
Бүгiн Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткiзiлген аппараттық кеңесте сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ, «Ақмола — адалдық алаңы» жобалық офисiнiң қызметi мәселелерi қарастырылды.
Басқарма басшысы Владимир Фелбелттiң ақпараты бойынша өңiрдегi 617 елдi мекеннiң 482-сi бас жоспармен қамтамасыз етiлген, ол 78% құрайды. Облыстың барлық облыстық маңызы бар қалалары мен 17 аудан орталығында жаңа бас жоспарлары бар.
Әзiрленiп жатқан бас жоспарлардың заңнама талаптарына сәйкестiгiн анықтау үшiн басқарма оларды келiседi, ал кейбiр жобалар бойынша — кешендi қала құрылысы сараптамасын жасайды.
2018 жылы және 2019 жылдың өткен кезеңiнде басқарма облыстық қала құрылысы кеңесiнiң 8 отырысын өткiздi, оларда Целиноград, Аршалы, Есiл, Зерендi, Жарқайың, Бурабай аудандарының жобалары және Көкшетау, Щучинск қалаларының орталық бөлiктерi мен Бурабай кентiнiң егжей-тегжейлi жоспарлау жобалары қарастырылды.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағын бұдан әрi дамыту шеңберiнде орталық көшелердiң сәулеттiк келбетiн, Жұмбақтас пен Оқжетпес жартастарын жарықтандыруды жақсарту, шағынгүлбақтар мен жағажай аймақтарын абаттандыру, кемпингтер, көру алаңдарын, туристер үшiн демалыс аймақтарын ұйымдастыру бойынша сызбалық ұсыныстар дайындалды.
«Smart Aqmola» КММ-мен бiрлесiп Ақмола облысының геоақпараттық порталында «Тұрғын үй қоры» тарауын ашу бойынша жұмыстар жүргiзiлдi. Нәтижесiнде облыстың барлық елдi мекендерiнiң электрондық карталары әзiрлендi. Сәулет, жер және тұрғын үй қатынастары саласында мемлекеттiк қызметтердi автоматтандыру шарттарын жасау үшiн геопорталдың тарауларын кеңейту көзделiп отыр.
Баяндамалардың қорытындылары бойынша облыс әкiмi сәулет және қала құрылысы басқармасына облыс елдi мекендерiнiң бас жоспарларын, даму мен құрылыс салу сызбаларын, егжей-тегжейлi жоспарлау жобаларын әзiрлеуге тұрақты мониторинг жүргiзудi тапсырды. Аудандар мен қалалардың әкiмдерiне сәулет және қала құрылысы саласында халыққа мемлекеттiк қызметтi сапалы және уақытында көрсетудi, бизнес субъектiлерiне кейбiр заңнамалық актiлерге жарнама мәселелерi бойынша енгiзiлген өзгерiстердi түсiндiру бойынша жұмыстар жүргiзудi тапсырды.
ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi Ақмола облысыс бойынша департаментiнiң басшысы Берген Беспалинов «Ақмола — адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
Ағымдағы жылдың басынан берi жобалық офис қоғаммен және мемлекеттiк органдармен бiрлесiп сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiнiң алдын алуға, анықтауға және жоюға, сондай-ақ қызметтi алушыларға қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған 40-қа жуық iс-шара өткiздi. Жобаның шеңберiнде адалдық дүкендерi ашылып, мемлекеттiк мекемелердiң аудандарын өзгерту мен оңтайландыру, жобалық офис қызметiнiң әрбiр бағыты бойынша сауалнамалар, экспресс-суалдар жүргiзiлуде.
Ақпаратты тыңдап, Ермек Маржықпаев аудандар мен қалалардың әкiмдерiне, облыстық басқармалардың басшыларына әкiмшiлiк кедергiлердi жою және көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң сапасын арттыру үшiн мемлекеттiк органдарды open space форматы бойынша трансформациялау мүмкiндiгiн қарастыруды тапсырды.
Ағымдағы мәселелердi талқылап, облыс әкiмi салалық басқармалардың басшыларына халықтың әлеуметтiк әлжуаз топтарын қолдауды, елдi мекендердi абаттандыру мен көгалдандыруды, әлеуметтiк маңызды азық-түлiк тауарларына баға өсуiне жол бермеудi, «қарапайым заттар экономикасы» шеңберiнде жобаларды жүзеге асыруды және көктемгi егiн егу жұмыстарына сапалы дайындалуды тапсырды.