
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты қоғамның сұраныстарына қарай, ұлттық практика мен озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, ұдайы жетілдіріліп отырады.
Бұл бағытта жүйелі және кешенді тәсіл Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын (бұдан әрі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия) іске асыру арқылы қамтамасыз етілді.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңның қабылдануына орай алдын алу және қылмыстық-құқықтық құралдардың ақылға қонымды теңгерімі бар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі құрылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және оның кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру арқылы азаматтық қоғам сыбайлас жемқорлықпен күреске белсенді түрде тартылуда.
Қазақстан Республикасының Президентіне бағынатын және есеп беретін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі тәуелсіз уәкілетті орган –Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) құрылды.
Агенттік мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының басты жүргізушісі бола отырып, өз қызметінде тиімді алдын алу, ауқымды ағарту, қоғаммен сындарлы әріптестік және қылмыстық-құқықтық шаралар элементтерін ұштастырады.
Жобалық басқару шеңберінде әрбір мемлекеттік орган үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша үлгілік базалық бағытты енгізу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің үйлестіруші әлеуетін күшейтті.
Мемлекеттік қызметтегі алдын алу шаралары
"Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" жаңа Заңмен мемлекеттік қызметтің "мансаптық" моделіне көшу қамтамасыз етілді, ашық конкурстық іріктеу, құзыреттілік негізінде ілгерілету тетіктері арқылы меритократия қағидаттары енгізілді. Командалық ауысулар үшін жасалатын жағдайлар азайтылып, мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды, жұмыс нәтижелеріне байланысты еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін сынап көру жүргізілді.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі қолданылуда, жергілікті және орталық мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкілдер институты құрылды. Әдеп жөніндегі кеңестер жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін шетелдік банктерде шоттарды иеленуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізілді.
Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген, оларға теңестірілген адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты сыйлықтарды алуға және сыйға тартуға толық тыйым салу көзделген.
Аталған адамдардың жақын туыстарымен, жұбайларымен және жекжаттарымен бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеу туралы нормалар күшейтілді. Мемлекеттік лауазымға кандидаттар мемлекеттік ұйымда жұмыс істейтін туыстары туралы хабардар етуге міндетті.
Қаржылық бақылау шаралары жетілдірілді. 2021 жылы мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде өздерінің барлық активтерін тіркеп, "кіріс" декларацияларын ұсынды. 2022 жылдан бастап кірістер мен шығыстарды салыстыру жүзеге асырылатын болады.
Әкімдердің қызметін бағалау "сыбайлас жемқорлық деңгейі" нысаналы индикаторымен толықтырылды және сыбайлас жемқорлық индексін өңірлік өлшеу әдістемесі бекітілді.
Соттар мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын барынша азайту
Судьяларды іріктеу және бағалау жүйесі жақсартылды. Облыстық және оларға теңестірілген соттарда судьяның әдебі жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді, Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің ішкі қауіпсіздік және соттарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі құрылды.
"Татуластырушы судья" лауазымы енгізілді, бұл соттарға жүктемені үш есе азайтты: істердің жартысына жуығы татуласумен аяқталуда, тараптар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтып, дауды өздері шешуде.
Сот процестері онлайн-режимге ауыстырылды. Істерді автоматты бөлу алгоритмінде айла-шарғы жасау мүмкіндігі жойылды.
Заң үстемдігі қағидатын сөзсіз қолдану мақсатында, халықаралық бизнестің азаматтық және коммерциялық дауларын жедел шешу үшін ерекше құқықтық режим шеңберінде жұмыс істейтін "Астана" халықаралық қаржы орталығының Тәуелсіз соты құрылды.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау кепілдіктерін күшейтуге, жазалаудың бұлтартпастығына және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілуде.
Пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде жаппай бейне-байқау енгізілуде.
Күнделікті практикада сотқа дейінгі тергеп-тексерудің, әкімшілік іс жүргізудің, тексеру субъектілері мен объектілерін есепке алудың электрондық жүйелері, сондай-ақ "Qamqor" ақпараттық сервисі қолданылады.
