Құрметті Бәйтерек ауылдық округінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері!

Құрметті
Бәйтерек ауылдық округінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері!

Бәйтерек ауылдық округінің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлеріне жүргізілген топырақ зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша жер пайдалану аумағында ең көп таралған қарапайым орташа қуатты қара топырақтарда топырақтың жоғарғы гумустық-аккумулятивтік горизонтындағы органикалық заттар мөлшерінің азайғаны анықталды. Бұл зерттеу жүргізілген жылы гумус мөлшерінің 1992 жылғы бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда 5,64%-ға төмендеуімен сипатталады.

Бұл жағдайдың негізгі себебі – технологиялық операциялардың минималды жиынтығымен бір ғана агротехнологияны ұзақ уақыт бойы қолдану, сондай-ақ топыраққа органикалық және минералдық тыңайтқыштардың енгізілмеуі.

Оңтүстік қара топырақтарды, оның ішінде қуаты төмен, гумусы аз топырақтарды тиімді пайдалану ғылыми негізделген, ұсынылған аймақтық агротехнология талаптарын сақтау, топырақ құнарлылығын сақтау және арттыру жағдайында мүмкін болады.

Жерлерді ұтымды пайдалану және қорғау жөніндегі ұсынылатын іс-шаралар:

  • ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру кезінде ұсынылған аймақтық агротехнология талаптарын бұлжытпай сақтау;
  • топырақты қорғауға бағытталған ауыспалы егістерде түйнек бактерияларының көмегімен биологиялық азотты жинақтау мақсатында көпжылдық бұршақты шөптерді енгізу;
  • нитратты азотты жинақтау мақсатында егістік алқаптарының құрылымындағы сүрі жерлердің үлесін арттыру;
  • топырақтың шамадан тыс тығыздалуына жол бермеу мақсатында топырақты қайырмасыз, әртүрлі тереңдікте өңдеуді саңылаулау жұмыстарымен ұштастыру;
  • егістікте өсімдік жинаудан кейінгі қалдықтарды (сабанды) қалдыру, олардың ыдырауы барысында топырақтың органикалық бөлігін арттыру;
  • минералдық және органикалық тыңайтқыштарды енгізу.

Органикалық тыңайтқыштар топырақтағы гумус мөлшерін арттыру және оның құрылымдылығын жақсарту мақсатында енгізіледі. Органикалық тыңайтқыштарды енгізудің ең төменгі мөлшері – 15–20 т/га.

Фосфорлы тыңайтқыштарды енгізудің ең тиімді орны – сүрі жер. Оларды бес және алты танапты ауыспалы егіс айналымында бір рет, негізгі өңдеу жұмыстары кезінде 90–120 кг әсер етуші зат/га мөлшерінде енгізу ұсынылады.

Азотты тыңайтқыштар тек көктем мезгілінде енгізіледі. Азот пен фосфордың мөлшері төмен болған жағдайда, егіс кезінде азотты тыңайтқыштарды 20–25 кг әсер етуші зат/га және фосфорлы тыңайтқыштарды 15–20 кг әсер етуші зат/га мөлшерінде қатарлап енгізу ұсынылады.

Жер заңнамасының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану және қорғау бөлігіндегі талаптарын сақтау мақсатында топырақ құнарлылығын сақтау мен арттыруға бағытталған жоғарыда көрсетілген ұсынымдарды орындау бойынша тиісті шаралар қабылдап, олардың тиісті деңгейде орындалуын қамтамасыз ету қажет.

Ұсынылған іс-шараларды іске асыру гумус мөлшерінің одан әрі төмендеуіне жол бермеуге, топырақ құнарлылығын сақтауға және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды әрі тұрақты пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

 

Дата публикации
17 января 2025