Өңір басшысы абаттандыру айлығы аясында ағаш егу жұмысына қатысты

Өңір басшысы абаттандыру айлығы аясында ағаш егу жұмысына қатысты

Ақмола облысының əкiмi Мəлiк Мырзалин абаттандыру айлығы аясында жалпы қалалық сенбiлiкке қатысып, ағаш отырғызды

Сенбiлiк кезiнде аймақ басшысы Көкшетау қаласынан шыға берiсте Астана бағытындағы тас жолдың бойында орнатылған “Құлагер” ескерткiшi жəне “Көкшенiң ерке самалы” сəулет композициясының маңында ағаш отырғызды. Оған қоса Мəлiк Мырзалин қаланы көгалдандырумен айналысатын “Жасыл ел НС” ЖШС-нiң питомниктерi, Васильковск жəне Центральный шағын аудандарындағы тұрғын үйлердiң аулаларын абаттандыру, “Алтын ғасыр” сауда үйiнiң маңындағы алаңды жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Осы жерде аймақ басшысы тұрғындармен кездесiп, абаттандыру жұмыстарына қатысты пiкiрлерiне құлақ түрдi. Мердiгерлерге жөндеу жұмыстарын сапалы атқаруды тапсырды.

Еске сала кетейiк, 17 сәуiр — 20 мамыр аралығы Ақмола облысында санитарлық тазалау, көркейту және көгалдандыру айлығы деп жарияланған болатын. Бүгiнгi күнi облыс орталығында 2 мыңнан астам түп ағаш отырғызылды. Айлық соңына дейiн отырғызылатын ағаш санын 3 мыңға жеткiзу жоспарланған. Оған қоса 23 мың шаршы метр аумаққа гүл егiлетiн болады.

Жалпы, Көкшетау қаласы бойынша 2015 жылдан бастап аула аумақтарын абаттандыру бойынша жүйелi жұмыс жүргiзiлуде. Биыл қалалық билiк өкiлдерi 12 аула аумағында күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзуге ниеттi. Бұдан бөлек, биылғы жылы 16 ойын, 7 спорт алаңы абаттандырылып, тағы 3 алаң салынбақ.