«Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ 2025 жылғы 1 мамыр мен 2026 жылғы 30 сәуір аралығындағы кезеңде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау қорытындылары бойынша АНАЛИТИКАЛЫҚ АНЫҚТАМАСЫ

«Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы»  ММ 2025 жылғы 1 мамыр мен 2026 жылғы 30 сәуір аралығындағы кезеңде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау қорытындылары бойынша

                           АНАЛИТИКАЛЫҚ АНЫҚТАМАСЫ

          Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы №410-V ҚРЗ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 8-бабының 5-тармағына сәйкес «Мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізеді, оның нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдайды», сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының  2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына» сәйкес, «Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) басшысының 2026 жылғы 03 маусымдағы №94 н/қ бұйрығы негізінде жұмыс тобы 2026 жылғы 3–30 маусым аралығында 2025 жылғы 1 мамырдан  2026 жылғы сәуірге дейінгі кезең бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді.

         Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау келесі бағыттар бойынша жүргізілді:

  • объектінің қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
  • объектінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

 БІРІНШІ БАҒЫТ БОЙЫНША – Басқарманың қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

  1. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

Басқарманың қызметін реттейтін құқықтық актілер мен ішкі құжаттардың тізбесі анықтамаға 1-қосымшада келтірілген.

Басқарма өз қызметін Ақмола облысы әкімдігінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №  А-4/150 қаулысымен бекітілген «Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) негізінде жүзеге асырады.

Аталған Ережеге сәйкес, Басқарманың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

  • жолаушылар көлігі, облыстық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары салаларында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;
  • жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары салаларындағы заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің орындалуын мониторингтеу мен талдауды қамтамасыз ету.

 

Құқықтық олқылық

         Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 тамыздағы №883 бұйрығымен бекітілген «Республикалық маңызы бар қалаларды, астананы және олардың агломерацияларын қоспағанда, жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың залалдарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау қағидаларына» (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес, жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың залалдарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау тәртібі және «әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушының залалдарын субсидиялау» мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі айқындалған.

          Қағидалардың 15-тармағының 9) тармақшасына сәйкес, субсидиялау туралы шартта жергілікті атқарушы органның тасымалдаушы нақты орындаған жұмыстар мен жұмсаған шығындары бойынша субсидия төлеу талаптары қамтылуға тиіс.

          Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2025 жылғы 20 мамырдағы №158 бұйрығымен бекітілген жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың залалдарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау туралы үлгілік шартта (бұдан әрі – Үлгілік шарт) нақты орындалған жұмыстар мен жұмсалған шығындарды растау тәртібін, растайтын құжаттардың тізбесін, сондай-ақ оларды тексеру тетігін айқындайтын ережелер көзделмеген.

           Аталған құқықтық олқылық субсидиялау талаптарын әртүрлі түсіндіру мүмкіндігін туындатады және субсидия төлеу туралы шешімдер қабылдау кезінде лауазымды тұлғаларға дискрециялық өкілеттіктер береді. Бұл субъективті тәсіл қолдану, шығындарды негізсіз келісу немесе оларды өтеуден бас тарту тәуекелін арттырады.

          Ұсыным:

           Үлгілік шартқа өзгерістер енгізу мәселесін бастамашылық ету, онда нақты орындалған жұмыстар мен жұмсалған шығындар бойынша субсидияларды төлеу талаптары мен тәртібін, оның ішінде растайтын құжаттардың толық тізбесін, оларды бағалау критерийлерін және тексеру тетігін көздеу, бұл Қағидалар нормаларын біркелкі қолдануды қамтамасыз етеді және шешімдерді субъективті қабылдау мүмкіндігін болдырмайды.

        Кең ауқымды дискрециялық өкілеттіктердің болуы

        Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 19-бабын талдау барысында 2-тармақ пен 2-1-тармақ арасында құқықтық белгісіздіктің болуы анықталды.

