Мәлік Мырзалин: «Бурабай баурайына туристерді тарту үшін алдағы жазғы мауысымға сапалы дайындалу қажет»

Мәлік Мырзалин: «Бурабай баурайына туристерді тарту үшін алдағы жазғы мауысымға сапалы дайындалу қажет»

Облыс әкiмi Мәлiк Мырзалин Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жөнiнде кеңес өткiзiп, жобалар мен жоспарларды тиянақты орындап шығудың маңыздылығын атап көрсетiп, нақты тапсырмалар жүктедi.

Облыстық басқармалар, ведомстволар мен кәсiпорындардың басшылары қатысқан кеңесте облыс әкiмiнiң орынбасары Василий Крылов курортты аймақты дамыту жоспары экология мен транспорттық логистика инфрақұрылымдары проблемасын шешу және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бағыттарын қарастыратынын, жалпы, 61,4 миллиард теңгеге бағаланған отыз төрт шараны өткiзу межеленгенiн баяндап бердi. Оның iшiнде 31,1 миллиард теңгеге бағаланған 26 шараны облыстық әкiмдiк жүзеге асырмақшы. 2018 жылы тоғыз шараға 4,5 миллиард теңге қарастырылған. Қабылданған жоспармен қатар Бурабай ауданы аумағындағы қала құрылысының кешендi жобасы жасалды. Курортты аймақтың әкiмшiлiгi болып саналатын Бурабай кентi мен Абылайхан алаңында, өзге де аумақ пен Щучинск қаласы маңында қала құрылысын дамыту қарастырылған. Бүгiнгi таңда жұмыста екi бас жоспар пайдаланылады. Облыс басшысы бұл бас жоспарлардың түзетiлуiне назар аударуды тапсырды.

Кеңесте бұдан екi жыл бұрын бекiтiлген Щучинск қаласының бас жоспары жөнiнде айтылды. Бұл қаланың Заречный шағын ауданында бiрқатар әлеуметтiк нысандар мен тұрғын үйлер бой көтерген. «Rixos» қонақ үйi кешенiнiң маңына туристiк ойын-сауық орталығы салынбақшы. Дегенмен, бұл жобаға бүгiнгi күнге дейiн конкурс жарияланбапты. Аймақ басшысы бұл жұмысты дереу қолға алуды тапсырды.

Бұдан кейiн облыс әкiмi 2013 жылы жасалған Бурабай кентiнiң бас жоспарымен танысты. Мұнда спорттық, туристiк ойын-сауық нысандары мен автокөлiк жолдарына қатысты тузетулер енгiзiлген. Келесi жылы бульвар салу межеленген. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкiров өз сөзiнде Щучинск-Бурабай курортты аумағының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша алты жоба қарастырылғанын айтып өттi. Бүгiнгi таңда төрт жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта судан құтқару станциясы, спорт кешенi және өзге де нысандар салынбақшы. Облыс басшысы бұл нысандардың туристерге де ортақ болуын тапсырды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченко өз сөзiнде су, жылу және кәрiз жүйесi тартылғанын, қазiр кейбiр нысандардың құрылысы жүргiзiлiп жатқанын айтып өттi. Биылғы жылы Щучинск қаласы, Бурабай кентi мен Қатаркөл ауылында жүзеге асырылып жатқан алты жобаға республикалық бюджеттен бөлiнген қомақты қаржы толық игерiлген. Келесi жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлiнiп, бұл жұмыстар одан әрi жалғастырылады.

Облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дудар Сағитов өз сөзiнде биылғы жылы салынған курортты аймақтың жолдары жөнiнде айтып бердi. Жобаны түзетуге облыстық бюджеттен тиiстi қаржы қарастырылған. Жол құрылысына 2,5 миллиард теңге қажет. Келесi жылы Мәдениет ауылына баратын жол, аудандық маңызы бар тағы басқа бiршама жолдар жөнделедi. Облыс әкiмi өз сөзiнде Бурабай кентi iшiндегi автокөлiк жолына көңiлi толмайтынын атап өттi. Тiптi, мұнда қонақ үйлерге баратын күре жол жоқ. Бұдан соң аймақ басшысы аквопарк, парковка, ипподромның және үш бульвардың жобаларымен танысты. Облыстық туризм басқармасының жұмысына аймақ басшысының көңiлi толмады. Жергiлiктi әкiмдiк пен басқармаға мұз қалашығын тезiрек салуды тапсырды. Бұдан кейiн таулы шаңғы базасының жобасымен танысты. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасау үшiн 1,5 миллион доллар қажет екен. Құрылысына да қомақты қаржы керек. Облыс әкiмi жобаның иелерiнiң бұл сөзiмен келiспедi. Мәлiк Мырзалин Щучинск қаласындағы спорт кешенiнiң жобасымен танысып, оны кеңейтудi тапсырды. Курорттық аймақта арабтар салатын жылқы қорасы, салынатын және салынып жатқан өзге де нысандарды тiзiмге алып, бақылауда ұстау қажеттiгiн айтты.

– Сондай-ақ, курортты аймақта сумен және балшықпен емдеу орындары жұмыс iстеуi керек. Әзiрше кәсiпорын басшылары белсендiлiк танытпай отыр. Келесi жылы тазалықты сақтамайтын демалыс орындары, мейрамхана, асхана тәрiздi нысандар жұмыс iстемейтiн болады. Осы орайда, бұл жұмысты бүгiннен бастап қолға алу керек. Алдағы жылдары жаңа қонақ үйлер салынып, сiздердiң кiрiстерiңiзбен ортақтасады. Сондықтан, жергiлiктi кәсiпкерлер даму жолына түсуi қажет. Демалыс орындары қолжетiмдi болуы тиiс,– деген өңiр басшысы тиiстi басшыларға жаңа жылдың басында курортты аймақта туристiк саланы дамытудың жол картасын бекiтудi тапсырды.