
Бүгiн Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыру жолдарын түсiндiру мақсатында өңiрге Еуразия ұлттық университетiнiң ректоры Ерлан Сыдықовтың бастап келген университеттiң бiр топ ғалымынан құрылған делегациямен кездестi. Делегация құрамында атақты ғалымдар, қоғам қайраткерлерi бар, олардың iшiнде ҚР мемлекеттiк гербiнiң авторы Ж. Мәлiбеков, Халық қаһарманы Т. Мұсабаев, қазақ әдебиетi кафедрасының меңгерушiсi, филология ғылымдарының докторы С. Негiмов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушiсi А. Башмаков бар.
Кездесудi ашқан аймақ басшысы, бүгiнгi күнi бiлiм жүйесiндегi қайта жаңғырту мемлекеттiк саясаттың маңызды стратегиялық бағыты болып табылатынын атап өттi.
Өз кезегiнде басқосуда ғалымдар аймақты дамытуға бағытталған 4 инновациялық жобамен таныстырды. Олар энергетикалық сервис келiсiмшарты схемасы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың энергиялық тиiмдiлiгiн арттыру; түрлендiрiлген битумды өндiрудiң инновациялық жолы; балшық шөгiндiлерiн экологиялық таза түрде кәдеге жарату;Ақмола облысының «Алтын сақина» жобасы.
Кездесу қортындысында Ақмола облысы әкiмдiгi мен Л. Гумилев атындағы ЕҰУ арасында өзара ынтымақтастық жөнiнде меморандумға қол қойылды.
Өз кезегiнде аймақ басшысы Мәлiк Мырзалин өңiрге қажеттi мамандар бойынша облыстан 10 мектептiң түлегi Ақмола облысы әкiмiнiң грантымен Л. Гумилев атындағы ЕҰУ бiлiм алатынын жеткiздi. Бұл тұрғыда ең басты талап, университет бiтiргеннен кейiн түлектер Ақмола облысы аумағында жұмыс жасауы қажет.
Тараптар аталған жоспарлар мен мiндеттердiң орындалатынына сенiм бiлдiрiп, ынтымақтастық өрiсiн аймақтың инновациялық түрғыдан жандануында, қажеттi мамандармен толықтыруда одан әрi дамытуға уағдаласты.
Осы күнi Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдарының қатысуымен Ш. Уәлиханов атындағы КМУ «Туған жер: зерде және зерттеу» атты конференция өттi.