"Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу қағидалары

Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 152 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 13.11.2020 № 447 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1.Осы "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 10-тармағына сәйкес әзірленді және "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 31.12.2022 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

2."Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген жағдайлардан бөлек, мемлекеттік лауазымға ауысу тәртібімен орналасу:

      1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары аппараттарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, сондай-ақ осы мемлекеттік органдардан басқа мемлекеттік органдарға;

      1-1) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары аппараттарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының мемлекеттік саяси лауазымдарынан "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына;

      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік органдардың ішінде;

      3) мемлекеттік органның ішінде бір санаттағы лауазымға;

      4) мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл келесі төмен тұрған санаттағы лауазымды атқарған жағдайда мемлекеттік органның ішінде жоғары тұрған санаттағы лауазымға;

      5) мемлекеттік органның ішінде "Б" корпусы қызметшісінің қызметін бағалау нәтижесінің мәні қатарынан төрт тоқсан бойы "функционалдық міндеттерді тиімді орындайды" болған кезде келесі жоғары тұрған санаттағы лауазымға жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.06.2023 № 239 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 31.07.2024 № 612 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

3.Мемлекеттік қызметшіде қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде, оның "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасуына жол берiлмейдi.

4.Мемлекеттік қызметшіні ротациялау жүзеге асырылған оның бұрынғы лауазымына ауысу тәртібімен тағайындауға ол басқа мемлекеттік лауазымға ротацияланған күннен бастап бір жыл ішінде жол берілмейді.

      Ескерту. Қағида 4-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 03.09.2021 № 651 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

Дата публикации
05 сентября 2025