        19-баптың 2-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы орган қалалық (ауылдық) қатынаста тұрақты автомобиль тасымалдары бойынша барлық маршруттар үшін жолаушылар мен багаждытасымалдаудың бірыңғай тарифін белгілейді. Сонымен бірге, осы баптың 2-1-тармағы маршрут түріне, жол жүру билетінің түріне, төлем жасау тәсіліне, тасымалдау қашықтығына немесе аялдама пункттерінің санына байланысты тарифті саралау құқығын береді.

        Көрсетілген нормаларға жүйелі талдау жүргізу нәтижесінде 2-1-тармақ іс жүзінде 2-тармаққа қатысты арнайы норма болып табылатыны және бірыңғай тариф қағидатынан ерекшеліктер белгілейтіні туралы қорытынды жасауға болады.

         Сонымен бірге, заңда аталған нормаларды қолдану шектерінің нақты ажыратылмауы оларды әртүрлі түсіндіру жағдайларын туындатады.

          Ерекше назар 2-1-тармақта көзделген тарифті төлем жасау тәсілі бойынша саралау мүмкіндігіне аударылады. Нәтижесінде бірдей көлік қызметін алатын жолаушылар (бір маршрут, бірдей қашықтық және тасымалдаудың бірдей шарттары) тек төлем тәсіліне (қолма-қол есеп айырысу, көлік картасы, QR-төлем және т.б.) байланысты әртүрлі жол жүру ақысын төлеуі мүмкін. 

           Бұл ретте заңнамада мұндай саралаудың негізділік критерийлері, тарифтер арасындағы айырмашылықтың жол берілетін шектері, сондай-ақ бірдей қызмет үшін әртүрлі тарифтер белгілеудің экономикалық орындылығын растау тәртібі айқындалмаған.

            Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың тарифтерді саралау туралы шешімдер қабылдау кезінде кең ауқымды дискрециялық өкілеттіктерінің болуына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелі байқалады. Заңнамалық критерийлер мен шектеулердің болмауы тариф мөлшерлерін айқындау кезінде субъективті тәсіл қолдануға және жеткілікті экономикалық негіздемесіз шешімдер қабылдауға алғышарттар жасайды.

           Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» Заңының  19-бабының 2 және 2-1-тармақтарының нормаларында бірыңғай тариф қағидаты мен оны саралау құқығының арақатынасы бөлігінде құқықтық белгісіздік бар. Ең жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелі төлем жасау тәсілі бойынша сараланған тарифтерді қолданудың заңнамалық тұрғыдан белгіленген критерийлерінің, шектерінің және тәртібінің болмауымен байланысты, бұл уәкілетті органдарға жол жүру құнын реттеу кезінде кең көлемде өз қалауы бойынша шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

            Ұсыным:

            Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында сараланған тарифтердің экономикалық негіздеме критерийлерін және олардың айырмашылықтарының шекті параметрлерін нормативтік тұрғыдан бекіту орынды.

2.Ішкі құжаттардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

         Қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарына жүргізілген ішкі талдау барысында барлық лауазымдық нұсқаулықтар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы №20 бұйрығымен бекітілген әкімшілік мемлекеттік қызметшінің лауазымдық нұсқаулығын әзірлеу және бекіту қағидаларының талаптарына сәйкес келетіні анықталды.

          Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу барысында ішкі құжаттарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.

           ЕКІНШІ БАҒЫТ БОЙЫНША – Басқарманың                           ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

  1. Персоналды басқаруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, оның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымдарды айқындау:

          Басқарманың штат кестесіне сәйкес 17 бірлік көзделген, нақты штат саны 13 бірлікті құрайды. Оның ішінде 6 бірлік – басшылық құрам, 11 бірлік – орындаушылық құрам, оның ішінде 7 қызметкер салалық бөлімшелерде және 7 қызметкер көмекші бөлімшелерде жұмыс атқарады.

         Талданатын кезең ішінде таза ауысымдылық бойынша, теріс себептермен, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жұмыстан босату фактілері анықталған жоқ.

