Ақмола облысында жаңа спорт кешені ашылды

 Ақмола облысында жаңа спорт кешені ашылды

Ақмола облысының Сандықтау ауданында қазіргі заманға сай жабдықталған дене шынықтыру спорт кешені ашылды,

Аудан орталығы Балкашино селосында қолданысқа берілген спорт нысанының ашылу салтанатына аймақ басшысы Мәлік Мырзалин қатысып, сандықтаулықтарды қуаныштарымен құттықтады. 180 келушіге арналған кешеннің құрылысы бюджеттен бөлінген 250 миллион теңгеге салынған.

Облыста спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға зор көңіл бөлінуде. Қазіргі заманғы спорт алаңдары, стадиондар, дене шынықтыру жəне сауықтыру алаңдары салынуда. Жыл басынан бері облыста 35 спорт нысаны пайдалануға берілді. Жастардың спортпен шұғылдануына көңіл бөлінуде. Бұл жағынан алғанда Сандықтау ауданының спортшылары көш бастап тұр», - деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Кешеннің ашылуына қатысқан аймақ басшысы спорт нысанының ішін аралап көрді. Ғимаратта футбол, фитнес алаңдары және жабық бассейін бар. Қазіргі кезде аудан орталығында 200 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Аудан əкімі Асылбек Исмағамбетов осы мектептің жаңынан шағынаудан тұрғызу жоспарланып отырғандығын атап өтті.

Осы күні Сандықтау ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған 18 пәтерлі тұрғын үйде пайдалануға берілді. Жаңа тұрғын үйді тапсыру салтанатына ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Мәлік Мырзалин қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Тұрғын үй құрылысы облыстық бюджеттен бөлінген 105,2 миллион теңге қаржыға салынған. Жұмысты мердігер «Строй Центр Кокшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бұл ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып отырған алғашқы тұрғын үй. Баспаналы болғандардың арасында балалар үйінің тәрбиеленушілері, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері жəне соғыс ардагерлері бар. Соның бірі Белорусь, Латвия, Литва жəне Польшаны азат етуге қатысқан 91 жастағы соғыс ардагері Григорий Черевко өңірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытында алға қойған міндеттері мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырылып жатқандықтары үшін облыс басшысына алғысын білдірді.

 «Көптен күткен қуанышыма қол жеткізіп отырмын. Жаңа екі бөлмелі пәтердің кілтін алдым», - деді соғыс ардагер.