Құқық бұзушылардың лауазымды адамдармен тікелей байланысын болдырмайтын "Сергек" жол жүрісін бейне-бақылау практикасын кеңейту құқық қорғау органдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін цифрландыруды пайдаланудың жарқын мысалы болып табылады.
Құқық қорғау жүйесіне мемлекеттік қызметте қолданылатын рекрутинг стандарттарын енгізу іріктеудің айқындылығын және тиісінше, кадрлардың сапасы мен "тазалығын" қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілігін күшейтумен қатар, олардың жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ жекелеген санаттарға тұрғын үйді жалға алу және сатып алу шығындарын өтеу көзделген.
Қоғамдық бақылауды кеңейту, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету
Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың тұтас қатары әрекет ететін қоғамдық бақылау күшейтілді.
Ұлттық алдын алу тетігі, қоғамдық байқаушы комиссиялар белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы шеңберінде азаматтық қоғамды шешімдер қабылдау процестеріне тарту үшін тиімді институционалдық-құқықтық негіз қалыптастырылды.
"Қоғамдық кеңестер туралы" Заңға өзгерістер енгізу арқылы қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі кеңейтілді.
Қоғамдық бақылауды енгізу процесінде саяси партиялар маңызды рөл атқарады. "Nur Otan" партиясы 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын қабылдады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар бастамалар "Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!" атты сайлауалды бағдарлама шеңберінде іске асырылуда.
Жұртшылық өкілдерінен құрылған арнаулы мониторингтік топ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуын бағалауды қамтамасыз етті.
"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Заңда қоғам алдында есеп беретін және транспарентті мемлекетті қалыптастыру үшін негіздер қаланды.
"Ашық үкімет" электрондық платформасында ашық деректердің бес порталы құрылды: "Ашық бюджеттер", "Ашық НҚА", "Ашық деректер", "Мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау", "Ашық диалог".
Бұл ресурстар азаматтардың бюджеттік бағдарламаларды, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылауға қатысуына, статистикалық ақпарат алуына және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына проблемалық мәселелермен жүгінуіне мүмкіндік береді.
"e-Өтініш" арнаулы сервисін енгізу арқылы азаматтардың жолданымдарымен жұмысты қайта іске қосу жүзеге асырылды, ол шағымдарды ыңғайлы және жылдам беруге, олардың қаралуын онлайн-режимде қадағалауға мүмкіндік береді.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануына орай жария-құқықтық дауларды қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері енгізілді, сондай-ақ билік органдарының шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу кепілдіктері күшейтілді.
Жұртшылық қатарынан 150 тәуелсіз сарапшыны тарта отырып, 11,2 мың нормативтік құқықтық актінің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізілді, бұл 30 мыңнан астам сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға мүмкіндік берді.
Өңірлік мәні бар маңызды мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуына негізделген жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді моделі дамытылуда.
Астананың, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындарына аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және санитариялық тазарту жөніндегі жобаларға бастамашылық етуге мүмкіндік беретін "халық қатысатын бюджет" енгізілді.
Бюджеттің төртінші деңгейін қалыптастыру арқылы ауыл халқының бюджет қаражатының не үшін жұмсалатынын дербес анықтау мүмкіндігі бар.
Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлау енгізілді.
"Адалдық алаңы" жобасының ауқымы ел бойынша кеңейтілді, ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл арналарын құруға мүмкіндік берді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру, парасаттылық идеологиясын және сыбайлас жемқорлыққа "мүлдем төзбеушілікті" ілгерілету
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа барлық мүдделі топтар: оқушылар, студенттер, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, инвесторлар, тәуелсіз сарапшылар, еріктілер және басқалар тартылған.