        Талданатын кезең ішінде 2 қызметкер жұмыстан босатылды (2026 жылы – 2), оның ішінде 1 қызметкер – басқа жерге көшуіне байланысты, 1 қызметкер – басқа мемлекеттік органға тағайындалуына байланысты.

       Ақмола облысы әкімдігінің 2021 жылғы 18 қазандағы №А-10/522 «Облыстық атқарушы органдардың штат саны лимиттері туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы 2024 жылғы 27 қыркүйектегі №А-10/461 қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 2 мамырдан бастап Басқармаға 17 бірлік мөлшерінде штат санының лимиті жеткізілді.

       Мемлекеттік қызметке жаңадан және алғаш рет қабылданған барлық қызметкерлер мемлекеттік қызметке кіруге байланысты шектеулерді қабылдайды.

        Тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілер саны – 5 (2025 жылы – 3 қызметкерге ескерту, 2026 жылы – 2 қызметкерге ескерту).

Бұл ретте, қызметкерлердің бұзушылықтармен келісуіне байланысты Басқармада қызметтік тергеулер жүргізілмеген. Тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіз болған материалдар: жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының ақпараттары, қызметтік жазбалар және өзге де материалдар.

         Барлық лауазымды тұлғалардың теріс қылық жасау себептері өздерінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауы болып табылды. 

        Мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке заңсыз тарту мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне немесе сот органдарына шағымдар түскен жоқ.       Жұмыс тобы лауазымды тұлғалар үшін қолданыстағы заңнамада белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен тыйымдардың сақталуына, оның ішінде коммерциялық ұйымдарды сенімгерлік басқаруға беру және өзге де талаптардың орындалуына талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде бұзушылықтар анықталған жоқ.

         Барлық мемлекеттік қызметшілер 2025 жылға арналған кірістері мен мүлкі туралы декларацияларын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде ұсынуда.

       Талдау жүргізілген кезеңде басқарманың мемлекеттік қызметшілеріне қатысты соттылық, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері анықталған жоқ.

        Ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша айқындалған, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымдар тізбесі анықтамаға қоса берілген 2-қосымшада көрсетілген.

  1. Мүдделер қақтығысына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

        2025 жылғы 1 мамырдан бастап 2026 жылғы сәуір аралығындағы кезеңде облыс әкімдігімен 7 жалпы конкурс өткізілді, (оның ішінде 7 конкурс төменгі деңгейдегі бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасу бойынша өткізілді). Оның ішінде 4 конкурс кандидаттардың болмауына байланысты өткізілмеді. Конкурстардың нәтижелері бойынша бос лауазымдарға 3 кандидат қабылданып, тағайындалды. Конкурс комиссиясының немесе персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің (кадр қызметінің) шешімдеріне қатысты конкурс сарапшыларынан, байқаушыларынан, сондай-ақ кандидаттардан уәкілетті органға, оның аумақтық бөлімшесіне немесе сотқа шағымдар келіп түскен жоқ.

         Конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында конкурс комиссиясы отырыстарына тұрақты негізде байқаушылар мен сарапшылар шақырылады. Байқаушылар мен сарапшылар ретінде мемлекеттік органдардың, кәсіподақ ұйымдарының және прокуратура органдарының өкілдері тартылады.

         Бос лауазымдарға орналасу бойынша конкурстық рәсімдерді өткізу кезінде жақын туыстары немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын лауазымдарға байланысты аффилирлену фактілері анықталған жоқ.

 

  1. Мемлекеттік қызметтер көрсетуге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

      Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 31 қаңтардағы №39 н/қ бұйрығымен бекітілген мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес, Басқарма тарапынан 5 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

     Оның ішінде:

           «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 1 мемлекеттік қызмет көрсетіледі - «Өздігінен жүретін шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктер беру». Аталған мемлекеттік қызметті «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсету жүзеге асырылмайды (бұған дейін бұл ақпарат 2022 және 2025 жылдардағы талдамалық анықтамаларда көрсетілген). Талдау жүргізілген кезеңде аталған мемлекеттік қызмет бойынша 0 қызмет көрсетілді;

