АУДАН ӘКІМІНІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бойынша елорданың тәжірибесін басқа өңірлерге таратуды тапсырды.
Ақмола облысында бұл жоба «Ақмола – адалдық алаңы» атауымен іске асырылуда және үш міндетті шешуге бағытталған: тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау; қоғамдық бақылауды жүзеге асыру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою, бизнес-процестерді оңтайландыру, бюрократиялық кедергілерді жою, көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шаралар іске асырылады.
Аудан әкімдігі мен аудан тұрғындарының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау мақсатында «Ақмола – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде аудан әкімдігінің жұмысын үйлестіре отырып, Жақсы ауданы әкімінің 2021 жылғы 25 ақпандағы өкімімен аудан әкімінің штаттан тыс кеңесшісі және «Ақмола – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі ретінде «Nur Otan» партиясының Жақсы аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары – Ерлан Тимурұлы Сыздықпаев бекітілді.
Ерлан Тимурұлы 1987 жылы Атбасар қаласында дүниеге келген, Астана қаласының экономика-заң колледжі мен «Тұран» университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы Степногорск қаласы Әділет басқармасының жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді тіркеу бөлімінің инспекторы болып бастады.
2008 жылдың наурызынан 2009 жылдың шілдесіне дейін № 2 Жақсы аудандық сотының жетекші маманы, содан кейін 2009 жылдың шілдесінен 2013 жылдың қазанына дейін бас маманы қызметін атқарды.
2013 жылдың қазан айынан 2015 жылдың мамыр айына дейін «Жақсы аумақтық сот орындаушылар бөлімі» филиалының бөлім басшысы, аға сот орындаушысы лауазымын атқарды.
2015 жылдың мамыр айынан 2017 жылдың тамыз айына дейін «Жақсы ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы» ММ бас маманы қызметін атқарды.
2017 жылдың тамыз айынан 2021 жылдың ақпан айына дейін Жақсы ауданының Жаңақима ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды.
2021 жылдың ақпан айынан бастап «Nur Otan» партиясының Жақсы аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып табылады.
Кері байланыс үшін ұялы телефон нөмірі/Whatsapp +7 701 121 4087.