Республика күнінің қарсаңында Бурабай ауданындағы Абылай хан алаңында даңқты қолбасшы Абылай ханның туғанына 315 жыл және әлемдік тарихта терең із қалдырған тұлға Әмір Темірдің туғанына 690 жыл толуына орай «Абылай хан ордасынан Жиделі-Байсынға (Байсун) дейін» атты халықаралық тарихи экспедициясының басталуына арналған шара өтті.
Шараға экспедиция мүшелері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, ғылыми-зерттеу сапарына ақ тілектерін айтты.
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев өз құттықтау сөзінде көшпелілер өркениетінің мұрасын зерттеп, насихаттау ісі өскелең ұрпақ үшін аса маңызды екенін айта келе, экспедиция мүшелеріне туған жерге толағай табыспен, құнды деректермен, жарқын әсерлермен оралыңыздар деген тілегін жеткізді.
«Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жалғасы болып табылатын бұл тарихи-зерттеу сапарының жетекшісі белсенді қоғам қайраткері, өлкетанушы, жазушы Мұрат қажы Ыдырысұлы экспедиция туралы айтып, топ мүшелерімен таныстырып өтті.
Халықаралық экспедиция құрамына елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ерікті саяхатшылар, БАҚ өкілдері енді. Сонымен қатар Өзбекстанның белгілі ғалымдары қатысады деп жоспарлануда. Автокеруенге барлығы 20-ға жуық экспедиция мүшесі мен 5 автокөлік қамтылды.
Халықаралық экспедиция аясында Ташкент, Самарқанд және Термез мемлекеттік университеттерінде ғылыми-практикалық іс-шаралар, дөңгелек үстелдер,академиялық қауымдастық өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған. Сонымен қатар бағдарламада Жиделі-Байсын өңірінің тарихи-мәдени мұрасымен жан-жақты танысу, соның ішінде Сұрқандария облысының бірегей этномәдени ортасын кешенді зерттеу көзделген.
Сапар нәтижесінде «Абылай хан ордасынан Жиделі-Байсынға (Байсун) дейін» халықаралық тарихи, мәдени-рухани экспедициясының жинақ кітабына (фотоальбом, кітап) материалдар жинақталады, сондай-ақ әрбір елдердегі маңызды қалаларда фото және телетүсірілім жұмыстары жүргізіледі.
Көкшетау қаласында республика күніне орай «Елге бастар жас қадам» атты жастарға арналған іс-шарасы өтті. Іс-шара дарынды жастарды қолдауға, олардың бастамаларын дамытуға, сондай-ақ Ақмола облысының жас азаматтарының жетістіктерін көтермелеуге бағытталған.
Іс-шара аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері мен «Jas Aqmola» облыс әкімінің жастар сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының бес иегері әрқайсысы 1 миллион теңгеге сертификаттар мен дипломдар алды. Гранттық бағдарлама Жастар бастамаларын қолдауға және жас азаматтардың перспективалық жобаларын іске асыруға бағытталған.
Сондай-ақ, облыс әкімінің атынан «Jas Aqmola» жастар сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Әр лауреат 500 мың теңге сомасына диплом, мүсінше, гүлдер және сертификат алды.
Ақмола облысы Жақсы ауданының Жақсы ауылында жаңа жастардың бос уақытын ұйымдастыру орталығының құрылысы жалғасуда. Жалпы ауданы 760 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимарат жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өзара қарым-қатынас жасауына, бастамаларын жүзеге асыруына және мәдени-білім беру іс-шараларын өткізуіне арналған көпфункционалды кеңістікке айналмақ. Жобаны іске асыруға 365,2 млн теңге қарастырылған. Құрылысты 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа орталық бір мезгілде 80 адамға дейін қабылдай алады. Нысанның құрылысы Жақсы ауданы жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Шығармашылық үйірмелерден жастар бастамаларына дейін
Жаңа орталықта акт залы, көрермендер залы, түрлі сабақтар мен үйірмелер өткізуге арналған кабинеттер, сондай-ақ қажетті қосалқы бөлмелер қарастырылған.
Мұнда мәдени, білім беру және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға, жастар бірлестіктерінің жұмысын жүргізуге және волонтерлік бастамаларды жүзеге асыруға жағдай жасалады.
Жас тұрғындардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінбек. Орталықта тақырыптық кездесулер, қызығушылыққа негізделген үйірмелер, жеке және кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізуге мүмкіндік болады.
Сонымен қатар жаңа нысан жастар жобалары мен кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға қосымша жағдай жасайды.
Осылайша, орталық тек бос уақытты ұйымдастыратын орын ғана емес, жастардың бас қосып, пікір алмасуына, қабілеттерін шыңдауына және ауданның қоғамдық өміріне белсенді қатысуына арналған орта болмақ.
Екі қабатты ғимараттың құрылысы жалғасуда
Нысандағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Жоба қажетті инженерлік инфрақұрылымы бар екі қабатты ғимарат салуды көздейді.