        «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы 3 мемлекеттік қызмет көрсетіледі:

  1. «Автобустармен, шағын автобустармен жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына, сондай-ақ халықаралық қатынастарда автобустармен, шағын автобустармен жолаушыларды тұрақты тасымалдау құқығына лицензия беру» — талдау кезеңінде 3 мемлекеттік қызмет көрсетілді;
  2. «Әлеуметтік маңызы бар ауданаралық (қалааралық облысішілік), ауданішілік, қалалық (ауылдық) және қала маңындағы қатынастар бойынша автомобильмен жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушының залалдарын субсидиялау» — талдау кезеңінде 101 мемлекеттік қызмет көрсетілді;
  3. «Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруды келісу» — талдау кезеңінде 0 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

       Қызмет беруші арқылы 1 мемлекеттік қызмет көрсетіледі — «Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын арналармен, байланыс және электр беру желілерімен, мұнай құбырларымен, газ құбырларымен, су құбырларымен және темір жолдармен, басқа да инженерлік желілермен, коммуникациялармен қиылысуға, сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына кірме жолдар мен жалғасулар салуға жобалау үшін техникалық шарт беру». Талдау кезеңінде аталған мемлекеттік қызмет бойынша 2 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

       5 мемлекеттік қызметтің ішінен ақылы негізде 1 мемлекеттік қызмет көрсетіледі: «Автобустармен, шағын автобустармен жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына, сондай-ақ халықаралық қатынастарда автобустармен, шағын автобустармен жолаушыларды тұрақты тасымалдау құқығына лицензия беру».

       Барлық мемлекеттік қызмет түрлері бойынша мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары бекітілген.

       Талдау кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін бұзу фактілері анықталған жоқ.

 

      Мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде пайдаланылатын ақпараттық жүйелердің белгіленген тәртіптің бұзылуына әкелетін тиісті деңгейде жұмыс істемеуі

      «Өздігінен жүретін шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктер беру» мемлекеттік қызметі бойынша

      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 17 сәуірдегі №457 бұйрығымен бекітілген «Шағын көлемді кемені басқару құқығына кеме жүргізушілерін аттестаттау қағидаларының» 1-1-қосымшасының 7-тармағының 2) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы жергілікті атқарушы органға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы (бұдан әрі – портал) белгіленген нысан бойынша өтініш жолдайды. Алайда қазіргі уақытта аталған мемлекеттік қызметті портал арқылы көрсету барысында бірқатар мәселелер орын алуда:

  - көрсетілетін қызметті берушінің ИАЖ  ХҚК   МАЖО  жүйесінде мемлекеттік қызметті алуға арналған белгіленген нысандағы өтініш көрсетілмейді;

   - өтініш берушіні емтихан тапсыруға жіберу бөлігінде ИАЖ  ХҚКО  МАЖО жүйесімен интеграциялау жүзеге асырылмаған (мемлекеттік корпорация портал арқылы жүгінген көрсетілетін қызметті алушының өтінішін көре алмайды);

    - өтініш берушінің жеке кабинетінде мемлекеттік органның ресми жауабы көрсетілмейді.

       Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесінің (құжаттың) қағаз түрінде берілуіне байланысты облыстың аудандары мен қалаларында аталған мемлекеттік қызметті алу мүмкіндігі шектелген. Себебі қызмет тек облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары арқылы, яғни облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда көрсетіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсетудің негізгі талаптары тізбесінің 8-тармағына сәйкес, портал арқылы құжаттарды тапсырғаннан кейін өтініш беруші «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына бірнеше рет баруға мәжбүр болады: емтихан тапсыру, қолданылу мерзімі аяқталған бұрын берілген куәлікті тапсыру, фотосурет ұсыну, сондай-ақ мемлекеттік қызмет нәтижесін алу үшін бару қажет, себебі мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі тек қағаз нысанда беріледі.

      Осыған байланысты аталған мемлекеттік қызметті «Жүргізуші куәліктерін беру» мемлекеттік қызметіне ұқсас мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетуді ұйымдастыру орынды деп санаймыз.

