Меню

Страницы

Статья

«Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» ММ сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

 

                                                                                                                                          ЖОБА

 

«Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» ММ сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

 

1-тарау. Жалпы ережелер

   

  1.  Осы Ақмола облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының (бұдан әрі-басқарма) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты (бұдан әрі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт) Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 10-бабының 2 тармағына, және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 285 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру бойынша әдістемелік ұсынымдарға (бұдан әрі – Әдістемелік ұсынымдар) сәйкес әзірленген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт – қоғамдық қатынастардың оқшауланған саласы үшін белгіленген, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар жүйесі.

  1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартта пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

1) жекжаттар – жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары мен балалары;

2) қоғамдық бақылау – қоғамдық бақылау субъектілерінің «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен және нысандарда жүзеге асырылатын, қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдерінің қоғамдық мүдделерге сәйкестігін талдауға және бағалауға бағытталған қызметі;

3) қоғамдық бақылау субъектілері – Қазақстан Республикасының азаматтары; діни бірлестіктерді қоспағанда Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген коммерциялық емес ұйымдар; Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға өкілеттіктер берілген өзге де субъектілер;

4) қонақжайлылық таныту – іскерлік қатынастарды орнату, нығайту немесе дамыту үшін ұсынылатын тамақ (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас және басқалары), қабылдаулар, ойын-сауық, қоғамдық немесе спорттық іс-шараларға билеттер. Бұл ретте, қонақжайлылық таныту шақырушы тараптың қатысуын талап етеді, олай болмаған жағдайда шығыстар сыйлық болып табылады;

5) мүдделер қақтығысы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды тұлғалардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өз лауазымдық міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына алып келуі мүмкін;

6) мемлекеттік сатып алу – тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толықтай немесе ішінара бюджет қаражаты, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген ақша және (немесе) меншікті кірістері есебінен сатып алуы;

7) отбасы мүшелері – жұбайы (зайыбы), ата-аналары, балалары, оның ішінде кәмелет жасына толған балалары, сондай-ақ асырауындағы және онымен тұрақты тұратын адамдар;

8) сыбайлас жемқорлық тәуекелі – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау ықтималдығы;

9) сыйлық – ақша қаражаты немесе өтеусіз берілетін/алынатын өзге де мүлік, артықшылықтар, жеңілдіктер, көрсетілетін қызметтер, материалдық емес активтер;

10) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін картаға түсіру – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға, талдауға, бағалауға (ранжирлеуге) және оларды жою шараларын әзірлеуге бағытталған процесс;

11) сыбайлас жемқорлық картограммасы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің тізбесін, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымдарды және ықтимал сыбайлас жемқорлық осалдықтары жөнінде белгі беретін басқа да мәліметтерді қамтитын, жаңартылатын деректер жиынтығы.

  1. Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттардың негізгі қағидаттары:

1)  заңдылық;

2)  адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы;   

3)  жариялылық және ашықтық;   

4)  мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы;   

5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі және кешенді пайдалану ;

6) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басымдықпен қолдану;

7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды қорғау және көтермелеу;

 8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы болып табылады.

2-тарау. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін картаға түсіру және сыбайлас жемқорлық картограммасын қалыптастыру

 

  1. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін картаға түсіру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындау себептерін көрсетіп, олардың алдын алу және жою шараларын айқындауға, сондай-ақ бірінші басшының назар аударуын талап ететін сын-қатерлерді анықтауға мүмкіндік береді.

Картаға түсірудің нәтижесі анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейімділіктің графикалық түрде бейнеленуі болып табылады және Агенттік төрағасының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 488 бұйрығымен бекітілген Ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау әдістемелік ұсынымдарының (бұдан әрі – Ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау әдістемесі) 43-тармағына және Әдістемелік ұсынымдарға 1-қосымшаға сәйкес ресімделеді.

  1. Картаға түсіру алгоритмі:

1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

 Ішкі процестерді, функцияларды, ұйымдастырушылық құрылымды, Басқарманың қызметін реттейтін заңнаманы, Басқармада бұрын анықталған сыбайлас жемқорлық немесе мүдделер қақтығысы фактілерін тексеру нәтижелерін және Қазақстан Республикасының   қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ақпарат көздерін жүйелі талдау. 