Қазіргі уақытқа дейін іргетас жұмыстары толық аяқталып, екі қабатты ғимарат бой көтерді. Еденге бетон құю жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру желілері тартылып, тиісті құдықтар мен септик орнатылды.
Нысан аумағында электр беру желілерінің тіректері орнатылып, жинақталған трансформаторлық қосалқы станция қойылды. Ғимарат электрмен жабдықтау желісіне қосылды.
Қазіргі уақытта шатырды жабу және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жобаның тапсырыс берушісі - Жақсы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі. Бас мердігер - «РДМ Строй» ЖШС.
Құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды 2026 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа орталық ауыл жастарына қосымша мүмкіндіктер ашады
Жастардың бос уақытын ұйымдастыру орталығының құрылысы Жақсы ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және ауыл жастарының өз қабілеттерін жүзеге асыруына заманауи жағдай жасауға бағытталған.
Көпфункционалды жаңа кеңістіктің ашылуы мәдени іс-шаралар өткізуге, шығармашылық үйірмелер мен жастар бірлестіктерінің жұмысын ұйымдастыруға, сондай-ақ қоғамдық және волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мұндай нысанның ауыл жастары үшін маңызы ерекше. Өйткені ол жастардың қабілеттерін дамытуына, жаңа дағдыларды меңгеруіне, өзара байланыс орнатуына және туған ауылының қоғамдық өміріне белсенді араласуына қосымша жағдай жасайды.
Жобаны іске асыру Жақсы ауданындағы жастар инфрақұрылымын нығайтуға, бос уақытты тиімді әрі мазмұнды өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге және өскелең ұрпақтың шығармашылық, әлеуметтік және тұлғалық дамуына ықпал етеді.
17 қазанда Көкшетау қаласының «Достар» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Республика күніне арналған республикалық «Халық жаны - әнде» фестивалі өтті.
Фестивальге Астана, Теміртау, Қостанай, Көкшетау, Щучинск қалаларынан, сондай-ақ Бурабай ауданына қарасты Қатаркөл және Зеренді ауданының Приречное ауылдарынан шығармашылық ұжымдар қатысты.
Шараның мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, этносаралық келісімді дамыту және рухани құндылықтарды дәріптеу.
Фестивальді Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы ұйымдастырды.
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев құттықтау сөз сөйлеп, мереке қарсаңында ұйымдастырылған фестивальдің маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол мұндай іс-шаралар бірлікті сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және өңірлер арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететінін айтты.
Сондай-ақ, аталған қауымдастықтың бұрынғы төрағасы Геннадий Осиненко фестиваль қатысушыларына шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі.
Байқау «Мемлекеттік тілде ән орындаған өзге этнос өкілі», «Үздік жеке орындаушы», «Үздік дуэт», «Үздік ансамбль» аталымдары бойынша өтті. Фестиваль аясында мемлекеттік және орыс тілдерінде барлығы 30-дан астам музыкалық нөмір орындалды.
Іс-шараның қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтіп, оларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Фестивальдың соңында барлық қатысушылар мен көрермендер «Атамекен» патриоттық әнін орындады.
Қазақстан Республикасы күні қарсаңында Көкшетау қаласының Достық үйінің аумағында «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық акциясы аясында «Бірлік» саябағының салтанатты ашылуы өтті.
Жалпыұлттық құндылықтарды сақтау, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, туған өлкені көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, игі істерге жол ашатын ерекше оқиғаның маңыздылығын атап өтті.
Өңір басшысы өз сөзінде «Тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау, табиғатты аялау ұлттық мінездің ажырамас сипаты болуы тиіс. Бүгін отырғызылған әрбір көшет – ертеңгі жасыл әлемнің бастауы, келешек ұрпаққа деген қамқорлығымыздың белгісі. «Бірлік» саябағындағы ағаштарымыз жайқалып өсіп, қаламызды көркейтіп, халқымыздың ынтымағы мен еліміздің өркендеуінің мәңгілік белгісі болсын!» - деді.
Ақмола облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыман «Тамыры тереңге жайылған бәйтерек секілді, берік бірлік те елді биікке жетелейді. Бір мақсатқа жұмылған жұрттың еңбегі әрдайым жемісті, болашағы жарқын болсын» деген игі-тілегін жеткізді.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Алена Малькова-Солопова мұндай қоғамдық кеңістіктерді құрудың терең тәрбиелік мәні бар екенін атап өтті.
Саябақтың ашылу салтанатында игі дәстүрдің негізі қаланып, өңірдің климаттық жағдайына бейімделген 80 түп ағаш көшеті мен көпжылдық шөп отырғызылды.
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы Ұлттық мереке Республика күні қарсаңында тіл саясатын қолдау, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау және қолдау мақсатында «Тіл шебері» облыстық байқауын өткізді.
Байқау 3 кезең бойынша ұйымдастырылды.