 

  1. Рұқсат беру функцияларын іске асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықта :

      Жеке және заңды тұлғалармен тікелей байланыс

      Басқарма тарапынан 1 рұқсат беру құжаты - тұрақты ішкі республикалық автомобиль тасымалдары маршруттарына қызмет көрсету құқығына куәлік беру жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығымен бекітілген «Республикалық маңызы бар қалаларды, астананы қоспағанда, автомобиль көлігімен жолаушылар мен багаж тасымалдау қағидаларының» (бұдан әрі — Қағидалар) 145 және  147-тармақтарына сәйкес халықаралық тасымалдарды қоспағанда, жолаушылар мен багажды тұрақты автомобиль тасымалдаулары аталған тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурста жеңімпаз атанған және жергілікті атқарушы органдармен жасалған шарттар негізінде маршруттарға қызмет көрсету құқығына куәлік алған тасымалдаушылармен жүзеге асырылады.

Тұрақты ішкі республикалық автомобиль тасымалдарының жолаушылар мен багаж маршруттары тасымалдаушылар арасында конкурстық негізде бөлінеді.

         Қағидалардың 171-тармағына сәйкес, Комиссия хатшысы конкурс туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімде ұсынылған өтінімдерді қабылдайды және қатысушыға құжаттардың қабылданғаны туралы хабарлама (анықтама) береді. Осыдан кейін конкурстық ұсыныстарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.

        Конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімдерді бұза отырып ұсынылған өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттарды комиссия хатшысы қабылдамайды және комиссия қарауына енгізбейді.

        Осыған байланысты тасымалдаушылардан келіп түскен барлық конкурстық құжаттамаларды қабылдау қолма-қол, қағаз түрінде жүзеге асырылады, яғни мемлекеттік қызметші мен конкурсқа қатысушы арасында тікелей байланыс орнатылады. Сонымен қатар, нәтижелерді беру барысында (шарт жасасу, куәлік беру, қозғалыс сызбалары мен кестелерін ұсыну) да осындай тікелей байланыс орын алады.

 

  1. Бақылау-ревизиялық функцияларды іске асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

Бекітілген Ережеге сәйкес Басқарма бақылау-ревизиялық функцияларды жүзеге асырмайды.

 

  1. Бюджеттік және қаржылық қаражатты игеру және бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

     2025 жылдың қорытындысы бойынша Басқарманың бюджеттік жоспары  65 964 255,5 мың теңгені құраса, бюджеттің орындалуы      65 956 254,1 мың теңгені құрады.

     2026 жылға арналған Басқарманың қаржыландыру жоспары          19 659 552,0 мың теңгені құрайды. 2026 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша 9 035 434,1 мың теңге игерілді.

    2025 жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген тексеру материалдарын зерделеу нәтижесінде талданып отырған кезеңде заң бұзушылықтар мен жүйелі кемшіліктер анықталған жоқ.

 

  1. Жеке және заңды тұлғалармен шарттар жасасу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

     Талданып отырған кезеңде Басқарма барлығы 84 шарт жасасты, оның ішінде:

    тұрақты автобус маршруттарына қызмет көрсету құқығына – 2 шарт;

    әлеуметтік маңызы бар ауданаралық (қалааралық) қатынастарды субсидиялауға – 9 шарт;

    мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы – 73 шарт, оның ішінде:

    ашық конкурс тәсілімен – 23 шарт (жалпы шарттар санының 27,4%-ы);

    бір көзден тікелей шарт жасасу тәсілімен – 13 шарт (15,5%);

    баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен – 21 шарт (25%);

    өткізілмеген мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша бір көзден  – 14 шарт (16,7%);

    рейтингтік-балдық тәсілмен – 2 шарт (2,4%).

    Барлық шарттар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес жасалған.

     Сонымен қатар, Басқарма облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу жобалары бойынша зертханалық сынақтар жүргізу үшін шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бір көзден шарт жасасады. Осыған байланысты зертханалық сынақтарды жүргізу шығындарын Басқарма төлейді, сондай-ақ аталған кәсіпорын мамандарының іссапар кестелерін Басқарма бекітеді.

