Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің м.а. 26.04.2024 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1. Осы қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымдардың қауіпті өндірістік объектіні салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 105) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасымен (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) және қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымдардың қауіпті өндірістік объектіні салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу тәртібін және "Қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу" мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайды.
2. Қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын (бұдан әрі – жобалау құжаттамасы) келісу қабылданған жобалау шешімдерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігін белгілеу мақсатында жүргізіледі.
3. Екі және одан да көп облыстар, сондай-ақ стратегиялық объектілер шегінде орналастырылатын қауіпті өндірістік объектінің жобалау құжаттамасы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетімен (бұдан әрі – Комитет) келісіледі.
Өзге де қауіпті өндірістік объектілердің жобалық құжаттамасы Комитеттің аумақтық департаменттерімен келісіледі.
Әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпті өндірістік объектілердің жобалық құжаттамасы аудандардың, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) келісіледі.
4. Қауіпті өндірістік объектілердің жобалау құжаттамасын келісу "Қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу" мемлекеттік қызмет көрсету тәртібімен жүзеге асырылады.
5. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер ететін жоспарланған жұмыстардың түрлері, технологиялары, әдістері және (немесе) тәсілдері өзгерген жағдайда жобалау құжаттамасы осы Қағидаларға сәйкес тәртіппен кейіннен келісіле отырып, өзгертілуге тиіс.
6. Жобалық құжаттаманы келісудің нәтижесі-келісу хаты.
7. "Қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу" мемлекеттік көрсетілетін қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) осы Қағидаларға сәйкес Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Комитеттің аумақтық департаменттері және жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі –қызметті көрсетуші) көрсетеді.
8. Мемлекеттік қызметті алу үшін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті тұтынушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтінішін жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті тұтынушы) қызмет көрсетушіге www.egov.kz "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жібереді.
Процестің сипаттамаларын, көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нысанын, мазмұны мен нәтижесін қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетудің ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтер осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі нысанында баяндалған.
9. Портал өтінішті автоматты режимде қабылдауды жүзеге асырады.
Көрсетілетін қызметті тұтынушы барлық қажетті құжаттарды портал арқылы берген кезде көрсетілетін қызметті тұтынушының "жеке кабинетінде" мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алған күнін көрсете отырып, мемлекеттік қызметті көрсету үшін сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе көрсетіледі.
Көрсетілетін қызметті тұтынушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Ұсынылған құжаттар мен олардағы мәліметтердің дұрыстығына көрсетілетін қызметті алушы жауапты болады.
10. Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері өтінішті тіркеуді жүзеге асырады және жауапты орындаушы тағайындалатын көрсетілетін қызметті берушінің басшысына не оның орнындағы адамға (көрсетілетін қызметті беруші белгілеген қызметтік міндеттерді бөлуге сәйкес) жібереді.
11. Жауапты орындаушы ұсынылған құжаттар мен оларда көрсетілген мәліметтердің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігін тексереді және осы Қағидаларға 3 немесе 4-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ресімдейді.
12. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер осы Қағидаларға 2-қосымшада баяндалған.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған кезде көрсетілетін қызметті беруші тыңдау рәсімін Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР АППК) 73-бабына сәйкес жүзеге асырады.
13. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесіне көрсетілетін қызметті беруші басшысының не оны алмастыратын тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылады (көрсетілетін қызметті беруші белгілеген қызметтік міндеттерді бөлуге сәйкес) және портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" электрондық құжат нысанында жіберіледі.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдың "жеке кабинеті" арқылы қашықтан қол жеткізу режимінде алады..
Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпарат мемлекеттік қызмет көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне автоматты режимде келіп түседі.
14. Осы Қағидаларда енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторына және мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі Бірыңғай байланыс орталығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жібереді.
15. Мемлекеттік қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз кезек тәртібімен көрсетіледі.
16. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесі бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.
Шағым қызметті көрсетушіге, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адамға беріледі.
Қызметті көрсетуші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам шағым түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
Бұл ретте қызметті көрсетуші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам, егер ол 3 (үш) жұмыс күні ішінде қолайлы шешім қабылдаса, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әкімшілік іс-әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағым жібермеуге құқылы.
17. "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Заңның 25-бабының 2- тармағына сәйкес қызметті көрсетушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті тұтынушының шағымы тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
18. Қызметті көрсетушінің, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымды қарау мерзімі "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес қажет болған жағдайларда 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады:
1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;
2) қосымша ақпарат алу.
Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымды қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымды қарау өкілеттігі берілген лауазымды тұлға шағымды берген көрсетілетін қызметті тұтынушыға шағымды қарау мерзімі ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағымды қағаз жеткізгіште берген кезде) немесе электрондық нысанда (шағымды электрондық түрде берген кезде) ұзарту себептерін көрсете отырып шағымды қарау мерзімін ұзарту туралы хабарлайды.
19. Егер мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заңда өзгеше көзделмесе, сотқа шағымдануға ҚР ӘРПК 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағымданғаннан кейін жол беріледі.