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жойылуы бойынша тәуекелдер картасын түзету, Қазақстан Республикасының заңнамасын, ұйымдық-штаттық құрылымды және (немесе) Басқарманың штат санын, жемқорлық тәуекелдеріне жатқызылған функцияларды іске асыратын жұмыскерлердің лауазымдық міндеттерін немесе сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ықпал ететін өзге де өзгерістер орын алған жағдайда өзгерту;

2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жіктеу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган бекіткен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдауды жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарда көзделген критерийлер бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін рангтеу (немесе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін рейтингілеу / сатылау).;

3) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және барынша азайту.

Тәуекелдер картасы негізінде нақты шаралар, мерзімдер, орындаушы және іс-шараның аяқталу нысаны көрсетілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жоспары әзірленеді, оны  бірінші басшы бекітеді және бақылайды.

4) тиісті мүдделі тараптарды ақпараттандыру.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жоспары Басқарманың интернет-ресурсында орналастырылады.

Бұл ретте, қорғалуға жататын құпия ақпаратты, сондай-ақ инсайдерлік, коммерциялық ақпараттың және дербес деректердің жария болып кету қаупі бар болса, жоспардың бір бөлігі ғана жариялануы ықтимал; 

5) кері байланыс тетігін құру.

Мүдделі тараптарды ақпараттандыру және жариялылықты қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар мен басқа да құпияларды, ақпаратқа қолжетімділікті, жеке деректерді және олардың қорғалуын реттейтін заңнамасының талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс.

  1. Картаға түсіру Cыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарының орындау шеңберінде жүргізетін сыбайлас жемқорлық картограммаларын қалыптастыру үшін қолданылады.
  2. Сыбайлас жемқорлық картограммасы ықтимал сыбайлас жемқорлық көріністері жайлы хабар беретін мәліметтерді жүйелеуге және алдын алу шараларын әзірлеу мақсатында әзірленеді.

Сыбайлас жемқорлық картограммаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері олардың ранжирленуімен, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымдар тізбесі қамтылады, сондай-ақ БАҚ-тағы жарияланымдар, шағымдар, өтініштер, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттары туралы басқа да ақпарат талдауы болуы мүмкін. 

 

3-тарау. Мүдделер қақтығысын болдырмау

1-параграф. Мүдделер қақтығысын болдырмаудың қажеттілігі

  1. Мүдделер қақтығысының алдын алу парасаттылықты арттыруда және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда басты рөл атқарады.
  2. Мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген, оларға теңестірілген адамдар мен лауазымды тұлғаларға бірқатар талаптар көзделген.

Тыйым салынады:

1) мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыруға;

2) өзінің жақын туыстары (ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері), жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары (жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары және балалары) атқаратын лауазымға тікелей бағынысты болатын лауазымды атқаруға, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары тікелей бағынысында болуға;

3) квазимемлекеттік сектор субъектісінің бір басқару органында (байқау кеңесінде, атқарушы органында) өзінің жақын туыстарымен, жұбайымен (зайыбымен) және (немесе) жекжаттарымен бірге лауазымдарды атқаруға;

4) мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдалануға;

5) материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер не көрсетілетін қызметтер ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін оларды жеке өзі немесе делдалдар арқылы алуына;

6) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттарды (салымдарды) ашуға және иеленуге, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға;

7) өкілді органның депутаты болуға, өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң тікелей бақылауындағы мемлекеттік органда үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға;

8) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметпен және басқа да ақы төленетін қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық формасына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;

9) материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;

10) ереуiлдi және рұқсат етілмеген митингтерді қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және лауазымдық мiндеттердi орындауына кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;

11) өзінің қызметтік өкілеттіктерін қызметтік мүддеге қайшы келетін түрде пайдаланып, өзіне немесе басқа тұлғаларға, ұйымдарға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында, сондай-ақ басқа тұлғаларға немесе ұйымдарға зиян келтіру үшін әрекет етуге;

12) «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысуға немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға;

13) мүдделер қақтығысын туындататын шешімдерді әзірлеуге, талқылауға немесе қабылдауға қатысуға не қандай да бір тәсілмен қабылданатын шешімдерге ықпал етуге;

14) мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға;

15) өзінің құқықтары мен өкілеттіктерінен айқын тыс әрекеттер жасауға;

16) ресми құжаттарға алдын ала жалған мәліметтер немесе олардың шынайы мазмұнын бұрмалайтын түзетулер енгізуге;

17) қызметінде өзіне немесе басқа тұлғаларға, ұйымдарға пайда мен артықшылықтар алу немесе басқа тұлғаларға немесе ұйымдарға зиян келтіру мақсатында әрекет етпеуге;

18) қызметке салғырттық көрсетуге, яғни қызметке немқұрайлы немесе бейжай қарауы салдарынан өз міндеттерін орындамауға немесе дұрыс орындамауға;

19) өзінің қызметтік жағдайын және бұрын атқарған лауазымындағы артықшылықтарды жеке мүдделері үшін пайдалануға.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар мемлекеттік лауазымға кірген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға алып келетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.

