Көкшетауға ПТР тест қорытындысынсыз кіруге тыйым салынады

Ақмола облысында карантин шараларын қатаңдату туралы жаңа қаулыға қол қойылды. Көкшетау коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдардың күрт көбеюiне байланысты «Сары аймақ» қатарына кiрдi. Оған сәйкес карантин аймағына коронавирус iндетiнiң ПТР тестiнсiз кiруге рұқсат етiлмейдi. Бұл туралы өңiрлiк коммуникациялар қызметiнде өткен брифинг барысында облыстың бас санитар дәрiгерi Айнагүл Мусина мәлiм еттi.

Жаңа қаулы ережелерiне сәйкес Көкшетау қаласы, Красный Яр селосы, Чайкино және Станционный кентiнде кешкi 21:00-ден таңғы алтыға дейiн жүруге, ал түнгi 23:00-ден таңғы алтыға дейiн автокөлiктердiң жүруiне тыйым салынды. Отбасылық шараларды өткiзуге, қоғамдық тамақтану нысандарында бұқаралық iсшаралар ұйымдастыруға және баруға тыйым салынды.

65 жастан асқан адамдарға алғашқы қажеттi азық-түлiк пен дәрi-дәрмек алу яки шұғыл жағдаймен медицина мекемеге барудан басқа жағдайда үйден шықпау ұсынылды.

Ал жерлеу рәсiмiнде отбасы мүшелерiнен 30 адамнан аспайтын ғана адам жиналуына рұқсат етiлдi.

Барлық көңiл көтеру орындары (караоке, түнгi клубтар, аттракциондар, балалар ойын алаңдары компьютерлiк клубтар т.б) жұмыстарына тыйым салынады.

Коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдардың еселеп көбеюiне байланысты бiз «сары аймаққа» кiрдiк. Әсiресе, соңғы мәлiметтер бойынша Көкшетау, Бурабай, Степногорск және Бiржан сал аудандарында iндетке шалдыққандар күрт артқан. Ендi Ақмола облысының аумағына ПТР тест қорытындысынсыз өткiзiлмейдi. ПТР тест 9 мың теңге тұрады және ол тек үш күнге ғана жарамды, — дейдi облыстың бас санитар дәрiгерi Айнагүл Мусина.

Сондай-ақ, қаулыға сәйкес ашық аспан астындағы аттракциондардың жұмысына, мәдениет нысандарына, театр және кинотеатр қызметiне тыйым салынды. Азық-түлiк дүкендерi таңғы 09:00-ден кешкi 20:00-ге дейiн жұмыс iстемек. Ал 500 шаршы метрден аспайтын азық-түлiк сатпайтын сауда орындары таңғы 10:00-ден кешкi 19:00- ге дейiн сенбi кешкi 17:00-ге дейiн жұмысын жалғастырады.

Қоғамдық тамақтану нысандарына 50 пайыздық қуатпен тек 30 орынға ғана жұмыс жасауға рұқсат етiлмек. Ал демалыс және мереке күндерi тек жеткiзудi жүзеге асыратын нысандардың қызмет етедi.

Қоғамдық көлiктерге жұмыс уақытын таңғы 07:00-ден кешкi 20:00-ге дейiн, сенбi күндерi таңғы сегiзден 10:00-ге дейiн және кешкi 17:00-ден 20:00-ге дейiн жұмыс iстейдi. Шаштараз, сән салондары алдын ала жазылу тәртiбi бойынша таңғы 08.00-ден кешкi 19:00-ге дейiн, монша және сауналар таңғы 08:00-ден кешкi 19:00-ге дейiн жұмысына рұқсат берiлдi.

Қаулы 13 қараша күнi түнгi 00:00-ден бастап күшiне енбек.

Дата публикации
13 ноября 2020