ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Ұлытау облысында болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңадан құрылған Ұлытау облысында ол Kazakhmys корпорациясы құрамына кіретін Қ. Сәтбаев атындағы Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының еңбек ұжымымен кездесті. Сондай-ақ, ол еліміздегі ең ірі салалық кәсіподақтардың бірі – «КәсіпҚорған» мүшелерімен кездесу өткізді. Ұйымда тау-кен металлургия кәсіпорындары мен аралас өндірістердің қызметкерлері тіркелген.
Үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі аспектілері туралы әңгімелеп, кейбір тараулар туралы толығырақ тоқталады.
Естеріңізге сала кетейік, сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал, 20 қарашада Президент сайлауы өтеді.
Орталық сайлау комиссиясы алты адамды президенттіктен үміткер ретінде тіркеді. Олар – Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, «Заманауи қоғамды зерттеу институты» ЖШС директоры Мейрам Қажыкен, «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының президенті Жигули Дайрабаев, Астана қаласы мәслихатының VI шақырылымының депутаты, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Қарақат Әбден, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының негізін қалаушы Салтанат Тұрсынбекова, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев.