Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында инженерлiк-көлiктiк инфрақұрылым ахуалымен танысып, жергiлiктi су тарату станциясын аралап көрдi. Қазақстан Президентiне сумен және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесiн шешу жөнiндегi тапсырманың орындалуы туралы баяндалды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Р.Қошқарбаев атындағы №1 орта мектепке барды. Мемлекет басшысы мұғалiмдермен және оқушылармен әңгiмелесу барысында сапалы бiлiм алу үшiн елiмiзде барлық қажеттi жағдай жасалғанын айтты.
Қазақстан Президентi ауыл тұрғындарының саны жылдам өсiп келе жатқанын, аталған жағдай азаматтардың тұрмыс сапасына керi әсер етпеуi керек екенiн айтты. Үш ауысымды мектептердiң мәселесiн шешуге бағытталған шараларға ерекше назар аударды.
– Бiз бұл мәселенi жақсы бiлемiз және Қосшы ауылында 1200 орындық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Тиiстi қаражат бөлiндi. Аталған мәселе менiң бақылауымда болады, — дедi Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл елдi мекеннiң халқы ресми есептелген межеден көп артып кеткенiн айтты.
– Статистикалық мәлiмет бойынша кент 16 мың адамға есептелген. Бiрақ, iс жүзiнде 50 мыңнан астам халық тұрады. Бұл ауданның әлеуметтiк саласына үлкен салмақ түсiредi. Аталған мәселенi облыс басшылығымен талқылап, жүйелi түрде шешетiн боламыз, — дедi Қазақстан Президентi.
Сапар қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы кемшiлiктердi қалпына келтiрiп, ауылды одан әрi дамыту үшiн Үкiметке және Ақмола облысының әкiмдiгiне нақты тапсырмалар бердi.