Сауатты жарнама – заман талабы

Қазіргі таңдағы көрнекі ақпараттар мен жарнамалардағы тіл заңдылығы өзекті тақырыптардың бірі деп айтуға болады. Әрине жарнама елімізге керек, бірақ керек жарнамаларды сүзгіден өткізгеніміз дұрыс болады деп ойлаймын.

Жалпы жарнама (франц. reclame, лат. reclamo — жар саламын) — тауарлардың, қызмет көрсетудің тұтынушылық қасиеті туралы ақпарат беру және оған деген сұранысты көбейту мақсатында таратылатын хабарлама; белгілі бір адамдар, ұйымдар, әдебиет пен өнер шығармалары туралы хабар таратып, оларды әйгілеу.

Көрнекі ақпарат - баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштері және т.б., сонымен қатар елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар болып саналады.

Жиырмасыншы ғасырдың ортасында адам өмірін жарнамасыз елестету мүмкін емес болатын, сондықтан оны жан-жақты, мұқият зерделеу жұмыстары басталды. Американдық ғалымдар жүргізген статистикалық мәліметтерге сүйенсек адамзат күніне 1450-ге жуық жарнамалық хабарландырудың әсеріне түседі. Жарнама бұқараның психосанасы және жүйелік құндылықтарына әсер етуде шексіз күшке ие.

Біз жарнамамен кез-келген жерде соқтығысамыз – үйде теледидар қарап отырғанда, радио тыңдағанда, жұмысқа немесе сабаққа бара жатып, біз қайда барсақта жаңа тауарлар немесе қызметтерді ұсынған жарнамалық хабарландыруды көреміз және естиміз.

Осы тұрғыда, «Тіл туралы» Заң бойынша көрнекі ақпараттарды жазуда мемлекеттік және орыс тілдерін қатар қолданылып келген еді. Енді өзгеріске енген жаңа Заңмен тек мемлекеттік тілді қолдану міндеттеледі.

Жалпы, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейтуде көрнекі ақпарат тілінің орны ерекше. Өзгеріске енген «Тіл туралы» Заңның 19-бабына әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атауларын мемлекеттік тілде жазу туралы айтылған. Бұған дейін бұл атаулар мемлекеттік тілде және басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлген болса, қазіргі Заң нормасы атаулардың тек мемлекеттік тілде жазылуына мүмкіндік береді.

Заңның 21-бабында көрнекі ақпараттар қазақ тілінде қатесіз жазуға міндеттейді. Яғни, көрнекі ақпарат мәтіндерінің түпнұсқа мағынасын сақтап аудару талабы қатаң ескерілуі тиіс.

Бұл қоғамда, БАҚ пен әлеуметтік желілерде барған сайын көтеріліп келе жатқан мемлекеттік тілдің мәртебесі мәселелерін шешуге бір қадам жақындатады деп үміттенетінімді айтқым келеді.

 

А.Елеусузова – Жақсы ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы

 

 

 

 

Дата публикации
21 января 2025