БЖЗҚ: қазақстандықтардың зейнетақы жарналары 30 пайызға жуық өстi

БЖЗҚ-ның 2022 жылдың 1 ақпанындағы негiзгi көрсеткiштерi

2022 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша, Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 13,1 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. Зейнетақы жинақтарының негiзгi бөлiгi мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебiнен 12,7 трлн теңгенi құрады. Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары 367,8 млрд теңге, ерiктi зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлемi шамамен 1,7 млрд теңге.

2022 жылдың бiрiншi айында БЖЗҚ салымшылары былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 30% дерлiк көп қаражат салған. 2022 жылдың 1 ақпанына қарай, салымшылардың шоттарына шамамен 114,9 млрд теңге көлемiнде зейнетақы жарналары түстi, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңiндегi көрсеткiштен 26,1 млрд теңгеге артық. Жарналардың жалпы көлемiнiң 93,3% БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсiмдер құрайды — 107,2 млрд теңге (өсiм 29%), МКЗЖ бойынша 7,6 млрд теңге (өсiм 28%) түстi, ЕЗЖ бойынша 72 млн теңге (өсiм 149%) аударылды. Сонымен қатар, бiр айда таза инвестициялық табыс 10,6 млрд теңге болды.

2022 жылдың 1 ақпанына қарай, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,7 млн бiрлiкке жеттi. Шоттардың ең көп мөлшерi мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебiнен ашылды — 10 865 718 бiрлiк. Одан әрi МКЗЖ-нан қалыптасқан шоттар — 550 405 бiрлiк, БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебiнен қалыптасқан шоттар саны қазiр 63 471 бiрлiк.

Жыл басынан берi БЖЗҚ өз салымшыларына 113,2 млрд теңге төледi, оның басым бөлiгiн тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсаттарына арналған бiржолғы зейнетақы төлемдерi (БЗТ) құрайды — 97,0 млрд теңге. Жасына байланысты төлемдер — 6,6 млрд теңге, мұрагерлiк бойынша төлемдер — 3,8 млрд теңге, ҚР шегiнен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер — 3,5 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 1,6 млрд теңге, жерлеуге арналған төлемдер — 0,4 млрд теңге және мүгедектiк бойынша төлемдер — 0,2 млрд теңгенi құрады.

Атап кету керек, БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем (зейнет жасына толуына байланысты) 29 200 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем 548 741 теңге болды.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
25 февраля 2022