     Жоғарыда баяндалғанның негізінде жұмыс тобы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Басқармаға бақылаулық және қаржылық тәуелділігі орын алып отырғанын, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі болып табылатынын есептейді.

 

  1. Ақпараттық жүйелерді әзірлеу және пайдалану кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

        Басқармада ақылы негізде «1С:Бухгалтерия» ақпараттық жүйесі және «Парус қаржыландыру» ақпараттық жүйесі пайдаланылуда.

        Талданып отырған кезеңде Басқарма жаңа ақпараттық жүйелерді әзірлеуді жүзеге асырған жоқ.

        Ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша ақпараттық жүйелерді пайдалану барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.

  1. Ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтен туындайтын өзге де мәселелерді іске асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

 

       Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері:

 

Талданып отырған кезеңде барлығы 569 өтініш келіп түсті, оның ішінде: 425 өтініш, 53 шағым, 8 ұсыныс және 83 өзге де өтініш (хабарлама, сұрау салу, пікір). Оның ішінде 344 өтініш Басқармада қаралып, 214 өтініш бойынша қолайлы әкімшілік акт қабылданды.

        Талданып отырған кезеңде Басқарма қызметкерлерінің өтініштерді қарау және тіркеу тәртібін бұзу фактілері бойынша тәртіптік құқық бұзушылықтарға талдау жүргізілді.

        Атап айтқанда, 2025 жылғы желтоқсанда өтінішті дұрыс қарамағаны, атап айтқанда қабылданған шешім туралы ақпаратты қате көрсеткені және мәселенің мәнін бұрмалағаны үшін автомобиль жолдарын дамыту және пайдалану бөлімінің басшысы мен аталған бөлімнің бас маманына ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды (2025 жылғы 15 желтоқсандағы №226 ж/қ және №227 ж/қ бұйрықтар).

        Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс істеудің тиімділігі ішкі және сыртқы тәуекел факторларын тұрақты бақылауға және есепке алуға тікелей байланысты.

           Өтініштерді қарау кезінде құқықтық сауаттылық деңгейін қалыптастыру және арттыру мақсатында 2025 жылғы желтоқсанда Басқарма қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талаптарының сақталмауына байланысты бұзушылықтар бойынша оқыту семинары өткізілді. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің өтініштерді талдау және бақылау бөлімінің бастығы Кудабаева Ляззат Айтбаевна мен осы бөлімнің аға прокуроры Канат Куат Канатулы қатысты.

        Келіп түскен өтініштерді талдау халық үшін ең өзекті мәселелер автомобиль жолдары саласына қатысты екенін көрсетті. Атап айтқанда, автомобиль жолдарын жөндеу, салу және реконструкциялау мәселелері басым болып табылады.

        Жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен барлық өтініштерге белгіленген мерзімдерде жауаптар беріліп, қабылданған шешімге шағымдану құқығы түсіндірілді. Лауазымды тұлғалар өз құзыреті шегінде өтініштерді қарау тәртібінің сақталуына тұрақты бақылау жүргізеді.

      Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою

       2024 жылы 2020–2024 жылдар кезеңіндегі автомобиль жолдарын салу және жөндеу саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Аталған талдау шеңберінде 16 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес анықталған тәуекелдерді жою жөнінде 16 іс-шара көзделген, оның ішінде:

 1 іс-шара – бюджетке қаражатты қайтаруға;

 3 іс-шара – цифрландыруға;

 12 іс-шара – нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бағытталған.

Бүгінгі таңда 2 ұсыным орындалды. Орындау мерзімі 2026 жылғы                              31 желтоқсанға дейін белгіленген қалған 14 іс-шараны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

        Жоспарда көзделген 16 іс-шараның 12-сі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге байланысты. Осыған орай өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар тиісті министрліктерге жолданды. Алайда бүгінгі күні мемлекеттік органдардан қабылданған шешімдер бойынша тек 1-тармаққа қатысты оң жауап келіп түсті, ал 10 тармақ бойынша (2, 3, 5, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13 және 14) жауаптар келіп түскен жоқ. Сонымен қатар, 8-тармақ бойынша орталық мемлекеттік органға хат жолданбаған.