   2-параграф. Мүдделер қақтығысын анықтау.

  1. Мүдделер қақтығысы мыналарды өткізу кезінде анықталуы мүмкін:

1) сыртқы және ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу;

2) мүдделер қақтығысы туралы өтініштермен немесе басқа да ақпаратпен, сондай-ақ ішкі актілермен жұмыс істеу;

3) уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тексерулері, ревизиялары немесе аудиттері;

4) жұмыскерлердің акцияларға, компаниялардың жарғылық капиталына үлестерге иелік етуі сияқты жеке мүдделерін қоса алғанда; контрагенттердің туыстарының болуы; лауазымдық міндеттемелермен байланысты болуы мүмкін қосымша кіріс көздері туралы деректерді жинауы және талдауы;

5) жұмыскерлердің іс-әрекеттері мен шешімдерін артықшылықтар немесе біржақтылық белгілерінің бар-жоғына талдау;

6) сыртқы көздерден алынған деректерді жұмыскерлер ұсынған деректермен салыстыру;

7) мүдделер қақтығысына алып келуі мүмкін лауазымдарға талдау жүргізу және ресурстарды бөлумен, қаржыны басқарумен, сатып алумен, бағалаумен және бақылаумен байланысты процестерге ең көп әсер ететін бөлімшелер мен лауазымдарды айқындау, сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік сот жүргізу және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істері жөнінде іс жүргізу нәтижелері бойынша анықталуы мүмкін.

         Қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері бар фактілер анықталған жағдайда, Басқарма тиісті ақпаратты Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

   

3-параграф. Мүдделер қақтығысының алдын алу шаралары

 

  1. Мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған іс-әрекеттер:

1) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыскерлер туындаған мүдделер қақтығысы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы өзіне белгілі болған сәтте өзінің тікелей басшысын немесе Басқарма басшысын, жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. 

Қажет болған жағдайда, басқарма басшысының мүдделер қақтығысы фактілері туралы хабарлайтын тұлғаларды қабылдау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі;

          2) басқарма басшысы үш жұмыс күні ішінде мүдделер қақтығысы туралы хабарламаны немесе өзге де ақпаратты басқарма басшысының орынбасарының қарауына жібереді;

3) мүдделер қақтығысы туралы хабарламаларды немесе өзге де ақпаратты қарау қорытындылары бойынша он жұмыс күні ішінде басқарма басшысына мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу жөніндегі ұсынымдар не оның жоқтығы туралы қорытынды ұсынылады;

4) мүдделер қақтығысы расталған жағдайда басқарма басшысы ұсынымдарды алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу жөнінде мынадай шараларды қабылдауға міндетті:

мүдделер қақтығысы туындаған мәселе бойынша лауазымдық міндеттерді орындауды басқа тұлғаға тапсыру;

лауазымдық міндеттерді өзгерту;

мүдделер қақтығысын жою бойынша өзге де шаралар қабылдау;

         5) басқарма басшысына мүдделер қақтығысы туындаған мәселе бойынша шешімді объективті қабылдау үшін бұл факт анықталған сәттен бастап өз өкілеттіктерін уәкілетті тұлғаға беру ұсынылады.

 

4-параграф. Сыйлықтар,  сапарлар және қонақжайлылық таныту туралы ережелер

 

  1. Лауазымдық функцияларды орындаумен байланысты сыйлықтар қабылдау немесе қонақжайлылық таныту заңсыз сыйақы ретінде болуы мүмкін. Сыйлықтар қабылдау және ұсыну, сапарға шақыру және қонақжайлылық таныту практикасын қатаң қадағалап, жолын кесу қажет.

Жұмыскерлерге мүмкіндігінше лауазымдық функцияларды орындаумен байланысты және пара ретінде қабылдануы мүмкін кез келген сыйлықтардан, сапарларға шақырудан, сондай-ақ қонақжайлылық танытудан барынша аулақ болуға кеңес беріледі.

