КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат — Көкшетаудың 195-жылдығында әлемнiң екi бiрдей рекордты орнатылды. Бұл ресми түрде Гиннестiң әлемдiк рекордтар кiтабында тiркелдi, деп хабарлайды ҚазАқпарат тiлшiсi. Краснояр кентiндегi «Құлагер» атшабарында Көкшетау қаласының 195-жылдығына арналған құрақ көрпе тiгуден «Құрақ көрпе Fest» фестивалi өттi. Оған қала тұрғындары, үкiметтiк емес ұйымдардың, мемлекеттiк мекемелер мен кәсiпорындардың қызметкерлерi қатысты.
Фестиваль барысында екi бiрдей рекорд орнатылды. Оның бiрi, құрақ көрпеден жасалған 33 метр шеңбер болса, екiншiсi ұзындығы 11120 метр құрақ көрпе Гиннестiң рекорттар кiтабына енгiзiлдi. Шараға Гиннестiң әлемдiк рекордтарын ұйымдастырудағы ресми төрешi мәскеуден келген Влад Кабулов қатысып, арнайы сертификаттарды аймақ басшысы Ермек Маржықпаевқа тапсырды.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесiнiң төрайымы Зере Қиықованың айтуынша, құрақ көрпенi жасауға 2 ай уақыт кеткен. «Көкше өңiрi ақындық, әншiлiк өнерiмен ғана танымал емес, қол өнерiмен де әйгiлi. Өңiрде он саусағынан өнер тамған Үкiжан Ементаева сияқты қөлөнердiң хас шеберлерi бар. Осындай шеберлерiмiздiң арқасында сүйiктi Көкшетау қаламыздың 195 жылдығына ерекше тарту жасап отырмыз», деп атап өттi Зере Қиықова.