен шығаруды ұйымдастыруды, Денсаулық сақтау объектілерінің халыққа жедел медициналық көмек көрсетуге дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.