  1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында сыйлықтар қабылдау, сапарлар мен қонақжайлылық таныту мәселелері бойынша мынадай сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен жауапкершілік көзделген:

1) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, адамның тиісті функцияларды орындамайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан өзінің мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларын орындағаны үшін ақша, көрсетілетін қызметтер және өзге де нысандар түрінде кез келген сыйақы қабылдауына тыйым салынады;

2) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам жеке өзі немесе делдал арқылы оларды танытатын адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер не көрсетілетін қызметтер алса, егер мұндай әрекеттер (әрекетсіздік) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның немесе оған теңестірілген адамның қызметтік өкілеттіктеріне кірсе, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, әкімшілік жауапкершілік көзделген;

         3) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар, лауазымды тұлғалар және олардың отбасы мүшелері хабардар етілмей олардың шотына келіп түскен ақша, олар анықталғаннан кейін екі аптадан аспайтын мерзімде тиісті мемлекеттік кіріс органына мұндай қаражаттың түсу мән-жайлары туралы түсініктеме беріле отырып, республикалық бюджетке аударылуға жатады; 

4) қызмет бабында өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын орындаумен байланысты өздеріне тәуелді мемлекеттік қызметшілерден және өзге де адамдардан жалпы қамқоршылығы немесе қызметі бойынша жол бергені үшін сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтер қабылдауға тыйым салынады; 

5) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар, лауазымды тұлғалар және олардың отбасы мүшелері хабардар етілмей келіп түскен, сондай-ақ олар тиісті функцияларды орындауына байланысты алған сыйлықтар сыйлықтың алынған күнінен бастап не жоғарыда аталған адамдарға сыйлықтың келіп түскен туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз берілуге жатады, ал аталған адамдарға нақ сондай мән-жайларда көрсетілген қызметтерге қызмет көрсетілген күннен бастап не мемлекеттік қызметшіге қызметтің көрсетілгені туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде ол республикалық бюджетке ақша аудару арқылы ақы төлеуге тиіс;

6) өздеріне сыйлықтар келіп түскен жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын  адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар, лауазымды тұлғалар жоғары тұрған лауазымды адамды хабардар ете отырып, оларды «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құны бойынша, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен жасалатын сатып алу-сату шарты негізінде сатып алуға құқылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша республикалық бюджетке аударылады;

7) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға немесе оларға теңестірілген адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне түскен сыйлықтар жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға толық және (немесе) уақтылы берілмесе, егер мұндай әрекетте қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, оларға айыппұл салынады;

8) жұбайының (зайыбының), туыстарының өз есебiнен шақыруы бойынша; егер олармен арадағы қарым-қатынастар шақырылатындардың қызметтiк iс-әрекетi мәселелерiн қозғамаса, өзге де жеке тұлғалардың шақыруы бойынша (жоғары тұрған лауазымды адамның немесе органның келiсуімен); халықаралық шарттарға сәйкес немесе шет мемлекеттермен өзара уағдаластық бойынша; ғылыми, спорттық, шығармашылық, кәсiби, гуманитарлық іс-шараларға, оның iшiнде осындай ұйымдардың жарғылық қызметi шеңберiнде жүзеге асырылатын сапарларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың есебінен мемлекетішiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауға тыйым салынады;

9) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды  орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың отбасы мүшелері аталған адаммен қызмет бабында байланысты болатын жеке және заңды тұлғалардан сыйлықтарды және көрсетілетін қызметтерді, туристік, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауға құқылы емес.

  1. Қонақжайлылық таныту қатынастарды бастау, нығайту немесе дамыту мақсатында бейресми және бейтарап жағдайда жасалады. Қонақжайлылық таныту таңғы асқа, түскі асқа, кешкі асқа, қабылдауларға, ойын-сауық, қоғамдық немесе спорттық іс-шараларға шақыруды көздейді.

Қонақжайлылық таныту шақырушы тараптың іс-шараға қатысуын білдіреді, олай болмаған жағдайда бұл сыйлық болып табылады.

