Алғыс айту күні бір топ ақмолалық марапатталды

 Алғыс айту күні бір топ ақмолалық марапатталды

Көкшетауда 1 наурыз Алғыс айту күнiне және Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының «Менiң отбасым — елiмнiң бiр бөлшегi» альманахының тұсаукесерiне арналған мерекелiк шара өттi.

Қоғамдық келiсiм мен халықтың бiрлiгiн нығайту, жалпыұлттық идеяның құжаттық түрi болып табылатын «Мәңгiлiк ел» патриоттық актiсiн насихаттау мақсатында ұйымдастырылған iс-шараға мемлекеттiк органдардың, еңбек ұжымдарының, этно-мәдени орталықтар мен бiрлестiктердiң өкiлдерi, еңбек ардагерлерi және «Менiң отбасым — елiмнiң бiр бөлшегi» жобасына қатысушылар, үлгiлi, ынтымағы мен бiрлiгi жарасқан отбасылар қатысты.

«Алғыс айту күнi — тарихта орын алған зорлық-зомбылық, қуғын-сүргiн оқиғаларының нәтижесiнде Қазақстанға қоныс аударылған түрлi ұлттың миллиондаған өкiлдерiн құшақ жая қарсы алған қазақ халқына деген шексiз ризашылық, бiздiң елдiң барлық азаматтарының бiр-бiрiне деген сыйластығы, ортақ тарихымызды құрметтеу, өзара көмек пен қолдау күнi», дедi облыс әкiмiнiң орынбасары Нұрлан Нұркенов құттықтау сөзiнде.

Шара барысында ел бiрлiгiн нығайтуға, мәдениетаралық қарым-қатынасты дамытуға, қазақстандық патриотизмдi қалыптастыруға қосқан елеулi үлестерi үшiн Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бiрлiк» қоғамдық алтын медалiмен «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бiрлестiгi Бұланды корпоративтiк қорының президентi,жетiмдер үйiнен 39 баланы бауырына басып, өз қамқорлығына алған Серiк Әкiмбаев, Ақмола облысының орыс қауымдастығының жанындағы «Русская песня» халықтық ансамбiлiнiң жетекшiсi Зоя Авилова және Жарқайың ауданындағы «Арарат» армян мәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының мүшесi Гачик Григорян марапатталды.

Сондай-ақ, республикалық бейбiтшiлiк пен келiсiм фестивалiне белсендi қатысып, жоғары кәсiби шеберлiк танытқан Ақан серi атындағы мәдениет колледжiнiң «Самоцветы» би ансамблiнiң жетекшiсi Андрей Погорелый мен «Қоғамдық келiсiм» мекемесiнiң жанындағы «Этно» би ұжымының жетекшiсi Ирина Лобанова Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң Алғыс хатымен марапатталды.

«Менiң отбасым — елiмнiң бiр бөлшегi» атты альманахпен Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының хатшысы Марал Жақыпова таныстырып, жинаққа енген 25 үлгiлi, берекелi отбасыларға тоқталды, жобаға қатысқан журналистерге, туындының кейiпкерлерiне алғысын бiлдiрдi.