        (4, 6, 12, 15 және 16-тармақтар) бойынша Іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

 

     Анықтама үшін:

  1. Тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау мақсатында облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының қолы қойылған хат арқылы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2025 жылғы 20 мамырдағы №158 «Жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың залалдарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялаудың үлгілік шартын бекіту туралы» бұйрығына нақты орындалған жұмыстар мен жұмсалған шығындар бойынша субсидия төлеу шарттары мен тәртібін, растайтын құжаттар тізбесін, бағалау өлшемшарттары мен тексеру тетігін көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс жолдау.
  1. Сараланған тарифтердің экономикалық негізділігі өлшемшарттарын және олардың айырмашылығының шекті параметрлерін нормативтік бекіту мақсатында облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының қолы қойылған хат арқылы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы    13 қазандағы №614 «Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдау қызметтеріне тарифтерді есептеу әдістемесін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс жолдау.
  1. «Өздігінен жүретін шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлік беру» мемлекеттік қызметін қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру мақсатында мемлекеттік қызметті электрондық форматта көрсету үшін порталдағы қажетті жұмыстарды жүргізу мәселесі бойынша облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының қолы қойылған хаттарды Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жолдау.
  2. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының қолы қойылған хат арқылы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына тұрақты қалааралық облысаралық, ауданаралық (облысішілік қалааралық) жолаушылар мен багаж тасымалдарын ұйымдастыру бойынша конкурстар өткізу және рұқсат беру құжаттарын беруді электрондық форматқа көшіру бөлігінде өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс жолдау.
  3. Автомобиль жолдарын салу және жөндеу сапасына тәуелсіз бақылауды қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының қолы қойылған хат арқылы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі №245 «Автомобиль жолдары туралы» Заңына 13-баптың 1-1-тармағының 5-2) тармақшасын алып тастау және «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК қызметін тек республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс жолдау.
  4. Жол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын ерекше бақылауға алу.

          Орталық мемлекеттік органдарға қайта хаттар жолдап, жоспардың әрбір тармағы бойынша тиісті жауаптар алынуын қамтамасыз ету.

           Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының «Smart Aqmola» КММ-мен бірлесіп, азаматтар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер және қоғамдық ұйымдар үшін «SmartAqmola» АТЖ-да аудандық, қалалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары туралы (жөндеу кезеңі, ағымдағы жағдайы, ұзындығы, кепілдік мерзімі және т.б.) қолжетімді ақпаратты орналастыруды қамтамасыз ету. Автомобиль жолдарын электрондық паспорттандыруды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау.

 

 

 

Қосымша:

              1-қосымша. «Басқарма қызметін реттейтін құқықтық актілер мен ішкі құжаттардың тізбесі» ___ бет.

              2-қосымша. «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау қорытындылары бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшыраған лауазымдар тізбесі» ___ бет.

 

 

Жұмыс тобының төрағасы

Басқарма басшысының

орынбасары                                                                                  А. Муслиева

                                                  

                                                                          

Жұмыс тобының мүшелері:

Жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы                              А. Рублевский



Жолдарды дамыту және

пайдалану бөлімінің басшысы                                               Ж. Әшім

                                                

 

                  
Экономика, жоспарлау,

бюджеттің орындау және

әкімшілік-құқықтық жұмыс

бөлімінің басшысы                                                                         Е.Магзумов

 

 

Экономика, жоспарлау,

бюджеттің орындау және

әкімшілік-құқықтық жұмыс

бөлімінің бас маманы                                                                   М.Кыркаева

                                              

 

Таныстым:_____________________         В.З.Кулаков

                                                                    Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы

 

 

Дата публикации
17 июля 2026