Азаматтық қорғаныс – Қазақстан Республикасының халқы мен аумағын қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөнінде бейбіт уақытта және соғыс уақытында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі;
Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктерінде азаматтық қорғанысқа басшылықты әкімдер жүзеге асырады, олар лауазымы бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің азаматтық қорғаныс бастықтары болып табылады.
Уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің басшылары лауазымы бойынша әкімшілік-аумақтық бірліктердің азаматтық қорғанысының тиісті бастықтарының орынбасарлары болып табылады.
Мемлекеттің азаматтық қорғаныс бойынша дайындығы қару-жарақтың, әскери техниканың және халық пен объектілерді қорғау құралдарының дамуы ескеріле отырып, күні бұрын бейбіт уақытта жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде азаматтық қорғанысты жүргізу ерекше жағдайларда, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімі бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде әскери қақтығыстардың нақты басталуынан немесе соғыс жағдайын енгізуден басталады.
Азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуын қамтамасыз ету:
1) уәкілетті орган мен оның ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың орталық және жергілікті атқарушы органдарында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшелерге;
3) азаматтық қорғаныс санаттарына жатқызылған, бірінші басшыға тікелей бағынатын ұйымдарда азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшелерге немесе жекелеген жұмыскерлерге жүктеледі.
Уәкілетті органда, оның ведомствосында, сондай-ақ ведомствосына ведомстволық бағынысты аумақтық бөлімшелерде және мемлекеттік мекемелерде штат санының лимиті шегіндегі лауазымдардың бір бөлігі әскери қызметшілерден, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен, арнаулы мемлекеттік органдардан, құқық қорғау органдарынан, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан ауыстырылған (іссапарға жіберілген) әскери қызметшілерден жасақталады.
Азаматтық қорғаныс бастықтары:
1) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс жоспарын қоспағанда, тиісті деңгейдегі азаматтық қорғаныс жоспарын бекітуге;
1-1) жұмылдыру жарияланған, соғыс жағдайы енгізілген кезде және соғыс уақытында тиісті деңгейдегі азаматтық қорғаныс жоспарын қолданысқа енгізуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынысты аумақта эвакуациялық іс-шаралар жүргізуге;
3) азаматтар мен ұйымдарды азаматтық қорғаныс іс-шараларын жүргiзуге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тартуға міндетті.