I бөлім. Жалпы ережелер
1.Біз, Ақмола облысы әкімдігінің, облыстық жұмыс берушілер бірлестіктерінің және облыстық жұмыскерлер бірлестіктерінің (бұдан әрі-Тараптар) өкілетті өкілдері, Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамасына сәйкес әрекет ете отырып:
Қазақстан Республикасының заңнамасын мүлтіксіз сақтау;
мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, өзара сыйластық және олардың мүдделерінің ымыраға келу мүмкіндігін барынша арттыру;
әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу;
лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қызметкерлер мен жұмыс берушілердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін сындарлы өзара іс-қимыл принциптерін тани отырып,
Ақмола облысының әкімдігі, облыстық жұмыскерлер бірлестіктері және облыстық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған осы Келісімді (бұдан әрі – Келісім) мынадай бағыттар шеңберінде жасастық:
1) Жалпы ережелер;
2) әлеуметтік әріптестік;
3) экономикалық саясат;
4) халықты жұмыспен қамтамасыз ету;
5) лайықты еңбек жағдайлары;
6) әлеуметтік саясат;
7) Келісімді іске асыру және оның орындалуын бақылау.
2. Келісімде пайдаланылатын ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.