Көкшетау қаласында Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары Қ.М. Ыдрысовтың төрағалығымен әлеуметтiк әрiптестiк және әлеуметтiк пен еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi обылстық үшжақты комиссияның отырысы өттi. Отырысқа кәсiпорындардың басшылары, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi, облыстық салалық кәсiподақтар мен кәсiподақ комитеттерiнiң төрағалары қатысты. «Камаз-Инжиниринг» АҚ, «Тыныс» АҚ, «Алтынтау-Көкшетау» АҚ «Өндiрiстiк кәсiпорындарында өндiрiстiк жарақаттар мен кәсiптiк аурулардың алдын алу және кәсiпорындардың өндiрiстiк кеңестерiнiң жұмысын ұйымдастыру бойынша әкiмшiлiк және кәсiподақ комитеттерiнiң жұмысы туралы» мәселесi бойынша облыстық кәсiодақ орталығы төрағасының орынбасары Ләззат Есжанова сөз сөйледi, еңбек инспекциясы жөнiндегi басқарманың басшысы Б.Л. Мустафин, «КАМАЗ Инжиниринг» АҚ кәсiподақ төрағасы Талғат Құсайынов, «Алтынтау Көкшетау» АҚ аға техникалық инспекторы Жанахметов Елтай, «Тыныс» АҚ өндiрiс жөнiндегi директорының орынбасары Сұлтанғариев Анвар тыңдалды. Л.А. Есжанованың ақпаратында осы кәсiпорындардың өндiрiстiк кеңестерiнiң оң жұмысы, қауiпсiздiк және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша әкiмшiлiктiң кәсiподақ комитетiмен өзара iс-қимылдары атап өтiлдi. Комиссия шеңберiнде келесi мәселелер қаралды: «Облыстық жұмыс берушiлердiң «Парыз» бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi бойынша және «Сенiм» еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы республикалық жарыстарға қатысуы», «2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасында зиянды және қауiптi еңбек жағдайлары бар өндiрiстiк жарақаттар мен жұмыс орындарын азайту мақсатында Жол картасына енгiзiлген Ақмола облысының негiзгi көрсеткiштерiн талқылау», «Балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiн жою». Барлық мәселелер бойынша тиiстi шешiмдер қабылданды.