 

4-тарау. Қаржылық бақылау шаралары

 

  1. Мемлекеттік қызметке түскенде және мемлекеттік қызмет өткеру кезінде декларацияларды тапсырмау не уақтылы тапсырмау әкімшілік жауаптылыққа алып келеді.
  2. Заңға сәйкес активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдарды қоспағанда, мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары) – лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) лауазымға тағайындау туралы актісі шығарылғанға дейін (декларация тапсыру айының бірінші күніндегі жағдай бойынша) тапсырады.

Кірістері мен мүлкі туралы декларацияны:

1) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары);

2) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары);

3) лауазымды тұлғалар мен олардың жұбайлары (зайыптары);

4) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары) ұсынады.

  1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары); мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары); лауазымды тұлғалар мен олардың жұбайлары (зайыптары); мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) заңға сәйкес есепті күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған мүлікті сатып алған жағдайда, кірістері мен мүлкі туралы декларацияда көрсетілген мүлікті сатып алуға жұмсалған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті.
  2. Активтері мен міндеттемелері туралы декларация.

Активтері мен міндеттемелері туралы декларация декларациялау жүйесіне енген кезде бір рет тапсырылады (кандидат ретінде декларация ұсынылатын «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында және «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банк, сақтандыру ұйымы, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы болуға ниеттенген адамдарға қатысты көзделген жағдайларды қоспағанда).

  1. Декларацияда декларацияны қолда бар активтері мен міндеттемелері туралы ұсынудың алдындағы жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:

1) шет мемлекеттің аумағында тіркелген не тіркелуге тиіс жылжымайтын мүлік, көлік құралдары;

2) барлық банк салымдары бойынша жиынтығы 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) асып кетін Қазақстан Республикасынан тыс шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша.

Бұл ретте, Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан тыс орналасқан шетелдік банктерде шоттар (салымдар) ашуға және иеленуге тыйым салынатын жемқорлыққа қарсы шектеуді қабылдайтын адамдар активтері мен міндеттемелері туралы декларацияда банк салымының сомасына қарамастан Қазақстан Республикасының шегінен тыс шетелдік банктерде сақтаулы ақшаның болуын көрсетеді;

3) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты бойынша тұрғын үй ғимаратындағы үлесі; Қазақстан Республикасынан тыс құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі;

4) бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары (базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы орындалатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда);

5) цифрлық активтер;

6) инвестициялық алтын;

7) зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері;

8)  республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген және активтері мен міндеттемелері туралы декларация ұсынылатын жылдың алдындағы 31 желтоқсанда қолданыста болған 10 000 АЕК шегіндегі сомада көрсетілетін қолма-қол ақша;

9) нотариалды куәландырылған шарт немесе міндеттеменің не талаптың туындауына  негіз болатын өзге де құжат болса,  дебиторлық немесе кредиторлық қарыз (екінші деңгейлі банктер алдындағы қарыздан басқа).

  1. Кірістер мен мүлік туралы декларация.

Активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны (250.00-нысан) тапсырған жылдан кейінгі жылдан бастап жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларация (270.00-нысан) тапсырылады, онда мыналар туралы ақпарат көрсетіледі:

  • жеке кәсіпкердің кәсіпкерлік қызметінен түсетін декларациялануға тиіс кірістерді қоспағанда, жеке тұлғаның өзі дербес салық салынуға жататын кірістері;
  • салық шегерімдері;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс мүлікті, оның ішінде өтеусіз негізде сатып алу және (немесе) иеліктен шығару;

4) республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген және есептік салық кезеңіндегі 31 желтоқсанда қолданыста болған жиынтығы 10 000 еселенген АЕК-тен асатын сомада Қазақстан Республикасының шегіндегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша

5) есептік салық кезеңіндегі 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бар жеке тұлғаның меншік құқығындағы мүлік;

6) мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге (есепке) жататын мүлік не шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге (есепке) жататын құқық және (немесе) мәміле;

7) эмитенттері Қазақстан Республикасынан тыс тіркелген бағалы қағаздар, цифрлық активтер;

8) инвестициялық алтын;

9) Қазақстан Республикасынан тыс тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлес;

10) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған банктер мен ұйымдарға қарызды қоспағанда,  нотариалды куәландырылған (расталған) міндеттемелердің немесе талаптың туындауына негіз болып табылатын шарт немесе өзге құжат болған кезде өзге адамдардың жеке тұлғаның алдындағы қарызы (дебиторлық қарыз) және (немесе) жеке тұлғаның өзге адамдар алдындағы қарызы (кредиторлық қарыз).

