
Көкшетаудың «Тәуелсiздiк» орталық алаңында Қазақстан халқының бiрлiгi мерекесi атап өтiлдi. Iс-шара облыстың үздiк шығармашылық ұжымдары дайындаған «Бiр шаңырақ астында» музыкалық-хореографиялық прологымен басталды.
Облыс әкiмi Ермек Маржықпаев өзiнiң құттықтау сөзiнде Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қазақстандықтар тәуелсiз және қарқынды дамып келе жатқан, барша халқын татулық пен Отанының тағдыры үшiн ортақ жауапкершiлiк бiрiктiретiн мемлекетте өмiр сүрiп жатқанына назар аудартты, «Облыста тұрып жатқан 100-ден аса этностар — бiздiң өңiрiмiздiң мақтанышы мен басты байлығы. Бiр-бiрiмiздiң тiлiмiздi, салт-дәстүрлерiмiздi сақтап, бiз барлық бастамаларымызда сенiмдi жетiстiктерге жетiп, өңiрiмiздi және тұтас елiмiздi тұрақты дамытуға ықпал етемiз», — дедi облыс әкiмi.
Ермек Маржықпаевтың айтуынша, Елбасының «Туған жер» немесе «Малая Родина» бағдарламасы жалпыұлттық отансүйгiштiктi тәрбиелеудiң жоғары рөлiн ашық көрсететiн маңызды бастамасы болып табылады. Соңғы екi жылда ғана Ақмола облысында демеушiлiк қаржы есебiнен 60 әлеуметтiк объектiнiң құрылысы салынып, 105 жоба жүзеге асырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының желiсi бойынша көп қайрымдылық жұмыстар жүргiзiлуде. Екi жылда өңiрдiң этномәдени бiрлестiктерi 400-ден аса iс-шаралар ұйымдастырды, олардың шеңберiнде 450-ден аса отбасына 600-ге жуық балаға, 1500 қарттар мен мүмкiндiгi шектеулi жандарға материалдық көмек көрсетiлдi.
Мерекенiң қонақтарына арналып көз тартымды этноауыл орналастырылды және декоративтiк қолданбалы өнер шеберлерiнiң кең көлемдi көрмесi ұйымдастырылды. Этномәдени бiрлестiктер өздерiнiң ұлттық салт-дәстүрлерiн, тағамдарын, киiмдерiн, ал халықтық өнерпаздар өз қолдарымен жасаған бiрегей бұйымдарын көрсеттi.
Мереке спорттық жарыстармен және концерттiк бағдарламалармен жалғасты. Қазақстандық эстрада жұлдыздары Мөлдiр Әуелбекова, Алмас Кiшкенбаев, рэперлiк дуэт Райм мен Артур, «Назар аудар» командасының белгiлi КВН-шiлерi және басқалар халыққа мерекелiк көңiл-күй сыйлады. Ал кешке оpen air форматында өткiзiлетiн «Aqmola jastary» жастар бағдарламасы жоспарланған.