Бакалавриаттың барлық мамандықтары бойынша білім беру бағдарламалары "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері" элективті пәнімен толықтырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары стандарттары бар қазақстандық бірқатар жоғары оқу орындары Академиялық адалдық лигасына бірікті.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді. Енді сыйақылар бұрынғыдай белгіленген мөлшерде емес, параның немесе келтірілген залалдың мөлшеріне қарай төленеді. Ең жоғары төлем төрт мың айлық есептік көрсеткішті құрауы мүмкін.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданды. "Транспаренси Қазақстан" қоғамдық қорының "2020 жылы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі" атты зерттеуінің деректері бойынша қазақстандықтардың 60%-ы сыбайлас жемқорлықпен күресте көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Бизнес-процестерді автоматтандыру
Жаңа технологияларды қолдану мемлекеттік органдардың клиентке бағдарлануының басым міндетін көрсете отырып, азаматтарға электрондық және мобильдік форматтарда қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді.
2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан "электрондық үкіметтің" даму деңгейі бойынша рейтингте БҰҰ-ға мүше 193 елдің арасында – 29-орынды (2018 ж. – 39), ТМД елдері арасында – 1-орынды, Азия елдері арасында 6-орынды иеленді.
"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі кешенді және дәйекті жұмыстың нәтижесінде Қазақстанның позициясы жақсарды.
Трансформациялық процестер көптеген әлеуметтік-сезімтал салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға ықпал етті.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру әкімшілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлықтың басқа да алғышарттарын азайтуға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары, регламенттері мен қағидалары бірыңғай құжатқа жинақталды. Халыққа және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтер "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетілуде, проактивті қызметтер дамытылуда.
2020 жылы электрондық көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі – 90%, көрсетілетін қызметті алушылардың олардың сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 75,1% болды (2018 ж. – 72,4%, 2019 ж. – 74,8%).
Квазимемлекеттік және жекеше секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді құру заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
"Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Заң қабылданды, ол "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ қорының, өзге де ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, олардың еншілес ұйымдарының сатып алуын біріздендірді.
Камералдық бақылаумен сатып алудың электрондық тетігі, жосықсыз қатысушылар тізілімі енгізілді, конкурстан тыс рәсімдер үшін талаптар жоғарылатылды.
2021 жылдан бастап есеп беруді күшейту мақсатында квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құрылуда.
Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың әлеуетті субъектілерінің ауқымы кеңейтілді. Оларға сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға уәкілетті не мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты адамдар жатқызылды.
Бизнес-қоғамдастық Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі хартиясын қабылдады, ол отандық бизнесті озық халықаралық тәжірибеге негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қосымша тетіктерін енгізуге шақырады.
Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету
Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуға өмір бойына тыйым салу қолданылады.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, судьяларға, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін санкциялар қатаңдатылды.
Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталғандарға мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігі алып тасталды. Парақорлық үшін жазаны бірден қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуге тыйым салынды.
Мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін дербес жауапкершілігі институты енгізілді. Ол енгізілген сәттен бастап 8 саяси қызметшінің отставкасы қабылданып, 13 саяси қызметші, басшылық деңгейдегі 98 мемлекеттік әкімшілік қызметші, күштік блоктың 109 басшысы және квазимемлекеттік сектордың 21 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, 2018-2020 жылдары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін 3 мыңнан астам адам сотталды, олардың ішінде 1 министр, 3 вице-министр, 8 облыс әкімі және олардың орынбасарлары, 31 қала, аудан әкімі және олардың орынбасарлары, ұлттық компаниялардың 8 басшысы бар.
Халықаралық ынтымақтастық
Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа және кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі халықаралық конвенцияларға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимыл жоспарына (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) желісі шеңберінде) қосылды және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) кірді.
Халықаралық ұйымдармен және шетелдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдармен сындарлы өзара іс-қимыл жолға қойылды.
2019 жылы ЭЫДҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің пленарлық отырысында мониторингтік топ Ыстамбұл жоспарының 4-раунды ұсынымдарының орындалуы туралы Қазақстанның аралық есебіне оң баға берді (29 ұсынымның 20-сы бойынша ілгерілеушілік байқалды).
Қабылданған шаралар қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністерін одан әрі жоюдың берік іргетасын қалады, бұл 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде алғаш рет 38 балл (екі жылда +7 балл) жинап, 180 елдің арасында 94-орынға (екі жылда +30 позиция) ауысуына мүмкіндік берді.