Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті

Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті

Бүгiн Көкшетауда Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күнiне арналған «Адал жол — Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумы өткiзiлдi. Iс-шараға Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин, ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi төрағасының орынбасары Олжас Бектенов қатысты.

Облыс әкiмi Форум қатысушыларын құттықтау сөзiнде: «Ұлт Көшбасшысы Нұрсултан Назарбаев өзiнiң биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуi: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында жемқорлықпен күрестi маңызды басымдықтардың бiрi ретiнде белгiледi. Соның өзiнде жемқорлықпен күрес оған қоғамның барлық мүшелерi қатысқан жағдайда ғана тиiмдi болады» — деп атап өттi.

Форумда ағымдағы жылы облыстың барлық өңiрлерiнде өткiзiлген «Адал жол — Честный путь» облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафонының қорытындысы жасалды. Аталған Марафонның шеңберiнде 30 мың адамды қамтыған жемқорлыққа қарсы мәдениеттi арттыруға бағытталған 400-ден астам iс-шара өткiзiлдi.

Ақмолалықтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетiнiң деңгейiн арттыруға қосқан үлесi, кең ауқымды ақпараттық-түсiндiру және мәдени-бұқаралық iс-шараларды ұйымдастырғаны үшiн I орын Жақсы ауданына, II орын — Сандықтау ауданына, III орын Бiржан сал ауданына берiлдi. Сонымен қатар, марафонға белсендi қатысқаны үшiн Астрахан және Жарқайың аудандары дипломдармен марапатталды.

Орталық аппаратта қолдауға ие болған, әрi қарай елiмiздiң барлық өңiрлерiне кеңiнен тараған ақмолалық марафонның ерекшелiгiн өз сөзiнде Олжас Бектенов атап өттi. «Адал жол — Честный путь» марафонының идеясы Ақмола облысында бастау алды. ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi осы тәжiрибенi қабылдап, барлық өңiрлерге таратты. Бүгiнгi таңда Ақмола облысының департаментi Қазақстан бойынша үздiк департаменттер қатарында және соңғы алқа мәжiлiсi отырысының қорытындысы бойынша өңiрдiң жергiлiктi атқарушы органдарымен бiрлескен iс-қимылды жоғары дәрежеде ұйымдастыруы Агенттiк төрағасы тарапынан оң баға алды» — дедi ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, ақмолалық жемқорлыққа қарсы мәдениетiн арттыруға елеулi үлес қосқандары үшiн бiлiм беру, мәдениет, бизнес-қоғамдастық және БАҚ салаларының өкiлдерi алғыс хаттармен марапатталды.

Форум Ақмола облысы қалалары мен аудандары делегацияларының, қоғам өкiлдерiнiң, үкiметтiк емес ұйымдар мен саяси партиялар басшыларының, ЖОО және арнайы орта бiлiм беру мекемелерiнiң студенттерi мен оқытушыларының, азаматтық және мемлекеттiк қызметшiлердiң, бизнес-құрылымдар мен БАҚ өкiлдерiнiң қатысуымен өттi.