
Ақмола облысының әкiмi Хэбэй провинциясының әкiмшiлiк орталығы Шицзячжуань қаласында болды. Провинцияның ЖIӨ ағымдағы жылғы үш тоқсандағы өсуi 6,7 пайызды құрады, ал өткен жылғы көрсеткiштен 500 млрд. долларға артық.
Сапары барысында аймақ басшысы, Хэбэй провинциясының губернаторы Сюй Цинь мырамен кездестi.
Кездесуде Қытайдың Хэбэй проивинциясының губернаторы Сюй Цинь, Ақмола облысы мен Хэбэй провинциясының ұқсастығын алға тартып, екi жақтық қарым-қатынасты нығайтуда бiрқатар ұсыныс айтты. Тараптар сондай-ақ ауыл шаруашылығы, қолжетiмдi баспана, шикiзатты терең өңдеу, туризм мен жоғары технологиялар саласының даму болашағы туралы пiкiр алмасып, осы мақсатта бiрлескен жұмыс топтарын құрып, мәдени-танымдық бағдарлама аясында делегация алмасу туралы уағдаласып, әр тараптан үйлестiрушiнi тағайындады.
Бұдан бөлек, тағы бiр жұмыс тобы бауырластық туралы келiсiмдi жүзеге асыратын болды.
Мәлiк Мырзалин Шицзячжуань қаласының жоғары технологиялық бiрегей аудандарының бiрiнде болып, ондағы екi маңызды аймақты көрдi. Әлемдегi ең iрi патенттелген дәстүрлi Қытай медицинасындағы өсiмдiк өнiмiне негiзделген фармацевтика саласындағы өндiрiс орнының жұмысымен танысты.
Ақмола облысының делегациясы "Цзюлебао" сүт өнiмiн өндiру жөнiндегi Қытайдағы iрi зауытта ауыл шаруашылығы өнiмiн өңдеу бойынша ынтымақтастық мәселелерiн талқылады.