Қоғам мәдениетінің ажырамас бөлшегі ретінде көрнекі ақпарат, жарнама мәтіндері күнделікті өмірде назарымызға түседі. Көпшілікке ұсынылатын нәрсенің қайсысы болсын сапалы, әрі тиімді болғаны жөн. Бүгінгі таңда көкейкесті мәселеге айналып отырған жайт – көрнекі ақпарат пен жарнама тілінің жағдайы. Көшеде орналасқан әр нысан атауы – қазақ тілінің сұлулығын, көркемдігін насихаттайтын құрал болуға тиіс. Алайда, бұл нысандардан басқа көшелердегі жол белгілері, жүру бөлігінің таңбалары, қозғалыстың бағытын көрсететін нұсқағыштар, қоршаулар, бағыттаушы бағаншалардағы және т.б. ақпараттар жатады.
Жол белгілер – көлік қозғалысын реттеу және көлік жүргізуші мен жаяу жүрушіге маңайдағы жол жағдайы жөнінде ақпарат беру мақсатында көше мен жол бойына қойылатын арнайы белгілер.
Жол белгілерінің бекітілген суреті мен техникалық сипаттамалары «Жол белгілері мен сигналдары туралы» Конвенция (Вена, 1968) мен осы Конвенцияны толықтыратын Еуропа елдері келісімі (Женева, 1971) талаптарына сәйкес жасалды. 1998 жылға дейін Қазақстанда 1987 жылы КСРО-да қабылданған жолда жүру ережелері қолданылды. 1998 жылдан республикада жолда жүрудің жаңа Ережелері қабылданған. Осы ережелерге сай жол белгілері мемлекеттік стандарттар негізінде анықталады. Бұл стандарттар бойынша, жол белгілері 7 топқа бөлінеді. Олар - ескерту белгілері, басымдылық белгілері, тыйым салу белгілері, міндеттеу белгілері, ақпараттық-көрсеткіш белгілері, қызмет көрсету белгілері, қосымша тақтайшалар.
Осы тұрғыда, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21 бабында: «Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады» деп анық атап көрсетілген.
Қорыта келгенде, қала, аудан не ауылды жерлердің бәріне ортақ жол белгілері орналасқан. Бұл символдары оқушылар, үлкендер де барлық жүргіншілер, көлік жүргізушілерінің көздеріне ілініп, ережелерді бұлжытпай орындайды. Сондықтан қателіктер кетпеуіне ат салысайық! Тіліміздің дамуына ат салысу, беделін нығайту – халқымыздың ортақ міндеті.
А.Елеусузова – Жақсы ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы