Бүгiн облыс әкiмдiгiнде өңiр басшысы С.В. Кулагиннiң төрағалығымен өткен актив барысында «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заңының жобасы мен Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» атты биылғы жолдауы талқыланды.
Шараға депутаттық корпус өкiлдерi, облыстық басқармалар мен департамент, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұжымдар, ұлттық компания төрағалары, саяси партиялар мен БАҚ өкiлдерi қатысты.
Облыс әкiмi өз сөзiнде «ҚР Ата заңына жаңашылдықтар енгiзу Президенттiң бiрқатар құзiретiн Үкiмет пен Парламентке беруге мүмкiндiк туғызады. Президент жаңа жағдайда стратегиялық функцияларға, сыртқы саясат мәселелерiне, елiмiздiң ұлттық және қорғаныс қауiпсiздiгi мәселелерiне басымдық берiп, билiк тармақтары арасындағы қатынастарда жоғарғы арбитр рөлiн атқаратын болады.
Ел Парламентiнiң дәрежесi артады, сот және прокуратура жүйелерiн, жергiлiктi басқару мен өзiн-өзi басқару саласын әрi қарай жетiлдiру бойынша жұмыстар жүргiзiледi», — дедi.
Атап өтейiк, өңiрде Президент Әкiмшiлiгiнiң тапсырмасын орындау мақсатында тұрғындар арасында конституциялық өзгерiстердi түсiндiру бойынша iс-шаралардың желiлiк кестесi мен ақпараттық-насихаттау бойынша Медиа-жоспар құрылды.
Басқосуда С. Кулагин Елбасының биылғы «Қазақстанның үшiншi жаңғыруы» Жолдауы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негiзiнде экономикалық дамудың жаңа моделiн құруды қамтамасыз ететiндiгiн де атап өттi.
Күн тәртiбiне сәйкес жиналғандарға облыс әкiмiнiң орынбасары Нұрлан Нұркенов алдағы реформалардың басымдықтары мен Қазақстанның үшiншi жаңғыру жолы туралы баяндама оқыды.
— «Ел дамуының тағы бiр белесiне шығаратын жаңа реформалардың кезектi жолын анықтаған Мемлекет басшысы азаматтардың өзара сенiмi мен түсiнiгiне иек артады», — дедi Н. Нұркенов.
Сондай-ақ басқосуда Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрiгерi, облыстық мәслихат депутаты Серiк Аяғанов, Ақмола облыстық «Видергебурт» немiстер қоғамының төрағасы Светлана Корнеева, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Тимур Ысқақовтар да тақырып бойынша өз пiкiрлерiн бiлдiрдi.