Қатысушылар «Сөзтаным» кезеңінде экранда көрсетілген ұяшықтың біреуін таңдап, мәтіннің ішіндегі көнерген сөздерді тауып, мағынасын қазақ тілінде түсіндірді.
«Елтаным» кезеңінде қатысушы экранда көрсетілген ұяшықтың біреуін таңдап, қазақ жері және оның аймақтары, ұлттық құндылықтары жөніндегі сұрақтарға орыс тілінде жауап берді.
«Ойтаным» кезеңінде экраннан ұлы тұлғалар, ұлттық аспаптар, ұлттық ойындар деген бөліктерге бөлінген ұяшықтарды таңдай отырып берілген сұрақтарға ағылшын тілінде жауап берді.
Байқауда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тәжірибелі оқытушылары төрелік етіп, қатысушылардың үш тілді меңгеру деңгейін; дыбыстардың дұрыс айтылуын, жауаптың мазмұны мен толықтығын, үміткерлердің өзін-өзі ұстауын, берілген уақытын дұрыс пайдалануын ескеріп, бағалады.
Қазылар алқасының шешіміне сәйкес жүлделі 1 орынды Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Гүлсім Балтабаева иеленді.
Облыстық байқаудың барлық қатысушылары Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының дипломдарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.
Ақмола облысының Достық үйінде еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігін дәріптейтін маңызды мереке - Қазақстан Республикасы күні қарсаңында этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу өтті.
Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке екенін атап өтті.
Кездесу барысында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға, этносаралық ынтымақтастықты дамытуға көп жылдар бойы үлес қосқан «Ақмола облысы татарлары мен башқұрттарының этномәдени бірлестігі» ҚБ төрағасы Рафаил Сұлқарнаев пен «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ Ақмола облыстық филиалының төрағасы Геннадий Осиненкоға көп жылғы қоғамдық қызметтері үшін алғыс білдіріп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне құрмет көрсетілді.
Өз кезегінде жинақталған тәжірибе мен қалыптасқан дәстүрдің жаңа кезеңге ұласуына жол ашып отырған бірлестіктердің төрағалары атқарылған істің қорытындысын түйіп, этномәдени бірлестіктердің жас буын өкілдері - жаңа төрағаларымен таныстырды.
Татарлар мен башқұрттардың этномәдени бірлестігіне Расим Хамитов, ал орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығының облыстық филиалына Дмитрий Майер жетекшілік ететін болады.
2026 жылғы 14 қазанда Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының бастамасымен Көкшетау қаласында «Уикипедияға мақала орналастырудың алгоритмдері» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Семинарға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Тіл саясатын іске асыру және тіл заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету басқармасының басшысы Қайыржан Рақымжанов пен аталған комитеттің бас сарапшысы Мақсат Несіпбаев, сондай-ақ Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Ақмарал Дауткулова қатысты.
Семинардың мақсаты – қазақ тіліндегі контент көлемін арттыру, Уикипедияға мақала әзірлеу және орналастыру дағдыларын қалыптастыру, цифрлық кеңістікте мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Оқыту семинары аясында түрлі салада қызмет атқаратын 50-ден астам маман Уикипедияға мақала әзірлеу, ақпаратты дұрыс рәсімдеу және оны энциклопедияға орналастырудың негізгі алгоритмдерімен танысты.
Қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту – мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі қолданыс аясын кеңейтудің маңызды қадамы!
2026 жылғы 13-16 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық бастамасы шеңберінде Ақмола облысы - Шығыс Қазақстан облысы бағыты бойынша республикалық road-эстафета өтті.
Эстафетаны 2025 жылы "Әділет" партиясы халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру мақсатында бастады. Биылғы жылы іс-шара жұртшылық пен жастарды елдің табиғи мұрасын сақтау идеясына біріктіре отырып жалғасын тапты.
Ақмола облысында эстафетаға Целиноград және Ерейментау аудандарының жас белсенділері қосылды. Қатысушылар аумақтарды абаттандыру, еріктілер қозғалысын дамыту және экологиялық құндылықтарды насихаттау жөніндегі бастаманы қолдады.
Іс-шара жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен туған өлкенің тазалығын сақтау бойынша Қоғамның бірлескен жұмысының үлгісі болды.
"Таза Қазақстан" - еліміздің таза және гүлденген болашағына ортақ үлес!
Бүгін Астана қаласында «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты республикалық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Аталған байқауға Ақмола облысынан қатысқан Степногорск қалалық оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы, тіл жанашыры Мөлдір Серікқызы Манатова ынталандыру сыйлығына ие болды!
Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, тіл тазалығын сақтауға және сауатты жарнама мәдениетін қалыптастыруға қосқан еңбектің жемісі.
Мөлдір Серікқызын шын жүректен құттықтаймыз! Еңбегіңіз жемісті болып, шығармашылық ізденісіңіз жаңа жетістіктерге жетелей берсін! Алар асуларыңыз бен бағындырар белестеріңіз көп болсын!