
«ЭКСПО-2017» ұсынылған жобалардың 5-уi Ақмола облысында жүзеге асырылуы мүмкiн. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлiк Мырзалиннiң төрағалығымен өткен аппараты кеңесiнде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Виктор Радченко мәлiмдедi. Оның сөзiнше, мамандар «ЭКСПО-2017» көрмесiнде энергетика және мұнайгаз саласында ұсынылған 130 жаңа технологиямен танысқан. Арнайы құрылған жұмыс тобы осы жаңа технологиялардың iшiнен өңiрде жүзеге асыруға тиiмдi деген 5 жобаны таңдап алған. Ақмола облысы үшiн «жасыл энергетика» ережесi бойынша «құбырсыз» газ тарту жобасы тиiмдi. «Бұл жоба экономикалық және экологиялық жағынан тиiмдi», дедi В.Радченко. Сонымен қатар, келешекте Аршалы ауданының Қостомар ауылында қуаты 100 МВт жел электр стансасы салынатын болады. Ал, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсiпорыны инновациялық жолмен турбогенераторды iске қосуды жоспарлап отыр. Тағы бiр ноу-хау Степногор қаласындағы су тазалау нысанын жаңғырту болса, ендi бiрi «Көкшетау минералды сулары» АҚ электртаратқыш желiсiнде компьютерлiк бақылау технологиясын енгiзу көзделген.
Аппарат кеңесiнде биылғы жылу беру маусымы да сөз болды. Биыл жылу маусымы облыс бойынша ойдағыдай басталды. Ала жаздай жылу қазандықтары, құбырлар жөнделiп, отынның қоры жасалды. Әлi де болса отын қоры толықтырылып жатыр. Жылу беру маусымына қатысты облыс басшысы облыс әкiмi М.Мырзалин Көкшетау және Степногор қалаларымен барлық аудандардың әкiмдерiн әлеуметтiк нысандарға жылу берудiң тұрақты нормативiн сақтауды және тұрғындарды сумен, электр қуатымен, жылумен үздiксiз қамтамасыз етудi тапсырды.
Ақмола облыстық кәсiпкерлер палатасына жаңа басшы келдi .«Атамекен» Қазақстан Республикасының ұлттық кәсiпкерлер палатасы басқармасы отырысының шешiмiне сәйкес Қайрат Сұлтанов Ақмола облыстық кәсiпкерлер палатасының директоры болып тағайындалды. Қайрат Абайдоллаұлы 1970 жылы бұрыңғы Көкшетау облысы «Қызылту» поселкесiнде дүниеге келген. Бiлiмi жоғары. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiн бiтiрген. Инженер-экономист.