А.ж. 24 шілдеде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы Әміренованың төрайымдылық етуімен Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өткізілді.
Отырыс барысында мынадай мәселелер қаралды: «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы», баяндамашылар – Ақмола облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Махриддинұлы Әбутәліпов және Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асхат Еркебұланұлы Ақылжанов; «Кәмелетке толмағандардың арасында суицидтің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы», сөз сөйледі – Ақмола облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Қыдырбайқызы Балташева.
Нәтижесінде, ведомствоаралық комиссия мүшелері шешім қабылдады: әлеуметтік желілерде, сонымен қатар ТikTok желісінде балалармен байланысты орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде роликтерді кеңінен көрсетуді ұйымдастырсын (терезеден құлап кету, су айдындарында қаза болу, көп қабатты үйлердің терезелеріне қауіпсіздік құлыптарын орнату), бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ата-аналарының назарына өз балаларының қауіпсіздігіне әкімшілік заңнаманың жаңа нормаларын жеткізсін; оқу жылы басталысымен барлық білім беру мекемелерінде Қауіпсіздік сағатын өткізсін; педагог-психологтардың және әлеуметтік педагогтардың штатын жинақтау жұмысын аяқтасын; аудандар мен қалалар үшін KIV жобасының таныстырылымын өткізсін; Отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталықтарының жұмысын зерделесін.
Орындалу мерзімдерімен хататмалық тапсырма уәкілетті мемлекетітк органдарға жолданды.