
Бүгiн өңiр басшысы Мәлiк Мырзалиннiң төрағалығымен әкiмдiк отырысы өттi. Басқосуға аудандар мен қала әкiмдерi, басқарма, департамент, ведомстволар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.
Күн тәртiбiнде ағымдағы жылдың бiрiншi тоқсанындағы өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы, бюджеттiң орындалуы, сондай-ақ 2016-2017 жылдардағы жылу беру маусымының қорытындысы мен келесi маусымға дайындығы тыңдалды.
Алғашқы болып облыстық экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Малғаждаров есеп бердi.
Б. Малғаждаровтың мәлiмдеуiнше, Ақмола облысы бiрiншi тоқсанда негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштер нәтижесiнде тұтынушылар құны деңгейi бойынша үздiк нәтижелерге қол жеткiзген (облыс шегiнде 2 орын), ал өнеркәсiптiк өндiрiс және инвестициялық салым саласында облыс 4-iншi орында.
Ауыл шаруашылығында мал және құс басының өсiмi мен ет және сүт өндiрiсiнiң көлемi артқан.
«Өңiрдiң алдында ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу бойынша кәсiпорындар санын арттыру мәселесi тұр. Ағымдағы жылдың үш айында сүт өнiмдерiн өндiру, еттi, майлы дақылдарды қайта өңдеу бойынша кәсiпорындардың жүктемесi артқан.
Облыстың ауыл шаруашылық құрылымдары есептiк кезеңде астана базарына 7,2 мың тонна сүт өнiмдерiн, 4,2 мың тонна ет өнiмдерiн, 41,4 млн. дана жұмыртқа жеткiзген.
Мемлекет басшысы Жолдауда алдымызға үй шаруашылығы мен шағын фермерлердi кооперативтерге бiрiктiру үшiн толық жағдай жасау туралы мiндет қойды. Осыған байланысты өңiрде ауыл шаруашылық кооперативтерiн құру бойынша жұмыстар жүргiзiлуде, бүгiнде олардың жалпы саны — 48 (жылдық жоспар 58). Жалпы облыста 77 мыңнан астам жеке шаруашылықтар бар, оларды ауыл шаруашылығы кооперацияларына тарту ауыл шаруашылық өнiмдерi тауарларының көлемiн арттыруға мүмкiндiк бередi», — дедi Б. Малғаждаров.
Б. Малғаждаров өз есебiнде құрылыс саласында, шағын және орта бизнестi дамыту және инвестиция тарту жұмыстары туралы да айтты.
Өткен үш айда әлеуметтiк қорғау саласында облыс бойынша 1963 жаңа жұмыс орындары құрылған, оның 1503-i тұрақты. Балаларды мектепалды тәрбиемен қамту мен мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыруды ендiру бойынша түсiнiк жүргiзу жұмыстары жалғасуда.
Өз кезегiнде облыс әкiмi Астана қаласының әлеуметтiк-экономикалық дамуы және «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесiнiң мәселелерi жөнiнде өткен жиналыста Мемлекет басшысы Астана қаласының азық-түлiк белдiгi бағдарламасын сынға алды.
«Оның жүзеге асырылуы, негiзiнен астанаға жақын орналасқан өңiрдiң ауыл шаруашылығын өндiрушiлерiнiң мойнында. Бүгiнде мемлекет ауыл шаруашылығы кооперативтерiн ашу үшiн барлық қажеттi жағдай жасауда, сондықтан осы сәттi оңтайлы пайдаланып, осы бағыттағы жұмыстарды белсендiру керек. Жылдық жоспар бойынша 58 кооператив құру керек, бiрақ бұл бiз үшiн аз, бұл санды барынша көбейту керек», — дедi әкiм.
Одан басқа Мәлiк Мырзалин жауапты салаларға инвестиция тарту, МЖӘ аясындағы жобаларды көптеп жүзеге асыру, тұрғындардың өнiмдi еңбегiн дамыту және айлық жалақыны көбейту бойынша жұмыстарды белсендiрудi тапсырды.
Жиналыс барысында бюджеттiң шығыс бөлiгiнiң орындалу барысы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов баяндады.
Т. Бөлтеновтiң айтуынша Ақмола облысы бюджеттiң шығыс бөлiгiн орындау қорытындысы бойынша республикада 5-орында.
«Бiрiншi тоқсан қорытындысы бойынша жалпы Ақмола облысының бюджетiне шамамен 37 млрд теңге қаражат түскен, немесе жоспардан 106,6%. Шығыс бөлiгi 99,3% орындалған, бұл орташа республикалық көрсеткiштен жоғары»,- дедi Т. Бөлтенов.
Қаржы басқармасы басшысының баяндамасын тыңдаған Мәлiк Мырзалин облыстық бюджеттiк бағдарлама әкiмшiлерiне, аудан және қала әкiмдерiне ағымдағы жылдың бiрiншi жартыжылдығы қорытындысына дейiн бюджеттiк түсiмдi 100% қамтамасыз етудi, бюджет қаражатын, әсiресе республикалық бюджеттен бөлiнген мақсатты трансферттердi барынша игерудi, мемлекеттiк сатып алулар бойынша конкурстық рәсiмдердi уақытылы аяқтауды тапсырды.
Жиналыс соңында 2016-2017 жылдардағы жылу беру маусымының қорытындысы мен келесi маусымға дайындығы тыңдалды.