Жер пайдалануды жүзеге асыру тәртібі туралы

 Ақмола облысының жер қоры 14 613,2 мың га құрайды (облыстың ең үлкен аймағы Ерейментау ауданы — 1765,8 мың га, Көкшетау қаласының ең кішкентай аймағы — 42,5 мың га).

 Облыстың жер қорының жалпы құрылымында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 74% немесе 10 914,0 мың га құрайды.

         Жер қорының құрылымы келесідей:

          - елді мекендердің жерлері - 1 371,5 мың га;

         - өнеркәсіп, көлік, байланыс және өзге де ауыл шаруашылығына арналмаған жерлер – 109,0 мың га;

         - ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері - 519,0 мың га;

         - орман қорының жерлері - 514,8 мың га;

         - су қорының жерлері - 200,8 мың га;

         - босалқы жерлер – 982,9 мың га;

         - Нұр-сұлтан  қ. пайдаланатын жерлер - 1,2 мың га.   

Мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады.

ҚР Жер Кодексінің 43 бабына сәйкес, жер учаскелері облыс, аудан және қала әкімдіктері жанынан құрылатын жер комиссиясының оң қорытындысы негізінде беріледі. Жер комиссиясының құрамын әкімдіктер қалыптастырады және мәслихаттар бекітеді. Жер комиссиясының құрамына: жергілікті өкілді органның депутаттары кіреді; облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері; қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері; Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1-бабына сәйкес берілген жағдайда, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына      жер учаскесі аумағында орналасқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі;        жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті халық өкілдері де кіреді.

Жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс. Бұл ретте қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны жер комиссиясы мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  

Дата публикации
14 сентября 2022