 

 

5-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру

 

  1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады:

1) білім беру шаралары – жұмыскерлердің жемқорлық құқық бұзушылықтардың, мүдделер қақтығысын және басқаларды болдырмау тәсілдері туралы жұмыскерлердің хабардарлығын арттыру бойынша тұрақты өткізілетін семинарлар мен тренингтерді қамтуы мүмкін;

         2) ақпараттық шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бойынша нақты нұсқаулықтар мен нұсқаулар әзірлеу және оларды жұмыскерлер арасында тарату, сондай-ақ оқыту материалдарын (бейнероликтер, таныстырылымдар және брошюралар) дайындауды қамтиды. Осы мақсатта корпоративтік таратулар, ішкі порталдар және ақпараттық стендтер пайдаланылуы мүмкін;

3) ұйымдастырушылық шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді, жемқорлықтың алдын алуға жауапты жұмыскерлерді тағайындауды, жемқорлық фактілері туралы хабарлау арналарын құруды, сатып алу, лауазымдарға тағайындау және жұмыскерлердің тиімділігін және басқа да тәуекелді салаларды бағалау рәсімдеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды интеграциялауды қамтуы мүмкін.

 

6-тарау. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың есеп берушілігі және ашықтығы

 

  1. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметі туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқықтары және осы ақпаратты мемлекеттік органдардың уақтылы әрі ашық ұсыну бойынша міндеттері белгіленген.
  2. Жұртшылықты ақпараттандыру және кері байланыс алу мақсатында Басқарманың интернет-ресурсы мен әлеуметтік медиа арналары уақтылы өзектілендіріліп отыруға тиіс.
  3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетіп жүрген (көрсеткен) адамдарды қорғау ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесінің негізгі элементі болып табылады, ол сыбайлас жемқорлық пен мүдделер қақтығысының фактілерін анықтауда маңызды рөл атқарады.
  4. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетіп жүрген (көрсеткен) адамдарды қорғау бойынша мынадай шаралары көзделген:

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы уәкілетті органдарға хабарлама түскен сәттен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетіп жүрген (көрсеткен) адамды үш жыл ішінде тәртіптік комиссияның немесе алқалы органның ұсынымдарынсыз, жұмыс берушінің немесе басшылықтың бастамасымен жұмыстан босатуға, басқа лауазымға ауыстыруға немесе тәртіптік жауаптылыққа тартуға болмайды;    

2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетіп жүрген (көрсеткен) адамнан көрсетілген кезең ішінде оның еңбек құқықтарының бұзылуы туралы өтініш келіп түскен жағдайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган тексеру жүргізеді және қорытындыны еңбек немесе прокуратура органдарына жібереді;

3) еңбек даулары келісу комиссиясының немесе ұйымның шеңберінде құрылған тәртіптік алқа органының отырысында қаралады, оның отырысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган өкілінің қатысуы міндетті; 

4) алқалы орган сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетіп жүрген (көрсеткен) адамдар құқықтарының ықтимал бұзылуымен байланысты істің мән-жайларын жан-жақты және объективті қарауға және өтінім түскен күннен бастап, күнтізбелік отыз күн ішінде шешім қабылдауға міндетті. Алқалы орган отырысы хаттамасының шешіммен бірге үш жұмыс күні ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі. Шешімге алқалы органның отырысына қатысқан барлық мүшесі қол қояды;

5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға көрсетіп жүрген (көрсеткен) адам тәртіптік комиссияның немесе алқалы органның шешімімен келіспеген жағдайда, ол сотқа немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға шешімді қайта қарау үшін жүгінуге құқылы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган құқық бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, тиісті еңбек немесе прокуратура органдарына істі одан әрі қарау үшін тиісті хабарлама жібереді;

6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға көрсетіп жүрген (көрсеткен) адамдардың жеке басы мен хабарламасы мазмұнының толық құпиялылығы кепілдендіріледі. Осыған байланысты оның және мемлекеттік орган басшылығы не сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган арасында ақпаратты жарияламау туралы келісім жасалады;

Бұл ретте алқалы органдардың басшылары мен мүшелерін қоса алғанда, процеске қатысатын тараптар ақпараттың құпиялылығын сақтауға міндетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетіп жүрген (көрсеткен) адам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты тергеудің кез келген кезеңінде ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасу процесіне бастама жасауға құқылы;

7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетіп жүрген (көрсеткен) адамның еңбек даулары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган өкілдерінің қатысуымен келісу комиссияларының отырыстарында қаралады. Қабылданған шешімнен кейін үш жұмыс күні ішінде отырыс хаттамасының көшірмесі уәкілетті органға орындауды бақылау үшін жіберіледі.

