Ақмола облысы әкімінің Жеңіс күнімен құттықтауы

Ақмола облысы әкімінің Жеңіс күнімен құттықтауы

Құрметті соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері!

                                 Қадірлі ақмолалықтар!

Мен сіздерді бүгінгі қасиетті де қас­терлі мереке – Жеңіс күнімен құттықтаймын!

Жеңіс бізге оңай жолмен келген жоқ. Ұлы жеңіс жолында Отан үшін от кешіп миллиондаған асыл азаматтар мерт болды, қаншамасы iз-түссiз жоғалды, қаншама тағдыр тәлкекке түсті. Әр отбасы соғыс ауыртпалығын өз басынан өткерді. Туған Отанының бос­тан­дығы мен азаттығы үшін ауызбен айтып жеткізгісіз қиын­дыққа төзіп, Ұлы Жеңіске қол жеткізген майдангерлерден қа­лыс­пай, тылда қажырлылықпен еңбек еткендер де Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.

Ұлы Жеңіс болашаққа үміт әкелді. Бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың арқасында біз кемел әрі гүлденген Қазақстанда өмір сүрудеміз. Ең бастысы, көп ұлтты халқымыз­дың арасындағы дос­тықтың нә­тижесінде тату-тәтті тіршілік жалғасуда.

Ұлы Отан соғысы жылдары соғысқа әрбір бесінші қазақстандық кетті. Біздің Ақмола облысынан 89 867 адам шақырылды. 37 169 адам ғана кері оралды. Біздің 66 жерлесіміз Кеңестер Одағының Батыры және Даңқ орденінің иегерлері атанды.

Ұлы Отан соғысында ерлікпен соғысқан ақмолалық Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағанбетов, Мәлік Ғабдуллин және өзге де жауынгер-жеңімпаздардың батырлық жолдары Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі болып табылады. Сондықтан да, соғыс пен ол туралы естелік - көпұлтты ел тарихының бір бөлігі ретінде біздің жадымызда мәңгі сақталады.

Құрметті жерлестер!

Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі. Біздің парызымыз — бұл алапат соғыстағы Жеңістің бізге қалай келгендігін ұғыну, қаза тапқандарды қадір тұтып, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсету. Олардың саны жыл өткен сайын сиреп барады. Біздің облысымызда Ұлы Отан соғысының небәрі 115 ардагері тұрады. Бізге бейбіт өмір мен ашық аспан сыйлаған жеңіс солдаттарына бас иіп, тағзым етеміз.

Тылда қалғандар өздерінің ерен еңбектерімен Жеңісті жақындату үшін қолдан келгенін аямай, соғыстан кейін де майданнан оралған ағалар, әкелермен бірге елімізді қалпына келтіріп, жас ұрпақтың болашағы үшін тер төкті. Біз бүгін облыстағы 6000-нан астам тыл еңбеккерлеріне де ауыр күндердегі адал еңбектеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс білдіреміз!

Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!