Ауыл шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс iстеуiне қажеттi iшкi шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатқызылады.
Ауыл шаруашылығы өндірісін, шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға берілген жер учаскелерінде және жеке қосалқы шаруашылықтың егістік телімдерінде ауыл шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ объектілер, оның ішінде тұрғын үйлер (жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда) салуға жол берілмейді. Бұл ретте мал шаруашылығы кешендерін салуға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстарға және шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарға суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлері, егістік, тыңайған жерлер, көп жылдық екпелер егілген жерлер жататын бағалы ауыл шаруашылығы алқаптары пайдаланыла алмайды.
Елді мекендердің жерін бас жоспарларына (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендердi дамытудың және оларда құрылыс салудың осы жоспарларды алмастыратын схемасына) сәйкес кеңейту жағдайларын қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін өзгертуге жол берілмейді.
Ауыл шаруашылығы алқаптарына егiстiктер, тыңайған жер, көп жылдық екпелер егiлген жер, шабындықтар мен жайылымдар жатады.
Егiстiк - жүйелi түрде өңделетiн және көп жылдық шөптердiң егiстiгiн қоса алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiгiне пайдаланылатын жер учаскелерi, сондай-ақ сүрi жер. Алдын ала егiлетiн дақылдардың егiстiгi орналасқан (үш жылдан аспайтын уақыт аралығында), түбегейлi жақсарту мақсатында жыртылған шабындықтар мен жайылымдардың жер учаскелерi, сондай-ақ бақтардың егiске пайдаланылатын қатар аралығы егiстiкке жатпайды.
Тыңайған жер - бұрын егiстiк құрамында болған және күзден бастап бiр жылдан аса ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылмайтын және пар айдауға әзiрленбеген жер учаскесi.
Көп жылдық екпелер - жемiс-жидек, техникалық және дәрi-дәрмек өнiмдерiнiң түсiмiн алуға, сондай-ақ аумақты сәндеп безендiруге арналып қолдан отырғызылған көп жылдық ағаш, бұта екпелерiне пайдаланылатын жер учаскелерi.
Табиғи шабындықтар – шөп шабу үшін жүйелi түрде пайдаланылатын жер учаскелерi.
Жайылым – ауыл шаруашылығы жануарларын жыл бойы немесе маусымдық жаю үшін берілетін және пайдаланылатын жер учаскелері. Жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаю кезінде, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормалары сақталған кезде жайылымдардың өнімділігі жайылатын ауыл шаруашылығы жануарларына жемшөп қажеттілігінен асатын жағдайларда, жемшөп дайындау мақсатында шөп шабуға рұқсат етіледі.
Түбегейлi жақсартылған шабындықтар – шөп егу арқылы жаңа шалғын өсірілген шабындық учаскелерi.
Түбегейлі жақсартылған жайылымдар – көпжылдық шөптердің шығымдылығы жоғары соттарын егу арқылы жаңа шалғын өсірілген жайылым учаскелері.
Суландырылған жайылымдар - тиiстi мал басын сапасы ойдағыдай сумен қамтамасыз ете алатын су көздерi (көлдер, өзендер, тоғандар, апандар, суару және суландыру каналдары, құбырлы немесе шегендi құдықтар) бар жайылымдар.
Ауыл шаруашылығы алқаптары суармалы және суарылмайтын болуы мүмкін.
Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына ауыл шаруашылығында пайдалануға және суаруға жарамды, су ресурстары жүйесiнiң қазiргi пайдалы жұмыс коэффициентiнде суару нормаларының жобалау немесе қолданыстағы нормативтерi бойынша осы жердi сумен қамтудың қолайлы мерзiмi iшiнде қамсыздандырудың кемiнде 75 процентiнен кем емес су ағынымен қамтамасыз ететiн суару көзiмен байланысты тұрақты және уақытша суару жүйесi бар жер жатады.
Жайылма суару жерi қар суын және көктемгi тасқын суды, сондай-ақ топырақты ылғалдандыру үшiн суару және суландыру каналдарынан берiлетiн суды осы учаскелер аумағында ұстап қалуды және қайта бөлудi қамтамасыз ететiн су бөгейтiн белдеулерi, суды реттейтiн бөгеттерi мен басқа да гидротехникалық құрылыстары бар учаскелер болып табылады.