  1. Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетіп жүрген (көрсеткен) адамдар құқылы:

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы олардың хабарламаларын қараудың барысы мен нәтижелері туралы ақпарат алуға;

2) егер олар уәкілетті органдардың шешімдері мен іс-әрекеттерін негізсіз және олардың құқықтарын бұзады деп санаса, оларға шағымдануға;

3) уәкілетті органдармен өзара іс-қимылдың кез келген кезеңінде ақпаратты жарияламау туралы келісім жасасуды талап етуге;

4) сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған сәттен бастап үш жыл ішінде уәкілетті органдарға тәртіптік шаралар немесе еңбек бұзушылықтары жағдайында, егер бұл сұрақтар бұрын келісу комиссиясында қаралмаса, өзінің құқықтарын қорғау үшін жүгінуге. Уәкілетті органдар осындай өтініштерді күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей қарауға және олардың құқықтарын қорғау бойынша ұсынымдар беруге міндетті.

 

 

7-тарау. Персоналды басқару процестерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

 

  1. 28. Кадрларды іріктеу және ілгерілетудің айқын және объективті процестері кәсіби және тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады.
  2. 29. Мемлекеттік әкімшілік лауазымдардың «Б» корпусына орналасу конкурстарын «Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығымен көзделген интеграцияланған «e-Qyzmet» ақпараттық жүйесі арқылы өткізу ұсынылады.

Конкурс туралы хабарландыруларда жұмысқа қабылдау процесіне байланысты бұзушылықтар туралы хабарлау үшін байланыс мәліметтерін көрсету қажет.

 

8-тарау. Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

  1. Мемлекеттік сатып алу сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары аймақ болып табылады және тәуекелдер картасына енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудағы тәуекелдер бюджетке, сатып алу тәсіліне, сатып алуға қатысты рәсімдердің нақты реттелмеуіне және басқа факторларға байланысты бағалануы мүмкін.
  2. Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықты төмендетуге ықпал ететін негізгі факторлар сатып алумен айналысатын жұмыскерлердің кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттыру, сатып алу рәсімдерін стандарттау, мемлекеттік сатып алудың тиімділігі мен айқындылығын бағалау бойынша нақты басты көрсеткіштерді айқындау, мемлекеттік сатып алу процесіне қоғамдық бақылауды тарту болып табылады.

Мемлекеттік сатып алуды жоспарлау және жүзеге асыру кезінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабында белгіленген, атап айтқанда:

1) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын қаражатты, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасы мен сапасының арақатынасын қамтамасыз ету арқылы оңтайлы және тиімді жұмсау;

2) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген жағдайларды қоспағанда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;

4) мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы;

5) қазақстандық тауар өндірушілерге, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілерге Қазақстан Республикасында ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада  қолдау көрсету;

6) мемлекеттік сатып алу субъектілерінің жауапкершілігі;

7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға және мүдделер қақтығысына жол бермеу;

8) орнықты мемлекеттік сатып алуды дамыту қағидаттарын басшылыққа алу қажет.

  1. Жеке мүдделерді ілгерілету мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында мемлекеттік сатып алуларды бәсекелестік тәсілдермен (конкурс, аукцион, баға ұсыныстарын сұрату, электрондық дүкен арқылы) жүргізу ұсынылады.

Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алуды төтенше және ерекше жағдайларда ғана жүзеге асыру қажет.

  1. Тәуекел деңгейі жоғары топқа жатқызылатын сатып алулар бойынша тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қабылдауды жүзеге асыру кезінде «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қоғамдық мониторингті жүзеге асыру үшін қоғамдық бақылау субъектілері тартылуы мүмкін. 

 

смм

Дата публикации
22 сентября 2026
Дата обновления
22 сентября 2026
Тип
Қоғамдық пікір

Сейчас читают

Қоғамдық пікір
22 сентября 2026
«Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» ММ сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты
12 января 2024
Азаматтарды қабылдау орталығы
11 января 2024
«Азаматтарды қабылдауға» өтініш беру (жазылу) жөніндегі өтініш беруші үшін қысқаша нұсқаулық

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы